– Аға, қарамағыңызда «Дауыс КZ», «Дие­та КZ», «Самал» тобы бар. Осы топтың жұмыстары қалай жүріп жатыр? Осыған дейін сіз жетекшілік еткен «Заман» тобы, «Бастау» тобының жігіттері немен айналысып жүр?

– «Заман» тобы мен «Бастау» тобы менен біржола кеткен жоқ. Келісімшарт уақыты бітісімен, бұрынғыдай мен оларға бұйрық беруді, олар маған есеп беруді тоқтатты. Бірақ бірге жұмыс істеуді тоқтатқан жоқпыз. Олардың жеке өмірі бар дегендей, мысалы Ергеннің екі баласы бар, Әсетке үйлену керек болғаннан кейін «табыстарыңды жырып отырмайын, өздеріңе жаратыңдар» деп жеке шығуға рұқсат бердім. Менің жанымда, студияда әндерін жазып, өз еріктерімен келіп-кетіп жүр. Маған оның еш ауыртпашылығы жоқ. Студия есігі әрқашан ашық. «Бастау» тобына келер болсақ, Болат қазіргі таңда ән әрлеумен айналысуда. Бірақ әзірге сахнаға шықпаймын дейді. Ерасыл құдай қаласа жаңа әндерімен сахнаға шығатын болады. «Самал» тобы аздаған үзілістен кейін қайтадан өнер алаңына бет бұрды. Сол жігіттердің өнерін шыңдау мақсатында көбірек күш жұмсап жатырмыз. Жақында фотосессиясын аяқтап, жаңа альбомдарын жазуды бастап кетті. «Диета KZ» тобындағы Нұрбақытымыздың шаңырақ көтеруіне байланысты аздаған үзіліс болды. Қазіргі таңда «Диеталықтар» да іске кірісіп кетті. Жасұланымыз «Адасқандар» атты телесериалға түсіп жатыр. Күндіз түсірілім алаңында болса, кешке студияда. Барлық жағынан жұмыс қызу жүріп жатыр. «Дауыс KZ» тобына келер болсақ, жаңа әндер жазылып, жаңа жобалар қолға алынды. Бастапқыда топта үш жігіт болғанбыз. Жалғыз жүрмесін деген оймен Бердібектің жанына Бауыржан Ретпаевты қосқан едік. Бірақ Бауыржанның отбасынан «ол өзі жеке әнші болсын» деген ұсыныс түсті. Оған еш қарсылық көрсетпей, еншісін беріп жібердік. Бауыржанмен шығармашылық қатынасымыз үзілген жоқ. Қазіргі таңда топта Бердібек Құлғараев екеуміз өнер көрсетеміз. Мен сахнадан қол үзбеймін, кейде сахнаға шығып әнімді айтып қойсам, қалған уақытта студияда ән жазумен айналысамын. Бұл топтағы басты нысана Бердібек болып отыр. Бердібек топта да, жеке әнші ретінде де өнер көрсететін болады. Бердібектің өнерін елге таныту мақсатында бар күшімізді салып жатырмыз.

– Сіз жазған әндердің барлығы неліктен лезде хит болып, әншіні танымал ете түседі? Жазған дүниелеріңізде нендей құдірет бар?

– Біріншіден, Алланың маған берген бағы деп білемін. Екіншіден, еңбектің нәтижесі. Әннің бағын – әнші, әншінің бағын ән ашады емес пе? Дәл солай қай ән сенің табиғатыңа келетіні де бір Аллаға аян. Ән тыңдарманын тауып, есте қалу үшін әннің төрт құбыласы сай келуі тиіс. Жалпы, ән туғаннан кейін әуені мен мағынасы үйлесім тауып сөзі жазылса, бабына сай әрлеуі жасалса, даусына сай әншісі табылса, кез келген әннің бағы жанады деп ойлаймын. Хит хитімен, бірақ төрт құбыласы сай болмаса, ән айтылуы жағынан да, әрлеу тұрғысынан да нашар болып, әннің сыйқы қалмайды. Мысалы, мен өзім жазған әндерімді орындамаймын. Орындағым келмейді. Тіпті даусыма сай келмейді. Мен әндерімді «МузАртқа», «Жігіттерге», «Меломен», «Заман» топтарына, Айгүл Иманбаева, Алтынай Жорабаева, Алмас Кішкенбаев секілді қазақ эстрадасындағы жақсы әншілерге беремін. Менің әндерімді халыққа танытып жүрген осы әншілер. Сол сияқты мен де алғаш сахнаға шыққанымда, «Алтынай» әнімен танылдым. Осы ән мені үлкен сахнаға алып келді. Әннің жаманы болмайды. Сондықтан әнді жеткізетін жақсы әнші, сөзін жазатын қаламы қарымды ақын, әуенін өңдейтін әрлеуші қажет. Бұл тұрғыда эстрадада жүргеннен кейін басқа композиторларға қарағанда менің қолым ұзындау. Көмектесетін жігіттерім қасымда, кез келген ән туындаса, белгілі бір қалыпқа түсіру үшін «ыңылдап» болса да бір сарынға түсіріп айтып береді. Әрлеуінің де бағытын тауып, құлаққа жағымды етуге тырысамыз. Содан кейін даусы келеді-ау деген  әншіге сол әнді ұсынамыз. Осылайша көптеген әндер өмірге келуде.

– Бір сұхбатыңызда «Қыздармен жұмыс жасау қиын» депсіз. Қызыңыз Фарида Жолдасованың шығармашылығы жайында айта кетсеңіз.

– Менің өзімнің 200-ден аса әнім бар. Бірақ сол әндерден Фаридаға төрт-бес -ақ ән бұйырыпты. Кейде әндерімді естіп: «Әке, осындай әніңіз шығыпты ғой. Тығып қойғансыз ба?», – деп жатады. Осыған дейін қызымды тежеумен келіппін. «Сен әлі кішкентайсың, оқуыңды бітір, академияңа түс» деп бір қойдық. «Өтпелі кезеңдесің, даусың өзгереді» деп тағы бір кейінге қалдырдық. Академияға түскеннен кейін «Оқуыңмен қатар қалай алып жүресің? Оқуыңды бітір, дипломыңды ал» деп тағы бір басып қойғанбыз. Сөйтсек, уақыт зымырап өте шыққан екен. Кеше Стокгольмде  жүргенімде, қызым оқуын бітіріп, қолына димломын алып суретке түсіп, фотосының астына: «Папа, мен оқуымды бітірдім, дипломымды алдым. Келген бойдан жұмысты бастаймыз», – деп жазып жіберіпті. Қазір үйге барсам, «Әндерім не болды?», –деп сұрап қояды. Әндер жазып жатырмын. Енді қызымның шығармашылығын қолға алмасам, ұят болады. Құдай қаласа, осы жұмыстарды қолға аламын.

– Жақында немере сүйдіңіз. Немерелі болған қандай екен?

– Немерелі болған жақсы екен.Бұрын әнді тек түнде жазатынмын. Студияға күндіз сағат 3-4-терде кіретін болсам, ертесі күні таңғы 10-11-лерде үйге қайтатынмын. Содан түскі ас ішіп, ұйықтап, студияға қайтадан келетінмін. Қазір біраз өзгеріс бар. Өйткені немеренің қызығы басылмайды екен. Қазір үйден 4-те шығам деймін. Бірақ сол сәтте қасыма ұйқысынан оянып немерем келеді, соны қызықтап отырғанда, уақыттың қалай өткенін білмей қаламын. Қазір сол үшін студияға кештеу баратын болып жүрмін (күліп). Шынында немере тәтті болады екен ғой.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№23 (209) желтоқсан 2015 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Қаламқас АМАНҚОСОВА

Пікір қосу