2017 жылдың 25 қаңтарында Астанада 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада Алауы тұтатылмақ. Осыған орай Қазақстанның 16 қаласындағы алау эстафетасына қатысатын тұлғалардың есімі анықталды, — деп хабарлайды juldyz.kz порталы thenews.kz-ке сілтеме жасап.
1000 алау көтерушінің 70 пайызын ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер құрап отыр.
Сондай-ақ, спорт пен қоғамдық өмірде еңбек сіңіріп жүрген Қазақстанның ең белсенді азаматтары да осы іс-шараға қатысады. Атап айтқанда, грек-рим күресінің 1980 жылғы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов, 1988 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Тұрлыханов, бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, жүзуден 2016 жылғы олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Абу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева, т.б.көптеген спортшылар бар.
Айта кетейік, 29 қаңтарда Универсиада-2017 іс-шарасының ресми ашылуы салтанаты болады. Алауды тұтату рәсімі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтеді.