Мәдина Аманова мен Зарина Ахматова сот Баянның күйеуін 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешімін шығарғаннан кейін продюсермен алғаш рет сөйлесті. Ол не себепті күйеуін кешірмек болды, не себепті өзінің тегін өзгеріссіз қалдырды, не себепті қазір ешкімді де кінәламайды, қазіргі өмірі қандай және болған жағдайды қалай қабылдады – Баян Есентаева өз сұхбатында осының бәрін айтып берді. 

Өзімді киелі періштемін деп айтпаймын

Зарина: Күйеуіңізбен телефон арқылы сөйлесуге шешім қабылдағаныңызда қорқыныш болды ма? Сіздің айтқандарыңызды білмейтіндер үшін ол сізге өзін-өзі дәлелдегісі, сізді морт сындырғысы келгендей болып көрінуі мүмкін…

 Баян: Білесіз бе, ол мені морт сындыру жайында ойлаған да жоқ. Ол осыған дейін мені қолдаумен келді. Мен өзімді киелі періштемін дей алмаймын…

Зарина: Бұл қызғаныш па еді?

Баян: Бұл қызғаныш болатын, иә… Тағы да қайталап айтамын, ол Баян Есентаеваға емес, өзінің әйеліне ауыр соққы жасағысы келді. Бұл біздің өз арамыздағы…  түсініспеушілік деуге келмейді. Мен оның осындай әрекетке баратынын әрдайым біліп жүрдім. Өйткені оның маған деген махаббаты ессіз махаббат та емес, қандай да бір ауру махаббат болатын. Мен 22 жыл бойы зор махаббатқа бөленіп өмір сүрдім. Мүмкін, ол сондай үлкен болғанда, оны кез келген адам көтере алмайтын шығар. Міне, мен өзім көтере алмадым…

Баян

Мәдина: Осы орайда сіз сұхбатыңызда ешқашан және ешкімге де оны сүйетініңізді айтпағанмын дедіңіз…

Баян: Иә.

Мәдина: Оның өзіне де ме?

Баян: Оның өзіне де.

Мәдина: Бәлкім, себеп осында шығар?

Баян: Басты себеп осы да.

Зарина: Сіз күйеуіңізбен телефон арқылы сөйлестіңіз. Кешіруге сол кезде шешім қабылдадыңыз ба?

Баян: Жоқ, мен ондай шешімді Үндістанға барып келгеннен кейін қабылдадым. Мен ондағы барлық ғибадатханаларға барып шықтым. Мен өте көп адамдарды көрдім – кедей, бақытсыз және керісінше, бақытты, жайдары. Жалпы, бұл елдің пәлсапасы мені аздап өзгертті. Онда адамның бақыттылығы оның жағдайына немесе әлеуметтік дәрежесіне байланысты емес.  Мен ғибадатхада миллионер адамның кедей адамдарға қызмет көрсетіп, еден жуып, шелпек пісіріп және еденде отырып сол шелпекті кедей адамдармен бірге жеп отырғанын көрдім. Мен, жалпы, адам кез келген жағдайда бақытты бола алатынын түсіндім… Білесіз бе, біз өте қатыгезбіз. Әлеуметтік желілерде болып жатқан жағдайлар сұмдық, сол – біздің бет-бейнеміз, агрессияның, зұлымдықтыңғ қызғаныштың бейнесі. Үндістанда болған бір аптада мен әрдайым түрлі ғибадатханаларда Құдайға жалбарынумен болдым. Ғибадатхананың мұсылмандық әлде католиктік, православтық немесе индустік екені бәрібір болды. Мен барлығында да болып шықтым және басыңа қандай жағдай түссе де бақытты болуға болатындығы жайында ой түйдім. Елге сол ұстаныммен оралдым. Сөйтіп, күйеуіммен сөйлестім.

Баян

 Мен күйеуіммен ажыраспадым

Мәдина: Тоқтаңыз, сіз онымен ажырасқан жоқ па едіңіз?

Баян: Иә..

Мәдина: Және сіз Баян Мақсатқызы деп тегіңізді өзгерттіңіз ғой?

Баян: Жоқ, мен тегімді өзгерткен жоқпын. Рас, бұл жайында ойландым. Алайда адамдар менімен «Сәлеметсіз бе, Баян Есентаева!» деп амандасқанда мұның ешқандай мәні жоқ екендігін түсінесің. Және менің бұл фамилияға  аллергиям жоқ.

Зарина: Яғни сіз фамилияңызды өзгерткен жоқсыз? Онда неге БАҚ-та сіздің тегіңізді басқаша жазып жүр?

Баян: Мен инстаграм аккаунтіндегі аты-жөнімді Баян Мақсатқызы деп өзгерттім. Жай ғана көңіл күйім соны қалады.

Зарина: Ал құжат бойынша сіз Есентаевасыз ғой?

Баян: Құжат бойынша мен – Есентаевамын.

Баян

Қателігім көп болды

Зарина: Өзіңіз үшін маңызды санаған кей жандар сізден теріс айналды ма? Біреулерді жоғалттыңыз ба?

Баян: Көпшілігі өзін осы жағдай  арқылы танытты. Біреу ауруханада қабылдамағаным үшін ренжіді, біреу онымен кездеспегенім үшін ренжіді. Ешкім де менің ешкімді көргім келмейтінін түсінбеді. Қазір түрім жөнге келіп қалды ғой. Ал бұған дейінгі түрім… Мен есімнен тана жаздадым. Мен өмір бойы әдемі әйел болып жүрдім, бәрі тамсана қарайтын, ешқандай проблемасы жоқ әйел болдым. Ал енді сенің бетің қисық, көзің жұмылмайды, сенің әлі де тәнің ауырады: алайда адамдар мұны түсінбейді, ауруханада қабылдамағаның үшін ренжиді. Бұл таза сандырақ қой.

Зарина: Сіз айтқан ақшалар жай ғана бизнес пе? 

 Баян: Мен ешқашан ақшаны басты орынға қойған емеспін. Қаншама топ құрылып, тарап жатыр. Менің көп қателігім болды. Қаншама ақша желге ұшты. Алайда мен ешқашан бұған өкінген емеспін. Мен бәрін де тәжірибе ретінде қабылдадым. Мен үшін осы қыздардың нәпақасы болғаны маңызды еді. Мен қашанда оларды дербес болуға үйреттім. Қараңызшы, олардың бәрі де өз жолдарын менің көмегімсіз-ақ жалғастыруда – оларда бәрі де тамаша. Бұл нысананы дәл көздеу және талантқа деген сенім емей немене? Мен сендім, жол ашып бердім.

Баян

Маған әлі де бірнеше ай қажет

Зарина: Бұл сіздің ресми мәлімдемеңіз деп есептейік. Бәлкім, біреулер байқар… Баян, соңғы сұрақ. Ары қарай не болмақ? Сіз ары қарай өмір сүруге, жақсы көруге дайынсыз ба? Қандай да бір жоспарларыңыз бар ма?

Баян: Мен болған жағдайды өмірімнің қаралы парағына кіргізбеймін. Мен өзіме де, жағдайға да кектене қарамаймын. Әрине, менің басымнан өткені жақсы жайттардың қатарынан емес. Алайда мен бұл жағдайды басымнан өткізуім керек болды. Жоспарларыма қатысты айтарым, олар соншалықты көп емес, бірақ ауқымды. Бұрын маған бәрібір болатын, мен барлық іске бірдей кірісе алатынмын: бір аптада бес бейнеклип түсіру, екі аптада екі бағдарлама, бір айда бір кино, 15 күннің ішінде телехикая түсіру – мен бәріне де үлгеретінмін. Менің өз жұмысымды ұйымдастыра білгенім соншалық – мен бір уақытта костюмдерді де, сметаны да т.с.с. бекітумен айналысатынмын. Қазір енді күш-жігерімді өзім нақтылап алған маңызды істерге жұмсауым керек: бұл – көп күш қажет ететін қоғамдық ұйым. Кімдерді тарту керек, қалай жазу керек, онда не болады және қалай – әлі ештеңе білмеймін. Бұл осыдан алты жыл бұрын өзім ешқашан айналыспаған  кино түсіруге келу жайында шешім қабылдағаным сияқты. Мен оның қалай істелетінін білмедім. Бірақ істей алдым. Бұл – жай ғана процесс. Қазір мен телехикая түсіремін, өзім сонда ойнаймын, өзіме ұнайды, мен актрисамын, аздап көңіл көтергім келеді.

Баян

Көктемде «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіруді жоспарлап отырмын. Бұл – продюсерлік сезінуімнің нәтижесі. Меніңше, араға 25 жыл салып, бір жылдары көрерменді шулатқан және әлі де бәрі сүйіп көретін картинаның жалғасын түсіретін уақыт келген сияқты. Құдай мені тірі қалдырған екен, демек, мен мұны жасауым керек (күлді) . Меніңще, бұл жақсы коммерциялық қадам болмақ. Әрине, бұдан бөлек көптеген клиптер түсіруім керек,  толып жатқан жобалар. Алайда мен бәріне сабырлылықпен қараймын.

Жалғыз-ақ нәрсе, маған әлі де бірнеше ай қажет. Мен сол көзімді жыпылықтатып отырып жағдайымның әлі де дұрыс емес екендігі жайында ойлағым келмейді. Бұл мені ұялтады. Адамдар маған қадала қарайды және сол көзқарастар маған жағымсыз әсер етеді. Мен мұндайға үйренбегенмін. Меніңше, екі айдан кейін бәрі орнына келеді. Бірінші кезекте, эмоционалдық жағдайым. Мен әлі де жеткілікті деңгейде күш жинаған жоқпын. Ой-мақсаттарым жайында айтатындай күшім бар, бірақ оларды жүзеге асыру дегеніміз – мүлде басқа әңгіме. Иә, болған оқиғадан кейін бес ай уақыт өтті. Осы сәтті пайдаланып, сіздердің оқырмандарыңыздың есіне мынаны салып өткім келеді : мен – әлі де салмақ жинай алмай келе жатқан әлсіз, нәзік әйелмін. Тіпті күш-қуатым да әлі жеткілікті емес. Әйтпесе бәрі ойдағыдай, ешқандай трагедия жоқ. Маған бар болғаны уақыт керек.

Зарина Ахматова, Мәдина Аманова

vlast.kz

Орыс тілінен аударған Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

(Толық нұсқасын «Жұлдыздар отбасы» журналының

2017 жылдың №1 санынан оқи аласыздар)

Пікір қосу