Болашақ өмірге деген сенімі таңғалдыратын
…Кішкентайынан еншісіне елден ерекше тағдыр бұйырған Тұрарға мен жеті жыл серік болдым. …Тұрармен бірге жүрген жылдар ақыры менің өмірімнің ең бір тамаша кезеңі, адам баласы дүниеге келген сәттен-ақ жар салып іздеп келер бақыт дейтін құсты басыма қонақтатқан жылдар болды. Былайғы өмірімде небір қиын-қыстау күндер кездесті. Соларды жеңіп шыға алғаным ғайыптан жолыққан керемет адамның жүрек сәулесінен қалған жылудың арқасы шығар деп ойлаймын.
…Тұрар көпшіл, адал, мейірімді, еңбекқор, өзінен гөрі өзгенің қажет-мұқтажын көбірек ойлайтын жан еді. Москвада тұрған жылдары күйеуі қайтыс болған қарындасы Түйметайды бес баласымен елден көшіріп алдық. Рабфакқа оқуға келген Оразбай дейтін немере інісі де төрт баламен көшіп келді. Тағы бір жетім қалған ағайындарын алдырып, балалар үйіне орналастырды. Менің шешем, інім біраз жыл қолымызда болды.
…Демалыс күндері бар баланы жиып алып дачаға барамыз. Циркке, паркке апарып қыдыртамыз.
…Үйіміз қонақтан арылмайтын. Елден келгені бар, араласатын дос-жаран бар дегендей. Алматыдан әртүрлі кеңес, жиындарға келген жерлестер бізге соқпай кетпейтін. Халқымыздың М.Әуезов, С.Мұқанов, О.Жандосов, С.Асфендиаров сынды ұлдары қолымыздан дәм татты. …Толып жатқан қауырт істің басында жүрсе де, жұрттың жағдайына көңіл бөлуге қай кезде де Тұрар уақыт табатын. 1932 жылы жаппай отырықшылыққа көшу кезінде асыра сілтеушіліктің зардабынан Қазақстанда үлкен аштық болды. Сол кездері Тұрардың бармаған, жазбаған жері жоқ. Қатты күйзеліп жүрді.
Болашақ өмірге деген сенімі адамды таңғалдыратын. «Әзтай, біз керемет өмірге енді қадам бастық. Келер күндер тіпті ғажап болмақ. Сол күндерге аман жету керек. Мен 115 жасқа келем» дейтін. Темекі шекпейтін, ішімдіктің де тек ырымын жасайды. Бильярд ойнайтын, жаяу жүргенді ұнататын. Москвада өтіп жатқан спектакльдерден қалмайтынбыз. Операға барсақ та, балет көрсек те жүріп жатқан спектакль туралы, уақиға өткен дәуір жайлы, ойнаған актерлер, композитор жайлы маған үнемі түсіндіріп айтып отыратын. Сонда осының бәрін қайдан біледі, оқып-үйренуге уақытты қайдан табады деп таңғалатынмын. Жүрген жерінде сыйлы еді. Бір жерге бара қалсақ «Рысқұлов келді» деп араласып жүрген адамдары қуанысып жататын.
…Тұрардың бір қасиеті – керемет әңгімешіл еді. Қазақтардың тұрмыс-салт, әдет-ғұрпы жайлы білгісі келгендерге Орта Азия халықтарының, қазақтардың Октябрь революциясына дейінгі ауыр тірлігін, социалистік құрылыс әкелген ұлы өзгерістерді айтқан үстіне айта түсуден жалықпайтын. …Тұрар ресми қонақтықтан гөрі еркіндеу, демалып отыратын ортаға барғанды көбірек қалаушы еді. Асыл зат, әшекейлі дүние жинамасақ та өміріміз жаман болған жоқ. Қарапайым, қатардағы адамдарша тұратынбыз. Кейде қызметке Тұрарға келген машинамен барудың реті келіп қалса, анадайдан ешкім көрмейтін жерден түсіріп кететін. Тұрардың сағат 3 кезінде 15 минут тынығып алатын әдеті болатын. Ауырған кезі есімде жоқ. Балаларының, менің денсаулығыма да қатты көңіл бөлетін.
…Біздің өміріміздегі, жас ғұмырымызды, ынтық жүрегімізді қарс айырған қара күннің таңы атып қалған кезде Тұрар да, мен де ояу едік. Кисловодскіде демалыста жүрген кезіміз. Таңға жақын Тұрар ерте оянып: «Тамаққа дейін жаяу қыдырып келейін», – деді. Күнара он екі шақырым жер жаяу жүріп қайтушы еді. Жазу үстелінің үсті қобыраған қағаз. Демала жүріп, «Қазақстан тарихының» екінші басылымын баспаға әзірлеп жатқан.
Бір кезде есік қағылды. Бөлмеге үш адам келіп, шашылып жатқан қағаздың әр данасына: «Сіздікі екенін растап, қолыңызды қойыңыз, өзіңіз бізбен жүресіз», – деді. Тұрардың ойында ештеңе жоқ. Үйден шығарда ғана не болғанын білді. Және маған: «Ертең қайт, сен барғанша мен де жетіп қаламын», – деді. Сол кеткеннен оны қайтып көрген жоқпын…
(Ә.Рысқұлованың «Ғұмырнамалық роман» атты естелігінен ықшамдалып алынды)