Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев тұтқындалды, деп хабарлайды juldyz.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып.
Қалалық соттың хабарлауынша, экс-министр екі ай мерзімге тұтқындалған.
«12 қаңтар күні Астана қ. Алматы ауданының №2 аудандық соты Қуандық Бишімбаевқа қатысты «тұтқындау» бұлтартпау шарасын тағайындады. Бишімбаев топтармен алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алды деп айыпталуда. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда», — делінген хабарламада.
Тергеушілердің тұжырымынша, заңсыз түрде алынған ақшалай қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жұмсаған.
«Министр Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» холдингіндегі қызметіне қатысты туындаған мәселелерге байланысты орнынан босады. Қазіргі сәтте оған қатысты тергеу шаралары жүріп жатыр», — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетсек, Қуандық Бишімбаевтың орнына Қазақстан Республикасының жаңа Ұлттық экономика министрі болып Тимур Сүлейменов тағайындалды.