мақпал заманбек

— Сұхбат барысында 15 жыл отасқан жұбайыңыз, қазақ халқының біртуар азаматы Заманбек аға жайлы сұрамай өту мүмкін емес. Аға түсіңізге жиі ене ме?

— Жиі енеді. Зәкең ойда-жоқта дүниеден өтті ғой. Армандары көп болатын. «Мерейді мектепке өзім алып барамын» дейтін. Әр айдың 6-сы күні Мерейдің туған күнін өткізетін. Балаларға арналған моторлы машинаның сан түрін әкеп беретін. Мерейдің ойыншық машина жүргізуді меңгергені соншалық,  кейін рульді бір қолымен ұстап отырып-ақ айдайтын болды. Зәкең: «Біздің қызымыз классный шопыр болады. Екеумізді қалаған жерімізге алып барып, алып келіп жүретін болады. 10 жасынан бастап көлік жүргізушілер мектебіне алып барып, 13-14 жасында  жүргізушілік куәлік алып беремін» деп мәз болатын. Меніңше, Зәкеңнің рухы әлі тынышталған жоқ. Өйткені, өлтірген адамдар табылған да жоқ, жазаланған да жоқ. Қанша ойламайын десем де, еске алмау мүмкін емес. Үйдің қай бөлмесінің қабырғасына қарасам да, Зәкеңнің суреттері ілулі тұр. Шынымды айтсам, Зәкең осы үйде, өзіммен тұрып жатқан сияқты. Түсімде ылғи: «Халдарың қалай, Жануля? Мерей қалай?» деп жағдайымызды сұрап жүреді. Маңдайымнан иіскейді. Мерейді құшақтап, бетінен сүйеді. «Тамақ ішсеңші» дегеніме: «Жануля, асығыспын. Жұмысқа, жиналысқа баруым керек» деп асығып жүреді. Біресе спорттық киімімен келіп: «Демалысқа кетіп барамын» десе, бірде жұмысқа бара жатқандай костюм-шалбарымен келеді. Үйлену тойымызға киген аппақ костюм-шалбарымен де келген кездері  болды. Екеуміз кәдімгідей әңгімелесеміз. Мен ренішімді, көңілім толмаған жайттардың бәрін ақтарылып айтамын. Зәкең: «Оңбағандар, біліп едім осылай боларын! Жануля, уайымдама! Бәрі дұрыс болады! Жарайды, сонан соң сөйлесерміз» деп кетіп қалады. Жақында ғана түсіме енгенінде мұрт қойып алыпты. «Қойшы, мұрт саған жараспайды екен» десем, «Саған ұнай ма деп, кішкене өзгергім келіп еді» дейді. Кейде тап жаныма келіп тұрған сияқты болады. Тіпті аяғының сыбдырын, кеудесіндегі дем алысын сезгендей боламын. Мұндайда селк етіп, оянып кетем. Әсіресе, біреуге ренжіп, көңіл-күйім түскен сәттерде сол күні бірден түсіме кіреді. Кейде жақсы араласатын таныстарым бас қосуларға шақырып жатады. Киініп, үйден шығайын деп тұрғанымда, Зәкең «Барма!» деп айтқандай болады Содан бармай қоямын. Зәкең екеуміз бірге тұрған 15 жыл ішінде бірімізсіз-біріміз демалыс орындарына барып көрмеппіз. Зәкең кеткелі де ешқайда барып демалған емеспін. Аяғым бастырмайды.

a6099d19-7d8e-4d54-a064-3d5f8873c7c5_w987_s_s

— Жарыңызға деген сағынышты қалай басасыз?

— Үйіміздің 3-қабатында кішігірім студиям бар. Қызым ұйықтап қалғанда сонда барып, есігін жауып алып, Зәкеңмен үйде, демалыс орындарында бірге түскен бейнематериал-дарды көремін. Біресе күлемін, біресе жылаймын. Жалғыз өзім емес, Зәкең екеуміз бірге көріп отырғандай күйде боламын. Осылайша сағынышымды басамын. Зәкең қазір менен алыста болғанымен, күн өткен сайын мен оған жақындап бара жатқандай сезінемін. Біреулер: «Әлі жассың. Біреумен бас қоссаң, ел саған ештеңе демейді. Жүдеп кетіпсің» деп жатады. Жүдеп кеткен себебім, тынымсыз жұмыс үстінде жүрмін. Гастрольден гастроль, жол жүру де адамды шаршатпай қоймайды. Қызымнан бөлек 30 шақты адамды асырап отырмын. Көмек сұрайтын туған-туыстарымыздың балалары, таныстарым бар. Мен ақша жинап, оны кассаға салып, байлық жиюды мұрат еткен адам емеспін. Тапқан қаражатымды керегімше жұмсап, артылғанын айналамдағыларға таратып беремін. Жетімдер үйіне де көмектесіп тұрамын. Тек бір Аллаға сыйынып отырған адаммын. Үкіметтен алатын 55000 теңге ақшамен күн көру дегеніңіз — күлкілі нәрсе. «Әр адамның өз несібесі болады» дейді. Бізді асырап отырған — халық. Той, гастрольдік сапарлар арқылы, халықтың арқасында күн көріп отырмыз. Сол ақшаға ән жинақтарымды шығарып, тыңдармандарыма сый ретінде таратып беремін.

— Зәкеңнің мұражайына келушілер әлі де көп пе?

— Мұражайдың тап бүгінгі жағдайы маған үлкен ой салуда. Бұрынғыдай адам көп келмейтін болды. Ұмыта бастағандары ма екен?.. Дегенмен, әркімнің өз тірлігі бар емес пе? Өткенде мұражайға жат пиғылды, арам оймен келген адамдар болыпты. Өлтіруге келді ме екен, білмеймін. Әйтеуір, жақсылық ойлап келмегендері анық. Содан аздап қорқып қалдым. Гастрольдік сапарларға кеткенімде мұражайға әпкем бас-көз болып отыратын. Жаңағы оқиғадан кейін әзірше жабық тұр. Кейде қауіп-қатерден сақтандыратын, аян беретін түстер енеді. «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Алдағы уақытта жоғарғы жақтағылардың алдына кіріп, осы мәселені арнайы әңгіме етем-ау деймін. Негізі, елден ерекше болып, алда жүру де адамға жақсылық әкелмейді. Құдайға шүкір, концерттерім аншлагпен өтуде. Халық тікелерінен тік тұрып, қошемет танытып жатады. Осы жетістігім кейбіреулерге жақпайды. «Бұл неге әлі тірі жүр? Неге жақсы әндер айтады? Неге жарқырап, жасарып кетті?» деп көреалмаушылық танытады. Кейде Зәкеңнің жоқтығын пайдаланып, мені басынғысы келетіндер де кездеседі. Алайда, мен ондай бассыздыққа жол бермеймін. Өздігімнен ешкімге тиіспеймін. Бірақ, тиіскен адамды оңдырмайтын өткір мінезім бар. Сол адам кейін, не өзі бір пәлеге ұшырайды, не сол жерде-ақ өзім сазайын беремін.

Атырау ма, әлде Ақтау қаласында ма екен, Зәкең қайтыс болған соң 1 жыл, 2 айдан кейін, осы екі қаланың бірінде концерт бердім. Басшылар тарапынан ешкім қарсы алып, ешқайсысы концертіме кел-мегенімен, қарапайым халық құр-метпен қарсы алып, құрметпен шығарып салды. Концерттен соң қонақүйде демалып жатқанмын. Бөлме ыстық. Кондиционер жұмыс істемейді. Күндіз балық жегенмін. Алдында адвокатым: «Гастрольге шыққанда бөлмеңізден су ішпеңіз. Сыртыңыздан әлі аңдушылар бар. Кім біліпті, бір қастандық ұйым-дастырулары мүмкін» деп ескерту жасаған. «Жаным Зәкеңнен артық дейсіңдер ме?» дегеніммен, абайлап жүретін болғанмын. Не керек, сол түні даусы жер жарған музыкадан ұйықтай алмадым. Терезені ашып қараймын. Жақын маңда мейрамхана жоқ сияқты. Көзім енді ілініп бара жатқанда шошып оянамын. Бір кезде сағатқа қарасам, таңғы 5-тің шамасы екен. Өзім де ұйқыдан таңғы 5-те тұруға дағдыланғанмын. Шөлге шыдамай, жанымда бірге жүретін Олег деген музыкант жігітке хабарласып: «Жүрші, далаға шығып қайтайық» дедім. Аяғымда тәпішке, басымда орамал. Сыртқа шығып, қонақүйді айналып қарап көрсек, дәл менің бөлмем орналасқан тұстан әрірек, тасалау жерде екі машина тұр. Түнімен ұйқы бермеген музыканың даусы машинадан шығып жатыр екен. Олег те: «Ненормальные что, всю ночь орали, до сих пор орут» деді. Мені аңду үшін тұрған машина екенін бірден біле қойдым. «Осыған түнде кім келеді екен? Оппозиция өкілдерімен кездесе ме…» деп. Бір кезде  «Мақпал Жүнісова» дегенді естіп қалдым. Қарасам, 17-18 жастағы жас жігіттер тұр екен. «Апай, халіңіз қалай?» деді. «Жақсы. Амансыңдар ма, балалар? Ана музыкаларың не? Түнімен ұйқы бермеген сендер екенсіңдер ғой! Басқа жерге бармайсыңдар ма?» десем, «Ой, апашка, да ты что?» дегені. «Қалай-қалай сөйлесесің сен? Кімнің баласысыңдар?» деп едім: «Какое ваше дело?» деді, көргенсіздік танытып. Содан таңдайым кеуіп бара жатқасын «Ашылмаған минералды суларың бар ма?» деп сұрадым. «Нет, пиво есть» деді. «Әкел, балықтарыңды жеп, шөлдеп барамын» деп, қастарына бардым. Сыра бөтелкесінің қақпағын Олегке ашқызып, стақанға құйғызып алдым. Енді іше бергенімде, Олег: «Смотрите, в камеру снимают» деді. Ызам келіп кетті де: «Еркек болсаң, жақынырақ кел де, Мақпал Жүнісова сыра ішіп тұр деп ашық түрде түсіріп ал» дедім. Қалжыңдап тұрған шығар десем, шыныменен-ақ түсіріп жатыр. Мынадай әдепсіздіктерімен қоймай, «Сіздің күйеуіңіз кім болған еді?» дейді, құйтырқылана сұрақ қойып. «Күйеуімді атып кеткен. Заманбек Нұрқаділов деген қазақтың батыры еді» деп адами түрде тіл қатсам, «Не знаю такого. Да кто он такой?» деп сайқымазақтана күлді. Ішіндегі есі дұрыстау біреуі «Сен апаймен қалай-қалай сөйлесесің?» деп қасындағы жолдасына тыйым салды. Мына сөздерге қалай үнсіз тұрасың, ашуға мініп: «Ты что, своих героев не знаешь?» деп айқайға басып, ана ақымақты жақсылап тұрып балағаттадым. Сыраның бөтелкесін машиналарына «шақ» еткізіп сындырдым. «Кім сендерге тапсырыс берген?» деп сөзді тікесінен айттым. «Нет, мы сами, мы тут отдыхаем» деп кібіртіктеп жауап қатты. Жан дүнием алай-түлей болып, «Жақсы, жігіттер, аман болыңдар» дедім де жайыма кете бардым. Іштей тапсырыспен болған іс екенін анық білдім. «Ертең бір жерден көрсететін шығар» деп күттім. Тым-тырыс. Екі жыл өткеннен кейін ғана барып осы оқиға бүкіл ұялы телефондарда пайда болды. Интернетке де кіргізген. Әкімшіліктерге де тарат-қан. Мұнымен біреу тікелей айналысып отырған сияқты. Түпкі мақсаттары – Мақпал Жүнісованың атын өшіру. Өйткені, беделім өсіп барады, халықтың қошеметі зор. Қазір сол оқиға әбден өңделген күйде жұртқа таратылуда. Сөйлеген сөзім, даусым баяулатылған түрде беріледі. Шыныменен сол кезде тілі күрметіліп, сөйлей алмай тұрған өлесі мас адам сияқтымын.

56c2afc6d90a84ff08ca7d48a41c706e70ed67adaae57

Гүлмайдан Сүндетова сияқты кейбір әншілер сол оқиғаны ұялы телефондарына көшіріп алып, жұртқа өздері айтып, көрсетіп жүрген көрінеді. «Ханның қызында да кемшілік болады» деген. Небір ішкіштер толып жатыр ғой. Олардікі көзге көрінбейді. Ал, Мақпал Жүнісованың сыра ішкенін бүкіл елге «сенсация!» еткілері келеді. Осылайша бір-біріміздің артымызды ашатын болсақ, бұл түбі жақсылыққа апармайды. Намысы бар болатын болса, «Мынаны ұялы телефоныңызға көшіріп алыңыз» деп тұрған адамның бетіне бір-ақ түкірмей ме?! Маған шын жаны ашыса, өзіме әкеліп көрсетпей ме?! «Мынауыңыз не?» деп сұрамай ма?! Бір қасиетім – ешқашан концертке ішіп шықпаймын. Кейде гастрольдік сапарлар кезінде концерттің алдында жергілікті жердегі күтіп алушы адамдар дастарқанға бөтелкелерді мөлдіретіп қояды. «Мәке, концерттің алдында алдырып қойыңыз, көңіліңіз көтеріледі. Сарайдың іші суық, бойыңыз жылынады» деп жатады. Ондай сөздердің ешқайсысын тыңдамаймын. Концерттен кейін аздап сыра ішетінмін. Алайда, Зәкең кеткелі оны да қойдым. Жалпы, өнер адамын халық өзі өсіреді, өзі өшіреді. Бірақ, әлгіндей арсыз, топас ақымақтарды өз халқымның санатына қосқым келмейді. Өзім қазақтың қызы екенімді, қазақ еліне қызмет етіп жүргенімді мақтаныш етемін. Қай жерде болмасын, әдептіліктен танбауға тырысамын. Тыңдармандарыма тек жақсы әндерімді арнап, қазақ қызына тән инабаттылығымды сақтап, алдарында басымды иіп өткім келеді. Әлгіндей қазақ жігіттерін «өз ұлтына қарсы шығып жүрген дұшпандар» деп есептеймін. «Бұларың дұрыс емес. Мақпал – қазақ халқының мақтанышына айналған қыз. Зәкеңнің қазасынан кейін қайғырып жүрген шығар. Ана бейнематериалдың көзін құртыңдар!» деп айтатын адам табылмай тұр. Бүгінде ештеңеге таңғалмайтын болдым. Бірақ, өз-өзіме сақ болып, әрбір қадамымды аңдап басатын болдым. Еркелейтін кез кеткен сияқты…

  Жаз айларының бірінде қызым екеуміз бір аптаға бірнеше өнер адамдарымен бірге Алакөлге бардық. Әрі концерт қойдық. Қызым екеуміз купальникпен суда жүзіп жүрсек, жұрт жағада тұрып алып, суретке түсіріп жатыр. Өзімді сондай ыңғайсыз сезіндім. Екі сағат бойы судан шыға алмай тұрдым. Жанымдағы достарыма «Қолтаңба алайық деп едік» дейтін көрінеді. Қолтаңба алғылары келсе, басқа жерде де алуға болады ғой. Жұрт барған асханадан  біз де тамақтанамыз. Қайсыбіріне түсіндіріп айтайын? Жаныма күзетші ертпеймін. Көпшілік жиналатын жерге барамын. Өзім адамдардың бәрін жақсы көремін. Әлгі жігіттерді де пасықтыққа барады деп ойламап едім. Кейде айналамдағылар: «Мәке, сізге жалғыз жүруге болмайды. Жаныңызға күзетші алыңыз. Сіз қазаққа керексіз» деп айтып жатады. Алайда, өз халқымды соншалықты жақсы көретіндіктен, бір қазақ маған жаманшылық жасайды дегенге сенгім келмейді. Жоғарыда айтып өткен бейнематериалды екі жылдан кейін біреулер мекен-жайыма пошта арқылы салып жіберіпті. Бұны «Сен бақылаудасың» деген сөз деп ұқтым. Қазір гастрольдік сапарлар кезінде қонақүйде душқа түсуге де қорқамын. Кейде «Өмір бойы қорқынышпен өтемін бе?» деп, өнерден кеткім де келеді. Тып-тыныш ауылға барып тұрсам деймін. Алайда, “халықтың маған артқан сенімін таптағандай боламын ба…” деп те ойлаймын. Өйткені, әнімді сүйіп тыңдайтын тыңдармандарым бар. Осы уақытқа дейін әкімшіліктің көмегі арқылы концерт қойған адам емеспін. Жасыратыны жоқ, бізде әкімшілік арқылы халықты концертке зорлап келтіретін, билетін зорлықпен алдыратын әншілер де бар.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

 № 1 (42). Қаңтар. 2009 жылғы санында)

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ 

Пікір қосу