8-12 желтоқсан аралығында Катманду қаласында (Непал) өтетін 14-ші халықаралық кинофестивальдің байқаудан тыс бағдарламасында «Қазақфильм» АҚ мен «Алматыфильм» ЖШС түсірген «Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған» деректі фильмі көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Фильм халықаралық деңгейлі үздік кардиохирургтердің бірі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пяның қызметі және оның алғашқы науқастары туралы болмақ.

«Юрий Пя хирург болуға жаратылған адам. Фильмге оның біліктілігі туралы айтатын әріптестері мен өмірін сақтап қалған науқас жандар қатысқан. Бұл фильм шетелде көрсетілетініне қуаныштымын», — деді фильмнің режиссері Оңдасын Тастанов.

Жыл сайын өтетін халықаралық кинофестиваль Гималай қауымдастығының (Himal Association) ұйымдастыруымен Катманду қаласында 2000 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл фестивальде Германия, Қытай, Франция, Үндістан, Түркия, АҚШ, Корея сынды мемлекеттердің 80-ге жуық фильмдері көрсетіледі.

Айта кетейік, фильмнің сценариін Злиха Шымырова жазған.

Пікір қосу