Рақымшылық туралы заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық үшін сотталған бұрынғы ҚР Премьер-министрі Серік Ахметовтің жазасын өтеу мерзімі 1 жыл 7 ай 11 күнге қысқартылды. Бұл туралы Абай аудандық сотының судьясы Ардақ Жұмашев хабарлады, — деп жазады juldyz.kz.
Жаза өтеу мерзімінің қысқартылуы «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық» туралы заң аясында жүзеге асқан.
«Қарағанды облысы Қарабас ауылындағы АК 159/18 мекемесінде соттың көшпелі отырысы өтті. Онда «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық туралы» ҚР заңына сәйкес Серік Ахметовтің өтелмеген жаза мерзімінің ¼ бөлігін қысқарту туралы өтінішхат қаралды. Сот сотталушының өтінішхатын қанағаттандырды», — деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қаулыға сәйкес, Ахметовтің жаза өтеу мерзімі рақымшылық туралы заң күшіне енген сәттен бастап, 1 жыл 7 ай 11 күнге қысқарды. Сот қаулысы заңдық күшіне енген жоқ және апелляциялық инстанцияға шағым түсіруге болады. Еске сала кетсек, 2015 жылы желтоқсан айында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы премьер-министр С. Ахметов пен басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты іс бойынша үкім шығарды. Аталмыш іс бойынша 7 түрлі эпизодқа сәйкес барлығы 21 адам айыпталған болатын. Сот талқылауы 2015 жылғы 10 тамызда басталып, төрт айға созылды. Сот тергеуі мен сот жарыссөздері 2015 жылғы 9 желтоқсанда аяқталды. Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық соты 2016 жылдың 14 наурызында жемқорлық қылмыстық іске қатысты сотты болған 11 адамның жазасын жеңілдетті. Соның ішінде Серік Ахметовтің жазасы 10 жылдан 8 жылға дейін азайтылды.