– Көптеген әншілер жанды дауыспен ән айтудан қашады. Ал сіздің болашақта тек жанды дауыспен ән айтуыңыз мүмкін бе?
– Әрине, мүмкіндік болып жатса тек жанды дауыста айтатын едім. Телевидениедегі режиссерлер көбінесе фонограммамен айтқанымызды қалайды. Оның үстіне, біздегі сахналар да жанды дауысқа келе бермейді. Ендеше, жанды дауыста айтқанға не жетсін?! Анық жанды дауыста ән айтып шығу керек болатын болса, өз басым қашпас едім. Анам кішкентай күнімнен өнерге баулыды. Ол кісі “Мен сенің өнеріңе ешқашан тосқауыл қоймаймын. Тек айтатыным, біздегі болатын байқауларға қатыспа. Қазақта бұрыннан-ақ әділетсіздік болып келе жатыр, бола да береді. Босқа сағың сынып, көңілің қалады” деген еді. Өзім де солай ой қорытып отырмын. Енді байқауға қатыспаймын. Бар тілегім – орындап жүрген әндерім халық көңілінен шығып, өз бағасын алып жатса, содан артық байқау да, байлық та жоқ.
– Сіз балабақшада жүрген кезіңізде Дінмұхамед Қонаевтың алдында ән айтыпсыз. Артқа шегініс жасап, сол күнді еске түсіріп көріңізші…
– Кішкентай күнімде Алматы қаласында санаулы ғана қазақ балабақшалары болатын. Солардың бірі – музыкалық балабақшасы. Толғанбай атты ағайымыз бізге арнап көптеген әндер жазып, айтқызатын. Мәскеудегі “Мосфильм” киностудиясынан мамандар келіп, біздің балабақша туралы деректі фильм түсірген. Ал Дінмұхамед Қонаев атамыз тамашалаған концерт еміс-еміс есімде. Онда Толғанбай ағайдың “Балабақша бағында” деген әнін орындап шықтым.
– Бір сұхбатыңызда суретті жақсы салатыныңызды айтыпсыз. Біраз жылдардан кейін әнші Ақбота суретші Ақботаға айналуы мүмкін бе?
– Ақбота басқа қырынан көрінуі мүмкін, бірақ суретші Ақбота бола қоймайтын шығармын (күлді). Рас, кішкентайымнан жазуым жақсы болды, суретті жақсы салдым. Мектепте дене шынықтыру, сурет, ән-күй сабақтарын жақсы көрдім. Шыны керек, бағаны қабырға газеттерін шығарып, ән айтып, жарыстарға қатысып жүріп алатынмын.
– Қазір қолыңызға қылқалам алып, сурет салып тұратын кезіңіз бола ма?
– Жоқ, қазір сурет салатын мүмкіндігім болмай жүр. Жасыратыны жоқ, қаламды тек қолтаңба бергенде ғана қолыма аламын. Үлкен ұлым суретті жақсы салады, жан-жақты болып өсіп келеді.
– “Досы жақсының өзі де жақсы” дейді халық даналығы. Достарыңыз қандай жандар?
– Достасуға ниеттенген адамның барлығын жылы қабылдаймын. Ешкімді жатырқамаймын. Сатқындық жасап кеткен достарды да көрдік. Өмірдің ақ-қарасын қатар көріп келе жатырмын десем, артық айтқандығым емес. Дегенмен, түзу жүрген адамның жолы ақ дейді ғой. Ешкімнің ала жібін аттап, біреуге қиянат істеп көрген жан емеспін. Анам кішкентайымнан түзу жүруге тәрбиеледі. Дұрыс айтасыз, адамды досына қарап тану керек. Достың шынайылығы, жалғандығы басыңа іс түскенде білінеді екен. Бірақ, Құдайға шүкір, жақсы достарым көп.
– Ал шәкірт тәрбиелеу ойыңызда жоқ па?
– Шәкірт тәрбиелеп, өзім сияқты әнші жасау ойымда жоқ. Арманым – үлкен продюсерлік орталық ашу. Қаншама талантты жастардың өнерге шығуға еш мүмкіндіктері болмай жатады. Соларға қол ұшымды созып, көмектессем деймін. Бірақ, дәл қазір мұндай мүмкіндігім жоқ.
(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№ 9 (50) Мамыр 2009 жылғы
санында)
Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН