Еліміздегі «Болашақ» қауымдастығы «Bolashak Lunch» қайырымдылық лотереясы өткізілетінін жариялайды. Оның жеңімпазы еліміздегі танымал әнші Қайрат Нұртаспен бірге түскі асқа барады.

Ұтыс ойынға қатысу үшін lunch.bolashak.kz сайтына кіріп, сомасы 1000 теңге құрайтын билет сатып алу жолымен қайырымдылық үлес жасау керек. Кез келген қатысушы үшін сатып алатын билет саны шектелмейді. Сондай-ақ, қайырымдылықты анонимді түрде жасауға да болады. Төлем қабылдау аяқталғанан кейін кездейсоқ сан генераторы жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаз Қайрат Нұртаспен бірге түскі асқа баратын болады. Бас жүлдемен қатар қонақтың қолтаңбасы қойылған естелік сыйлықтар да ойнатылады, деп хабарлайды қауымдастықтың баспасөз қызметі.

«Bolashak Lunch» лотереясын өткізудің басты мақсаты — қайырымдылыққа қаражат жинау. Жиналған қаржы «церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған балаларға көмекке жұмсалады. Лотереяға қатысуға өтініштер 2016 жылғы 30 қарашаға дейін (қоса алғанда) қабылданады.

Ұйымдастырушылар мен серіктестер: «Болашақ» қауымдастығы, «Monaco» отелі, «Нұрбанк» АҚ қаржы қолдаумен.

Естеріңізге сала кетсек, «Bolashak Lunch» қайырымдылық лотереясының алғашқы қонағы Олимпиада ойындарының жүлдегері Василий Левит болды. Ол кезде 173 мың теңге жиналған еді. Бұл қаражат 2008 жылғы балалар аутизмі және Аспергер ауруына шалдыққан Қуантқан Шерханның көпсалалы мамандар тобымен (психолог, эрготерапевт, логопед) 3 айлық қалпына келу курсын өтуге жұмсалды.

Пікір қосу