Құралбек Ордабаев Досжанұлы – қақпашы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Туған жылы: 6 тамыз, 1949 жылы
Туған жері: Шымкент қаласы
Білімі: «Металлург» футбол мектебінің түлегі (Шымкент).
Еңбек жолы:
- 1984 ж. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы;
- «Қайрат» футбол командасының құрамында КСР чемпионатында 185 ойынға қатысқан;
- Халықаралық теміржолшылар одағы жарысының кубогы иегері;
- 20 ғасырдың 70-жылдарындағы еліміздің ең үздік қақпашысы;
- 1992 – 1995 ж. «Қайрат» командасының бастығы, вице президенті;
- 1996 – 2000 ж. Қазақстан футбол ассоциациясының президенті;
- 2003-2008 ж. «Қайрат» футбол клубының президенті.
- Қазіргі таңда Алматыдағы №4 олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры
Бала Құралбек Досжанұлы
Бала Құралбектің қақпашылыққа ден қоюы да қызық. Өзімен бірге доп қуған балалардан жасы кіші болмағанда, ол мүмкін қолғап кимес те еді. Команданың ең кенжесі Құралбекті үлкендер жағы алдап-сулап қақпаға тұрғызып қояды екен. Осылайша, ол Шымкент қаласындағы №26 Жамбыл атындағы орта мектептiң негізгі қақпашысына айналды. Мектепаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көріне бастайды. Оның өнерін шымкенттiк «Металлург» футбол клубының бас бапкерi Виктор Плясунов сырттай бақылап жүріпті. Онжылдықты бiтiрерде Плясунов Құралбекті өз командасына шақырады. Бапкердің көмегiмен ол бас-аяғы бiр-екi жылда нағыз қақпашы болып қалыптасты. Айтпақшы, Құралбектің «Қайрат» құрамында ойнауына әкесі Досжанның айтқан бір ауыз кесімді сөзі әсер етіпті.
Құралбек Ордабаев: «1968 жылы, яғни 18 жасымда «Металлург» командасының қосалқы құрамына қабылдандым. Негізгі команданың сапына өту үшін менің екі-үш жыл уақытым кетті. Ал команданың негізгі қақпашысы болу үшін тұп-тура бір жылымды сарп еттім. 1970 жылы қараша айында маған өзбекстандық «Пахтакор» футбол клубы «құда түстi». Осыны естiген «қайраттықтар» iле-шала менi өз сапына алғысы келiптi. Сөйтiп, 1971 жылы алматылық даңқты команданың сапына ауыстым. Шынымды айтсам, алғашында «Пахтакорға» барғым келген еді. Өйткені, Ташкент елге жақын еді. Бiрақ әкем көнбедi. «Қазақтың баласы өзбек командасында ойнамайды», – деп шорт кесті. Міне, содан кейін таразының басы «Қайратқа» ауып түсті».