«Жігіт сұлтаны» байқауының финалисі, «Раушан гүлдей», «Қасымда бол, айым», «Нәзігім-еркем» сынды жүрек қылын шертер әндердің орындаушысы, театр сүйер қауымның сүйікті актері Әсет Есжанның сырлы сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

—  Сұхбатымыздың алғашқы сауалын туып-өскен жеріңізден бастасақ…

— Алматы облысы, Шонжы ауылында 1990 жылы 17 қарашада дүниеге келдім. Үйдің ортаншысымын. Өзімнен үлкен ағам және кіші қарындасым бар.

— Ағаңыз Мұрат Есжан  белгілі журналист, ақын. Сіздің бойыңызда да жігітке тəн жеті өнер табылады. Осындай азаматтарды тəрбилеп өсірген ата-анаңыз жайлы кеңінен айтып өтсеңіз…

— Әкемнің де, анамның да өнерге ешқандай қатысы жоқ. Әкем –  Есжан Нұрәкім Есенбайұлы жастайынан ауылдық әкімшілікте қызмет атқарып келеді. Негізі мен атамның әкесінің тегіндемін. Өз атам Есенбай елге белгілі ақын, әнші болған кісі екен. Баяғының сал-серілерінше айлап, аттан түспей серілетіп кетеді екен. Ол кісі ертеректе дүниеден озып кетті. Көзін көрген жоқпыз. Бәлкім, сол кісіден дарыған бір қасиет шығар.  Бала күнімнен көз алдымда қалған бір көрініс бар: әкем үйдегі қара домбыраны жиі қолына алып, дыңғырлатып отыратын. Соған қарағанда, әкем де өнерден алыс болмаған сыңайлы. Ал анам біз ес білгелі химия және биология пәндеріненен оқушыларға  білім беріп келе жатқан ұлағатты ұстаз.
—  Актер болу – бала күнгі арманыңыз ба?

— Жалпы, өнер адам болу – бала кезгі арманым болатын. Бірақ, оның ішінде нақты актер боламын деп ойлаған жоқпын. Кішкентай кезімнен ән айтып өстім. Мектеп қабырғасында жүргенде әр түрлі аудандық, облыстық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Сол үшін де менде әнші болсам деген ой басым болды. Оның үстіне, біздің ауылға театр деген ұғым кішкене алыстау еді. Кішкентайымыздан «Тамаша», «Бауыржан-шоу» сияқты әзіл-ысқақ театрларын көріп өскен соң, актер деген ұғым сол шеңберде ғана қалыптасқан шығар мүмкін, актер болуға аса бір қызығушылығым болмапты. 7-сыныпты бітіргеннен кейін мені Алматыдағы Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға алып келді.  9-сыныпта оқып жүрген кезімде мектебімізде бір мерекеге орай көрініс қойған болатынбыз. Қонақ болып келген Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ұстазы – Шаяхмет Имашев деген кісі академияның колледжі бар екенін айтып, нұсқау беріп кетті. Неге тапсырып көрмеске деген оймен барып, өнерде жүрген көптеген талантты жандардың ұстазы болған Есім Сегізбаевтың шәкірті болып шыға келдім. Колледжді аяқтағаннан кейін академияға түсіп, ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасында дәріс алдым.

— Сахна адамына керек ең басты үш қасиетті атап өтсеңіз… 

— Талант, талап, еңбек деп ойлаймын.
— Театр адамы — үнемі ізденісте жүрсе ғана, бір жетістікке жетеді десем, қателеспейтін шығармын. Біліміңізді толықтырып отыру жағы қалай?

— Өте дұрыс айтасыз. Өзімнің театрға келгеніме бесінші жылға таяп келе жатыр. Осы уақыт аралығында аузымды толтырып айтатындай жақсы рөлдер бұйырды. Ол рөлдердің қаншалықты сәтті шыққанын әріптестерім, көрермендер айтар. Барынша бір рөлімді екіншісіне ұқсатпауға тырысамын. Рөлді алған соң, ұстаздарымнан алған білімді пайдаланып, берген бағыт-бағдары бойынша барынша ізденемін. Шәкірт тәрбиелеудің бір жақсы жағы соларға үйрету арқылы өзің де көптеген дүниелерді үйренеді екенсің. Соларға беретін білімді  іздену арқылы, өзіме керек көп дүниелермен таныстым, кезінде оқымаған кейбір кітаптарды оқып, өзім үшін жұмбақ болған дүниелерді кездестірдім. Кез келген рөлді сомдар алдында оның характерін ашу үшін ізденесің, оқисың. Мен барынша сондай кездерде шет елдің, Ресейдің киноларын, қойылымдарын тамашалаймын. Өзіміздің Лермонтов атындағы орыс драма театрының, Н.Сац атындағы балалар театрының қойылымдарын тамашалап, ол жақтағы әріптестеріміздің ізденістерін байқаймын. Керегін алуға тырысамын. Соның өзі рөліңді сәтті алып шығуға үлкен үлес қосады.

— 70 жылдық тарихы бар театрдың актерысыз. Академиялық театр сахнасында ойнау кез келгенге бұйыра бермейтін бақ. Бағыңызды бағалай алып жүрсіз бе?

— Иә, дұрыс айтасыз. Оқуды аяқтар тұста бәрімізде бітірген соң қайда барам деген күмәнді ой болады. 7 жыл актерлық білімді оқыған соң, ондай сұрақтар мені қатты мазалайтын. Еліміздегі белді екі театрдың біріне ілінер ме екенбіз деген оймен жүретінбіз. Біраз актерлар диплом алған соң Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына келіп, іріктеуге қатыстық. Солардың ішінен 5-6 актерларды таңдап, жұмысқа қабылдады. Алланың қалауымен, солардың ішінде мен де болдым. Шүкір. Бұл мен үшін өте үлкен қуаныш болды. Төбем көкке бір елі жетпей қалды десем де болады. Ұздаздығым бар, өзіңіз білесіз, соңғы бір жылда әншілікке бет бұрып жүрмін. Бірақ қай кезде де мен үшін бірінші орында – театр. Қалған жұмыстарға театрдан бос болғанымда ғана көңіл бөлемін. Осының өзі бағалауым деп білемін. Ұжымыма деген құрметім ерекше. Жақсы көремін, сыйлаймын.


— Театрдағы аға буын өкілдері мен жастардың байланысы қандай? Олар сіздерге қаншалықты бағыт-бағдар беріп, сіздер қаншалықты ақыл-кеңестеріне құлақ асасыздар?

— Негізі басқа театрлардан, басқа жақтағы әріптестерімізден естіп жатамыз, біздің ұжымға қатты қызығады. Аллаға шүкір. Шынында да, қызығатынындай бар: үлкені үлкендігін, кішісі, кішілігін біліп жүрген театр. Кез-келген ортаға барғанда басында қорқыныш болады ғой. Мен де алғаш солай имене келгенімде аға буын өкілдері болсын, өзіміздің алдымыздағы әріптес ағаларымыз болсын барынша қолдау білдіріп, кемшілігімді жасырып, өзіме ғана айтып, түзеуіме көп септігін тигізіп, ағалық, әпкелік қамқорлықтарын танытты. Барынша көтермелеп, жаман жағыңды жасырып, жақсылығыңды барынша асырып отыратын. Өзіміздің алдымыздағы ағалардан болсын, ата-апаларымыздан болсын әрдайым тек қолдау көрдім. Кішкентайымыздан үлкенді сыйлап өскеннен кейін де, ешқайсысының алдарынан кесе-көлденең шығып, көңілдеріне қаяу түсірдім деп ойламаймын. Шамам келгенше әрқайсысына жеке көңіл бөліп, жағдайларын біліп тұруға тырысамын. Ол кісілер өздерінің тәжірибесімен бөлісіп, жасаған қателіктерімді жеке өзіме келіп ескертіп, ақылдарын айтады. Жанашырлықпен шынай айтылған сын екенін түсінем, сезем және  міндетті түрде түзеп отырамын. Менің әр жетістігіме шынайы қуанып, қолдап отыратыны, сахнада жасаған қателіктерімді жанашырлықпен келіп айтуы – ұжымның ауызбіршілігінің мықтылығын, шын жүректен қуана білетін риясыз кең пейілді жандар екендігінің дәлелі. Мен оған қатты қуанамын. Шынайы жанашырлық осындай болуы керек деп ойлаймын.

— Театр актерларының еңбегі ерен дегенімізбен, өнердің басқа саласында жүрген азаматтарға қарағанда танымалдылық жағы кемшіндеу. Бұған себеп – халықтың əлі де болса театрға деген көзқарасының төмендігінде деп ойлаймын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, халықтың театрға деген көзқарасын өзгерту үшін не істеу керек?

— Сізбен келісемін. Театрда қаншама талантты жандар еңбек етіп, тер төгеді. Сол еңбек кейде еленбей жатады. Әрине, бұл  өкінішті. Менің ойымша, шын мәнісінде керемет спектакльдер қойылатын болса, көрермен өзі-ақ келетін еді. Бір рет қойылым ұнамаған көрермен келесіде басқа біреуге айтпақ тұрмақ, театрға өзі де келмейді. Керісінше, қойылым қатты әсер етіп, ұнататын болса, кейін өзі ғана емес, құрбысына мақтап ертіп келеді. Ол құрбысы басқа құрбысына айтып дегендей… Мысалы, репертуарымыздағы үш жыл бұрын сахналанған «Қара шекпен» қойылымы – әлі де сұранысқа ие. Әр қойылған сайын зал лық толы болады. Көрермендер өздері іздеп келеді. Жалғыз өзіме хабарласып осы қойылымды сұрайтындар қаншама. Бұл – спектакльдің сапалылығы, драматургияның мықтылығы. Осындай дүниелер көптеп қойылатын болса, халық өзінен-өзі ағылар ма еді деп ойлаймын.

— Əн əлеміне енді аяқ басып келе жақаныңызбен, есті əндеріңіз арқылы біраз жүректен орын алып үлгердіңіз. Əн таңдауда сауаттылығыңыз байқалады. Мұнда музыкалық продюсеріңіздің ықпалы зор ма, əлде өзіңіздің жүрегіңізді көп тыңдайсыз ба?

— Егер шынында да солай болып жатса, біз бек қуаныштымыз. Мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз. Музыкалық продюсерім өзімнің бірге оқыған группаласым, досым, бауырым – Ұшқын Жамалбек. Біздің ән таңдаудағы көзқарасымыз 100 пайызға бірдей десем қателеспеймін.

— Қазақтың өнерде жүрген ұлтжанды азаматы ретінде, қоғамда орын алып жатқан түрлі оқиғаларға қалай үн қосып жүрсіз? 

— Қоғамда орын алып жүрген барлық мәселеге өнермен үн қату мүмкін емес. Десек те, басты құндылықтарымыз: қазақилығымыздан айырылмасақ екен, қазақилықтың ішіне кіретін біршама дүниелер бар, солардан айырылмасақ екен деген ниетпен ең алғашқы әнімнің өзі Олжас Абаймен орындаған «Дүр қамшы» деген ән болатын. Сөзіне қарасаңыз, біршама дүниелер айтылған еді. 1-2 жылдың көлемінде тастанды балалар көбейіп кетті. Жетімін жылатпаған халық ретінде осы мәселеге «Жыламасын сәбилер» деген ән шығарған болатынбыз. Қайда жүрсек те, қайда сұхбат берсек те қазақилықтан, иманнан айырылмасақ екен деген тілегімізді айтып жүреміз. Алдағы уақытта қандай мүмкіндігіміз болатынын болашақ біледі ғой. Қазірше біздің қолымыздан келетіні – осы деп ойлаймын.

 

Сұхбаттасқан Нұргүл Кеңесқызы

Пікір қосу