Қазақстандық боксшы, еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің екі дүркін чемпионы әрі Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Атлеттер ауылының мэрі болып тағайындалды, — қысқы Универсиада-2017 ұйымдастыру және өткізу дирекциясына сілтеме жасапTengrinews.kz хабарлайды.
Атлеттер ауылында Бүкіләлемдік Универсиада 2017 ойындарына қатысушы шет елдік делегация мен еріктілер қоныстанады.
Атлеттер ауылы халықаралық студенттер ойындары ұйымдастырылып келе жатқалы бері Олимпиада ауылдарына ұқсас болып бірінші рет салынды. Атлеттер ауылының мэрі келген делегаттарды күтіп алу, ашылу салтанатына қатысу және ту көтеру салтанатында жүру қызметтерін орындайды. Алайда ресми шаралармен қатар, мэрдің басқа да жүйелі міндеттері болады, олардың бастыларының бірі — спортшылар мен басқа да қонақтарға көмектесу. Олардың ыңғайлы тұрып, жақсы демалуына барлық қажетті дүниелерді жасау мэрдің мойнында. Негізінен Олимпиада ауылының мэрі қызметіне белгілі спортшылар мен чемпиондар тағайындалады. Атлеттер ауылының қызметкерлері шет елдің спортшылары өздерін өз үйінде жүргендей сезінуі үшін барлық жағдайды жасайды.
«Атлеттер ауылының мэрі болу мен үшін — үлкен құрмет әрі жауапты міндет. Жақын арада Универсиадаға қатысу үшін спортшылар ағылады. Олар жарысу үшін, кімнің мықты екенін дәлелдеу үшін келеді. Атлеттер ауылында оларды жаңа таныстар, достар күтетін болады. Біз, өзіміздің Атлеттер ауылы спортшылардың есінде әлемдік түрлі мәдениет пен ұлттардың достығы болған мекен ретінде есінде қалуын қалаймыз», — деді Серік Сәпиев.
Атлеттер ауылына 3 мыңнан аса адам келеді деп күтіледі. Атлеттермен қатар, Универисаданың Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және басқа да елдерінен келетін 100-ге жуық еріктілері де атлеттер ауылында тұрады. Атлеттер ауылы, бас жоспарға сәйкес, 5 мың адамға арналған. Атлеттер ауылы 2017 жылдың 24 қаңтарында салатанатты түрде ашылады.