Шымкентте ең өтімді АИ-92 бензин бағасы тағы қымбаттады. Бақандай 6 теңгеге өскен бензиннің бұл түрін жүргізушілер енді 139 теңгеден сатып алатын болады, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жанар-жағар май» қауымдастығы ОҚО өкілдігінің жетекшісі Қайыпбек Қамбаровтың сөзінше, оңтүстіктегі жанармай жеткізушілер сауда-саттықта әділеттілік орнатуға бар күшін салып келеді. Алайда жанармай сатушыларды тұтынушылар бақылай алмайды. «Есеп жүргізуде ашықтық болмаған соң, жанармай ұсынушы мен сатушы тарап ымыраласып кетіп жатады», — дейді ол.

Ал ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Асқар Жалдиновтың пікірі тіпті басқа. Қазақстан нарығының 30 пайызы ресейлік жанармайға тәуелді. Жаңа жылға дейінгі Ресей рублінің бағамы 5 теңге мен 5,1 теңгені құраса, қазір 5,6 теңгеге көтерілген. Тиісінше, сырттан кіргізілетін импорт бағасы да өскен. Себебі екі елдің бағасы әліге дейін екітүрлі. Қаңтар айында Ресейдегі баға 198 теңгені құраса, Қазақстанда 92 бензинінің орта бағамы 133 теңге 45 тиынды құрап отыр.

 

1 пікір

Пікір қосу