акжол

– «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтпақшы, бүгінде тыңдарман қауымды есті әндермен қаншалықты сусындата алып жүрміз?

– Тыңдағанда жаныңды толқытып, жүрегіңді тебірентетін, үлкендер де, жастар да сүйіп тыңдайтын есті әндер бар. Алайда сапасы көңілге қонымды әндерге қарағанда тұшынып тыңдауға келмейтін есер әндердің саны басымырақ. «Қазақ радиосының» көркемдік кеңес құрамындағы елімізге белгілі әншілер, композиторлар мен ақындардың айтуынша, соңғы уақытта тақырыбы және мәтіні әуенімен үйлеспейтін әндер көбейіп кеткен. Мәселен, өлеңі мұңды болса, әуені ойнақы дегендей. Араларында өңделуі нашар, орындаушының кәсіби шеберлігі төмен әндер де кездеседі. Сарапқа салынған әндердің 100 пайызының 5-10 пайызы ғана радиоға жіберілетін көрінеді. Меніңше, сапасыз әндердің көбейіп кетуінің түп төркіні – қазір кәсіби композитор ғана емес, тракторшы да, саясаткер де ән жазатын болып кетті. Соңғы рет өзім Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы «Сәби жүрегі» әнін естіп, бейнеклипін көріп, бір жылап алғанмын. Осындай терең ойлы, тақырыбы салмақты әндер ұнайды. Билеуге ыңғайлы, ойнақы әндер де көңілімнен шығады. Алтынай Жорабаеваның репертуарындағы «Өмір-өзен» «Қазығұрттың басында кеме қалған» және Жәкен Омаровтың орындауындағы «Зікірулла» әндерін де тебіреніп тыңдаймын. Осы орайда, тек гитарамен ғана ән айтып жүрген «Каспий» тобының өзге топтарға қарағанда өзіндік ерекшелікпен құрылғанын айта кеткім келеді.

– Сұхбаттарыңызда «жұлдыз» ауруына шалдыққан жас әншілерге деген наразылығыңызды ашық айтып жүресіз. Қалай ойлайсыз, «жұлдыздықты» бастан кешу дегеніміз – әрбір жас әнші өтпей қоймайтын кезең бе, әлде..?

– Кезінде «Алло, мы ищем таланты» атты 15 одақтас республика әншілерінің арасындағы бүкілодақтық байқауда «Айгөлек» әнімен бас жүлдеге ие болғанмын. Көшеде көрген жұрт мені танып, қолтаңба алып, суретке түсірсе, әр аймақтан келген тыңдарман хаттарында есеп болмайтын. Сонда да танауымды көтеріп, жұртқа сәлем беруге ерінетін қылық танытпаппын. Қарапайым Ақжол болып қала алдым. Жалпы, кішіпейілділік әкенің қанымен, ананың сүтімен, отбасында алған тәрбие арқылы бойға дариды-ау деймін. Бибігүл Ахметқызы «Қазір аспандағы жұлдыздан жердегі жұлдыз көп» деп қалай дәл айтқан?! Бүгінде көпшілік жас әншінің «жұлдыз» ауруымен ауыратыны жасырын емес. Кеше ғана ауылдан келген жігіттер екі ән жаздырып, мюзиклдерде ойнап, бағдарлама жүргізіп, елге сәл танылғаннан кейін ешкімді «танымай» қалады. Бұл пікірімді газет-журнал арқылы да, теледидар арқылы да айтып жүрмін. Осы сөздерім үшін мені кейбіреуі жек көрсе де, ізімізден еріп келе жатқан жастарға  қашанда құрметпен қараймын. Жастар жайлы теріс пікір айтқым да келмейді. Олар – біздің болашағымыз. Дегенмен қазақы болмыстан ажырап, адамгершілікті, үлкенді құрметтеуді, сәлем беруді ұмытпаса екен деген ағалық тілегімді жеткізбей тұра алмаймын. Рас, көрген жерде амандасып, ұшып түрегеліп орын беретін кішіпейіл жастар да бар. Араларында сын қабылдай алмайтындары да кездеседі. Әніне не киіміне қатысты ақыл-кеңесіңді айтсаң, сені дұшпан санайды. Сондықтан жастарға қатысты пікірімді ешқайсысының атын атамай, жалпылама түрде айтатын болғанмын. Егер осы сұхбатты оқыса, өздерін танып, ой түйер деп ойлаймын.

– Ал жас әншілердің сахналық киім кию мәдениеттері қай деңгейде?

– Кеңестік заман кезінде Алматы филармониясының директоры болған Қабиден Тұяқаев ағамыз шалбарымыздың балағын көтеріп, қандай шұлық кигенімізге дейін тексеретін. Сахна төріне қолға ілінгенді киіп, алба-жұлба кейіппен шыға салуға болмайды. Өзіме «МузАРТ» ансамблі әншілерінің сахналық киімдері ұнайды. Қазір кей жас әншілер арнайы сахналық киім тіктірудің орнына дүкендерден кәдімгі костюм-шалбарды сатып алып, халықтың алдына соны киіп шыға салады. Жиналысқа қатысатын адам секілді ақ көйлек киіп, қылғынып галстук тағып алатындарын қайтерсің? Енді бірі тізесі жамау-жамау джинс шалбар  мен кепка киіп алады. Мүмкін, заманауи үлгімен киінгілері келетін шығар. Дегенмен Еуропаға еліктеудің де шегі болу керек.

– Маусым сайын шетелге барып демалады екенсіз. Сапар кезінде шетелдік әншілердің концерттеріне де барып тұрасыз ба? Отандық және шетелдік шоу-бизнестің қандай айырмашылықтарын байқап жүрсіз?

– Барып тұрамын. Еуропа, АҚШ елдері шоу–бизнесінің деңгейі «шоу-бизнес» деген атауға әбден лайықты. Шетелде өнер саласында жүрген жандар өз шығармаларын сатып, тиесілі ақыларын алады. Ал бізде жас сазгерлер болмаса, үлкен ағаларымыз сату дегенді білмейді. Әндерін сый ретінде береді. Ақша ұсынсам, ұялып қала ма деп ойлап, мүмкіндігінше сыйлық жасауға тырысамын. Елімізде Композиторлар, Жазушылар одағы бар. Ал Әншілер одағы деген жоқ. Егер әншілердің бәрі бір ұжымға біріксе, ауызбіршілік болар еді. Өз құқымызды қорғап, тиісті жерлерге айтар сөзімізді өткізер едік. Телевидение мамандарына қояр кінәм жоқ. Бағдарламаларына шақырып тұрады. «Жасы келген әнші, кімге керек?!» демейді. Құрметтейді. Алайда ол азаматтарға айтарым: кеңестік заманда бағдарламаларға қатысқанымыз үшін ақы төленетін. Қазір бәрі тегін. Өнерпаздың да еңбегі тиісінше бағалануы керек деп ойлаймын. Әкімшілік тарапынан ұйымдастырылатын мерекелік концерттерде өнер көрсетсек, ақысы төленеді. Мен бизнесмен не олигарх емеспін. Мамандығым әнші болғандықтан, тойларға барып тұрамын. Қалтасы қалың азаматтарға нақты бағамды айтамын. Қарапайым ғана тіршілігі бар той иелері көмек сұраса, ақы алмай-ақ әнімді айтып беремін. Осы орайда, біздің Нұрағаңдай Елбасы ешбір елде жоқ екенін айтқым келеді. Бұл жағымпазданып, жалпақтап айтқан сөзім емес. Ақжол қажы ретінде әрдайым айтып жүремін. Еліміз аман, халқымыз тыныш болса, Алланың нұры жауып тұрған қазақ мемлекетін Нұрағаң талай биікке шығарады. Тек келешекке сеніммен қарап, жалқаулықтан арылуымыз керек.

– Грузия елінде фонограмма қолданған әншіні 3 жылға бас бостандығынан айыратын көрінеді. Егер сондай заң біздің елге де келіп жетсе, кей әншілердің күні не болар екен?..

– Әншілердің 100 пайызының жартысы демесем де, біразы басқа жұмысқа кетер еді. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер дайын әнжазбаның арқасында әнші  атанып жүр. Тойларда, жиындарда ағалар домбыра беріп, «жанды дауысыңды тыңдайық» деп қолқа салса, «айта алмаймын» деп үркіп отыратындарды да көріп жүрміз. Бізге де фонограммаға тосқауыл қоятын заң керек. Рас, телевидение түсірілімі кезінде  дыбыс таза шығу үшін режиссерлер бізге «фонограмма қолданыңыздар» деген талап қояды. Ал өзге мәдени іс-шараларда тек жанды дауыспен ән саламын.

Қазіргі  «Әнші болғым келеді»,  «Әнші балапан» байқауларында балалар да фонограммамен ән айтып жатады. Продюсерлердің неге сондай қылыққа баратындарын түсінбеймін. Балаларымызды кішкентайларынан бастап өтірік айтуға үйретіп келеміз.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№ 9 (50) Мамыр 2009 жылғы
 санында) 

Сұхбаттасқан Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ

Пікір қосу