– Жұбайыңыз Кәмәси аға қандай адам еді?

– Жолдасым, республикаға еңбегі сіңген әртіс Кәмәси Өмірзақов туралы өнерсүйер қауым бұдан бұрын да жақсы білсе керек. Бойындағы дарыны көл-көсір дариядай, бірақ онысын көп шаша бермейтін бітімі бөлек жан еді. Біз алдын ала дайындалып, айтатын сөзімізді сан мәрте қайталап, жаттап, жанталасып жатқанда ол у-дуға араласпай, өзімен-өзі тып-тыныш тұратын. Ал сахнаға шыққанда, қай уақытта жаттап үлгергенін білмейсің, қағазға қарау немесе тоқтап қалу деген онда жоқ. Сөзінің бәрін жанынан шығарып тұрғандай іштен, көмейден табиғи қалыпта шығаратын. Сөйтсем, түнімен толғанып, образын күні бұрын тас түйін пісіріп, өзіне сеніп шығады екен. Жеңгелері еркелетіп «Комиссия» деп атаған. Шын аты Хамедияр болатын. Әйел деген атым болмаса, мен не базар, не дүкен дегенді білген емеспін. Таңертең тұрып пешті жағатын – ол, базарға барып нан-сүт әкелетін – ол. Шайды қойып қояды, сосын барып мені оятады. Ондай еркек жоқ деуге болмайды, қазіргі күні еркектердің көбі сондай болып кетті ғой. Алайда менің жолдасымның әйел-балаға деген қамқорлығы ерекше-тұғын. Менің білетінім тек кино мен театр, радио жұмыстары болатын. Үйдегі барлық ауыртпалықты күйеуім көтерді. Содан да мен еркін жүріп-тұрдым, еркін жұмыс істедім. Әйелін алақанына салып аялаған екі адам болса, соның бірі менің жолдасым болды. Өзінің алып бара жатқан түрі де, асып кеткен білімі де болған жоқ. Бірақ адамшылығы керемет еді.

– Сіздің атағыңыз болды, ортаңыз болды. Күйеуіңіз қайтқаннан кейін сөз айтқан адамдар да кездескен болар? Сөйте тұра, неге екінші қайтара тұрмысқа шықпадыңыз?

– Үш баламды ешкімнің көзіне түрткі қылғым келмеді. Тағдырыма жазылған  соң бәріне көндім. Қазақ әйелдерінің көпшілігінің басындағы қайғы. «Қыз қияға, ұл ұяға қоныстанады, түбінде сен жалғыз қаласың ғой, өзіңді неге ойламайсың?» деген ақылшыларға «былжырамаңдаршы» дейтінмін. Әрине, жолдасым қайтқан соң қиыншылыққа бір емес, бірнеше рет кездестім. Бірақ адам баласының басынан не өтпеген? Көрінген көк аттының жетегінде кете беру шарт емес. Перзент алдында аналық парызды өтеу керек. Жалпы, қазақ әйелдерінің екі рет тұрмысқа шыққанына қарсымын. Әрине, табиғатқа қарсы тұруға болмайды, әлен, пәлен деп жатады ғой. Меніңше, нағыз ана боламын десең, сүйген жарымнан көрген баламды адам қыламын десең, өзіңе-өзің берік болуың керек. Әйтпесе сөз айтушылардан кенде болған жоқпыз. Әлі есімде, телефон шылдырласа бітті, қызым есіктің артына тығылып алып аңдып тұратын: «Кім екен звондаған, еркек пе, әйел ме?» деп. Соның өзі маған қызық көрінетін.

«КҮЙЕУІМ КІР ЖУҒЫЗБАЙТЫН»
Жолдасым Кәмәси жайлы айта бергім келеді. Өте жақсы адам еді. Мені сыртымнан ұнатып, аңдып жүреді екен. Бір күні қолына түсірді. Ол барда ақша ұстап, базар аралап көрген әйел емес едім. Әйтеуір, тамақ жасай білетінмін. Кір жуып жатсам, «былай тұр» деп өзі кірісіп кететін. Отағасымның кір жайып жүргенін көрген көршілеріміз мені көрсетіп, «неткен ерке қатын!» дейтін. Менің біресе театрға, біресе радиоға, біресе киноға жүгіріп жүргенімді көріп, күйеуімнің маған жаны ашитын көрінеді. Бірақ өмірі ұзақ болмады. Ең жанымның қиналғаны, ауырмай-сырқамай бұл дүниеден өтіп кеткені еді. Екі ұл, бір қызды тәрбиелеп жалғыз қалдым. Ол кісі елден ерекше болатын. Сондықтан да қалған өмірімде ешкімнің етегінен ұстамадым.
(Ә.Өмірзақованың сұхбатынан. «Ана тілі» газеті. №13, 2003)

– Мұны қазақ әйелінің аналық махаббатының күштілігі деп түсіну керек пе? Сонда ол үшін басқа махаббаттың жоқ болғаны ғой?

– Махаббатсыз өмір жоқ, әкем… Сүйесің. Аналық махаббат өз алдына, қазақ әйелінің жарға деген махаббаты да ерекше болады. Бірақ ол қазіргілердей шылпылдатып сүйісіп жатпайды. Барлық сезімін жүрегінде сақтайды. Менің өмір бойы осылай қалғаным да, бәлкім, жолдасымның жақсылығынан шығар. Өзімізді-өзіміз мақтамайық, бірақ қазақ әйелдері қайратты. Мәселен, өнер жолындағы әйелдерге келетін болсақ, киносына да түсіп жатыр, әнін айтып, сахнадағы рөлдерін де сомдап жатқан сол әйелдер. Әйтеуір, бәріне де үлгеріп жатқаны. Жалпы, әйелдер өте төзімді, шыдамды келеді ғой. Қолынан іс те келеді. Бірақ бір айта кететіні, оған ақыл мен сана керек. Бізде бір жақсы сөз бар, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Ал тәрбие басы тектен басталады.

Бес-алтыдан баласы бар, жары, ата-енесі, оған жора-жолдасты қосыңыз, соның бәрінің қас-қабағына қарау тек әйелдің пешенесіне ғана жазылғандай. Шыдамдылық, бейнет – тек әйел адамдарға ғана тән қасиет. Сондықтан мен әйелдерді ерекше құрметтеймін.

– Қалай болғанда да, сіз бәрін күлкіңізбен жеңіп, қайраттылық, ұстамдылық танытып жүрсіз ғой. Ондай қасиет адамға қайдан келеді?

– Өзіңнен, өзіңнің ішкі байламыңнан. Мәселен, мен жолдасыма сеніп кеткем ғой. Ол қайтыс болып, үш баламен қалған кезімде алғашында қатты басылып жүрдім. Бұрынғыдай сақылдап күлу, жайнап киіну жоқ. Бір күні театрға келсем, бір актриса: «Әй, мына Әминаға не болып кеткен?» – деді. Сол маған құдды біреу пышақ сұғып алғандай әсер етті. Содан ­бастап өз-өзімді қолға алдым.

 

 (Ә.Өмірзақованың әр жылдары басылымдарға берген сұхбаттары бойынша дайындалды. Толық нұсқасы «АҢЫЗ АДАМ» журналының №5 (41) Наурыз 2012 жылғы санында)

Дайындағандар Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ, Дарын СЕКЕР

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материалды қысқартып өзгертуге, арасынан сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу