Батырхан МӘЛІКОВ (Alem), «Ninety one» тобының әншісі:
Жанкүйерлеріміздің арқасында өзімізді тәрбиелеп жатырмыз
– Топқа келерде ата-анаңмен ақылдастың ба? Ол кісілер бұл топта өнер көрсетіп жүргеніңе қарсы емес пе?
– Әрине, ақылдастым. Олар«Орда» тобының шығармашылығымен бұрыннан таныс. Топтың жетекшісі болған Ерболат Беделханды да сырттай жақсы біледі. Ол кісілерге топқа кіргеннен кейін сыртқы келбетімнің, киім кию стильімнің біршама өзгеретінін түсіндіріп айттым. Менің ата-анам шығармашылық адамдары. Әкем жас кезінде бас гитарада ойнаған. Сондықтан болар, олар мені бірден қолдады.
– Сыртқы келбеттерің туралы әркім әр түрлі пікір айтты. Тіпті кейбіреуілер «Бұлар ұл ма, қыз ба? Кімдер өздері?» деп шатастырды. Мұндай кекесінмен айтылған сөздер шамыңа тимей ме?
– Иә, мұндай пікірлер өте көп айтылып жатыр. Бірақ оған бола ашуланбаймын. Әркімнің өз ойы бар. Бірақ адамның сыртқы келбетіне қарап, бағалап, ол туралы жаман сөз айту, дұрыс емес.
– Осындай пікірлерден кейін кейде «Ninety one» тобына келгеніңе өкінбейсің бе?
– Жоқ, бұл жобаға келгеніме ешқашан өкінген емеспін. Себебі, жұрттың біз туралы қандай пікір айтатынын алдын ала білдік. Оған психологиялық тұрғыдан да, морольдік тұрғыдан да дайындалдық. Біз ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймыз. Кім не айтқысы келеді, соны айта берсін. Ең бастысы біз мұндай алып-қашпа сөздерге мән бермейміз және көңілімізге алмауға тырысамыз. Уақыт өте келе бұл образға қазақ халқы да үйренеді.
– Өнерге келгендеріңе аз ғана уақыт болса да жанкүйерлерің өте көп екен. Әсіресе сендерге қыздардың ықыласы ерекше…
– Біз жанкүйерлеріміздің коп болғанына қуанамыз. Олар бізді алғашқы күннен қолдап келеді. Қайда жүрсек те алдымыздан шығып күтіп алып, түрлі сыйлықтарын ұсынып, хат арқылы жылы лебіздерін білдіріп жатады. Тіпті олар біздің тұратын үйімізге дейін біліп алыпты. Үйге арнайы іздеп келіп, түрлі тосын сыйлықтарымен бізді үнемі таңқалдырады. Әсіресе, туған күнімізде сыйлыққа қарық боламыз. Ондай кездерде ұсақ-түйекті айтпағанда, әдемі, стильді киімдер сыйлайды. Соған қарағанда біздің жанкүйерлеріміздің талғамы жоғары-ау деймін (жымиды).
– Сені кітапты көп оқиды деп естідік…
– Көңілім қалағанда кітап оқып тұрамын. Бір сұхбатымда журналистке осыны айтқан едім, содан бері қыздар маған кітап сыйлайтын болды. Қазір қолым босай қалса, жанкүйерлерім сыйлаған кітаптарды оқимын. Бір сөзбен айтқанда, жанкүйерлеріміздің арқасында өзімізді тәрбиелеп жатырмыз.
Азамат ЗЕНКАЕВ (A.Z), «Ninety one» тобының әншісі:
Мен өмірі билемеген адаммын
– Өздеріңе қатысты болған дау-дамай жайлы не айтасың?
– Әр адамның өзіндік ой-пікірі бар. Ринат ағаның айтқанының бәрімен келіспеймін. Жай ғана пікір ретінде қабылдаймын. Өзімізге қатысты көп әңгімелер айтылып жатыр. Дәл қазіргі уақытта халыққа бізге байланысты сол шу қызық болып тұр.
– Ата-анаң өнеріңді қолдай ма?
– Кезінде өнеріме ата-анам «бала ғой» деп қарайтын. Бірақ кейіннен қарсылықтарын білдірді. Ұйықтайтын бөлмемді кішігірім студия етіп алғанмын. Таңға дейін ұйықтамай рэп оқитынмын. Сондайда «Бұл неге керек? Саған қандай пайдасы бар?» дейтін. Дайын жұмысымды тастап кеткенімде, «Енді болашағың не болады? Жұмыстан неге шықтың?» деп те ұрысқан болатын. Бірақ мұның бәрінің бекер емес екенін дәлелдеуге сөз бердім.
– Ол қандай жұмыс еді?
– Әкем кеме жүргізушісі болып істейді. Мен сол мамандықты меңгергенмін. Әкемнің жолын қуамын деп ойлаған едім. Бірақ қалауым өнер жолы болды.
– Әнге биді өздерің ойластырып шығарасыңдар ма?
– Осыған дейін бізге биді ZAQ үйретіп келді. Қазір арнайы хореографтан сабақ алып жатырмыз. Негізі мен өмірі билемеген адаммын. Егер би болатынын білгенде бұл топқа келмейтін едім (күлді). Маған қарағанда даладағы ағаш жақсы қозғалады. Биді үйренуіме ZAQ-тің қосқан үлесі көп. Керемет үйреніп үлгермесем де, еңбегін ақтадым деп ойлаймын.
Дулат МҰХАМЕТҚАЛИЕВ (ZAQ), «Ninety one» тобының әншісі:
Қалауым – қазақ тілінде хип-хоп мәдениетін дамыту
– Дулат, топ билерінің авторы өзің екенсің. Бимен көптен бері айналысып келесің бе?
– Бимен айналысқаныма үш-төрт жылдың көлемі болды. Бірақ арнайы хореографтардан дәріс алған жоқпын. Сол себепті кәсіби тұрғыда өзімді бишімін деп айта алмаймын. Мұндағы жігіттерге тек өзімнің бар білгенімді көрсетіп келемін.
– «Bala»-ның есімін өздерің қойыпсыңдар. Ал сенікін кім ойлап тапты?
– «ZAQ» деп продюсеріміз қойған. «Қазақ хип-хоп өнерін дамытасың» деген мақсатпен «қазақ» сөзінен «ZAQ» сөзін таңдап алды. Негізі, мен қазақ тілінің патриотымын. Басқа елдерге қазақ тілінің әдемілігін танытқым келеді.
– Сендерді патриот санамайтындар көп…
– Менің ойымша, патриоттық сырт бейнеңмен өлшенбейді. Ол жүректе маздап жанып тұруы керек. Біз таза қазақпыз. Біздің елге, жерге деген адал махаббатымызды білгілеріңіз келсе әндерімізді тыңдаңыздар, жанымызға үңіліңіздер. Киім ештеңені білдірмейді. Образға байланысты осылай болу керек. Әртіс – әртіс сияқты жүруі тиіс.
– Топқа келгелі өміріңде қандай өзгерістер болып жатыр?
– Сырт бейнемізді өзгерттік. Бірақ оған бола бізді «құбыжық» көрудің қажеті жоқ. Негізі, бізде іштей өзгерістер орын алды. Алғаш топқа келгенде бесеуміз де бала сияқты едік. Бұл жер бізді тез есейтіп жіберді. Жан-жақты тәрбиеледі. Жалпы, мен топқа өз мақсатымды іске асыру үшін келдім.
– Ол қандай арман-мақсат?
– Топқа алғаш келгенімізде Ерболат аға әрқайсымыздан «мақсатың не?» деп сұрады. Сонда мен «Менің қалауым – қазақ тілінде хип-хоп мәдениетін дамыту. Қазақ тілін мойындату» деген болатынмын. Себебі, Қазақстанның өзінде жастар өзара қазақ тілінде сөйлеспейді. «Қазақ тілінде сөйлеу – сән емес» дейтіндер бар. Өнердің бұл саласына осы қате түсінікті жою үшін келдім. Шыны керек, қазір орыс тіліндегі рэп жақсы тыңдалады. Көптеген орыс рэперлері ТМД елдерінде танымал. Мен өзге елдердің де қазақ тіліндегі рэперлерді мойындағандарын қалаймын.
Данияр ҚҰЛЫМШИН (BALA), «Ninety one» тобының әншісі:
Негізі, бұл — қалыпты жағдай
– Данияр, өзіңе не себепті «Bala» деген лақап атты таңдап алдың?
– Шетелдіктер біздің есімімізді осы күйінде дұрыс айта алмауы мүмкін. Сондықтан айтуға жеңіл болсын деп лақап ат ойлап таптық. Менің жасым кіші болғасын топтағы жігіттер «BALA» деп атап кетті.
– Топтағы «барып кел, шауып кел» жұмыстарына өзіңді жұмсайды ғой деймін, иә?
– Иә. Бұрын үйдегілер жұмсаса, аса көп қозғала қоймайтынмын. Інімді жүгіртетінмін. Ал қазір бір жерге бару керек болса, дайын тұрамын. Оған етім де үйреніп кетті (күлді). Өзім үйдің үлкені болғасын, шыны керек, бастапқы кезде «кенже» болуға үйренісе алмадым.
– Не себепті «Ninety one» тобын таңдадың?
– Ғаламторда әнді жаңа үлгіде орындайтын «кавер группа» деген бар. Мен көбіне шетел әндерін өзіме ыңғайлап алып айтамын. Бір бала фортепианода, екіншісі барабан немесе гитарада ойнайды. Сол әндерге кавер жасап, бәріміз ғаламторға салып отыратынбыз. Бір күні «Ninety one» тобының директоры хабарласты. Ғаламтордан орындаған әндерімді көрген екен. Ерболат аға менімен жолыққысы келетінін айтты. Сөйтіп, ол кісінің Астанаға жолы түсіп, кездесуге әкем екеуміз бірге бардық. Бағыты ерекше, басқа жанрда ән салатын топ болатынын айтып, бізге бәрін түсіндірді. Мен өз келісімімді бердім. Ерболат ағамен кездескеннен кейін «2-3 айдың шамасында шақырып қалар» деп ойлағанмын. Бірақ кездескен күннің ертесі-ақ бір аптадан кейін Алматыға келуім керектігін хабарлады. Бәрі тез болып кеткендей сезілді. Астанада Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің студенті едім. «Оқуымды қалай тастап кетемін?» деп ойладым. Бірақ әкем «Бәрібір баратының өнер. Кейін оқи жатарсың» деп батасын беріп шығарып салды.
– «Ninety one» тобының сырт келбетін сынға алушылар көп. Ата-анаң құлағыңа сырға таққаныңа қарсы болмады ма?
– Ерболат аға бізге топта жұмыс істеу қиын болатынын, бағытымыз өзгеше болғандықтан кедергілер кездесетінін басында айтқан еді. Негізі, поп-индустрияда жүргендердің көпшілігі құлақтарына сырға тағады, шаштарын бояйды. Бұл – қалыпты жағдай. Қазақ халқында өнердің мұндай түрі бұрын-соңды болмағаннан кейін жат нәрсе сияқты көрінеді. Әр халықтың өз поп-индустриясы бар. Мәселен, Қытайда – си-поп, Жапонияда – джей-поп деп аталады. Бірақ ол жақтарда мұндай образға ешкім шошына қарамайды. Әртіс өзінің сахна адамы екенін сол өзгеше бейнесімен көрсете алады.
Азамат АШМАҚЫН (Асе), «Ninety one» тобының әншісі:
Қыздардың сезіміне құрметпен қараймын
– Азамат, сен топқа келмес бұрын, Оңтүстік Кореяның атақты бір компаниясында тәжірибеден өтіпсің. Ондай мүмкіндікке қалай қол жеткіздің?
– Мен 9-сыныптан бастап Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінде актер мамандығы бойынша білім алдым. 2012 жылы Оңтүстік Кореядан дүниежүзіне әйгілі бір компанияның өкілдері келіп, өнерлі жастар арасында кастинг жариялады. Сол кезде мен де кастингке қатыстым. Нәтижесінде Кореяда екі жылға тәжірибеден өтуге мүмкіндік алдым. Мен сияқты балалар Жапониядан, Америкадан, Қытайдан, Канададан да келді. Солармен Сеул қаласында екі жыл бірге тұрып, Кореяның атақты әншілерінен, ең үздік мұғалімдерінен, бишілерінен сабақ алдым. Егер мен ол жобадан кетпегенімде қазір сол жігіттермен бірге топ болып, ән айтып жүрер едім.
– Онда неге жобадан кетіп қалдың?
– Жобадан кетуіме бірнеше себеп болды. Мен бұрын маман болып қалыптасу үшін төрт-бес жыл міндетті түрде оқу керек, білім алу керек деп ойлайтынмын. Қазір ойым өзгерді. Өйткені Кореяда қасымдағы балалардың биді кәсіби тұрғыда екі айдың ішінде үйреніп жатқанын көргенде, «Аз ғана уақыттың ішінде мұндай жетістікке қалай жетіп жатыр? Адамның қабілеті қандай шексіз еді?» деп қатты таңғалдым. Қасымдағы жігіттер тынбай он екі сағат бойы жанталасып жұмыс істейтін. Шыны керек, маған олардың деңгейіне жету өте қиын болды. Дегенмен Кореяға баруым менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді.
– Кәріс тілін қанша уақытта үйрендің?
– Алғашқыда тіл білмей қатты қиналдым. Бастапқы үш айда жанымда аудармашы жүрді. Үш айдан кейін кәріс тілінде аздап сөйлей бастадым. Сосын аудармашыдан бас тарттым. Аудармашымен жүре берсем, мен кәріс тілін үйрене алмас едім. Әлі де бұл тілді жетік білмеймін.
– Ал «Ninety one» тобына қалай келдің?
– Менің Корей елінде тәжірибеден өтіп келгенімді Ерболат аға осында жұмыс істейтін бір кісіден естіпті. Сөйтіп мені өз жобасына шақырды. Ұсынысын бірден қабылдадым. Өйткені бұл да кәрістердің жобасының системасына ұқсайды екен.
– Саған көңілін білдіріп, хат жолдайтын арулар өте көп екен. Қыздардың сезіміне қалай жауап бересің?
– Иә, бізге қыздар сезімдерін білдіріп, түрлі сыйлықтар тарту етеді. Мен олардың сезімдеріне құрметпен қараймын. Берген сыйлықтарын ұқыпты ұстап, бағалауға тырысамын. Бір жанкүйерім есімім жазылған қаламсап сыйлаған еді. Оны әліге дейін жоғалтпай пайдаланып келемін.
(…толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының
№6 (199) 2016 жылғы санынан оқи аласыздар)
Керемет топ
Қандай ақылды, сүйкімді балалар!!!
Қандай ақылды, сүйкімді балалар!!!
Өте талантты жігіттер! Кейбір адамадар түсіне бермейтіні өкінішті.