Несіне өлемін деп өкінемін
Қайғыдан қарс айырылған көкірегім
Көз жұмсам елге апарып қоярсыңдар
Соңғы рет сенен соңы өтінемін
Өзін деп өтіп еді-ау бар қызығым
Барады ау оттай жанып тән қызуым
Мүмкін бұл менің соңғы демім шығар
Аман бол, қайда жүрсең жалғыз ұлым.

(Алтынбек Қоразбаев, «Қара шал» әні)

Уақытпен жарысып, жүйіткіген поезд ішінде әлдебір қараңғылық орнағандай. Сырт көзге білдіргісі келмеген ананың ішіндегі қайғыға толы жанарын көз жасы жуды. Өткен өмірін ой елегінен өткізіп, кешегі бақытты күндерін еске алды…

Күләш ананың арқа сүйер азаматы, балаларының әкесінен айырылғанына 20 жылдың жүзі болған. Отағасынан көз жасып қалған жалғызбасты ана артынан қалған тұяғы Айнұр мен Аманды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Күләш ана таңертеңнен кешкен дейін бір үзім нан мен қара су үшін еден жуып, қоқыс жинап күнелтетін. Балаларының өз жолдарын тауып, біреудің ала жібін аттамай, адал өмір сүрулерін, олардың аман жүргендерін күні-түні тілеп, балаларының қамы үшін тынбай еңбек етті.
Жаздың жайма шуақ күндері. Күләш ананың қуанышында шек жоқ. Жақында ғана қызын ұзатып, қияға қондырған ананың ендігі күні ұлы үйленіп, шаңырақ көтермекші. Сол күні жалғызбасты ананың осы күнге жеткенше көрген азапқа толы күндері мен қиын түндері артта қалғандай көрінді. Сондықтан да көзінің қарашығындай қараған қарашаңырағына келін түсіріп, Аманының қызығын көріп, немерелерін құшағына құшып, оларға ертегі айтып ұйықтатуды армандаған ананың бүгінгі толғанысы ерек еді.
Таң атысымен Күләш ананың үйіне келушілердің қатары көбейді. Бәрі тағдырдың қатал сынағына мойымай, еңсесін көтеріп, балаларын ержеткізген ананың қуанышына ортақтасып келді. Жалғыз ұлының ақ босағасын аттағалы отырған қыздың жүзін көруге бәрі асық. Баласының қалауына қарсы шықпай, келінін алғаш көргелі отырған болашақ ененің де жүрегі алып-ұшып барады.

Бір кезде даладан көліктің дыбысы мен «Келді, келін келді» деген дауысқа елең ете қалған анада елмен бірге сыртқа шықты. Бір қарағаннан-ақ көзге түсетін үрімдей жас, әп-әдемі сұлу қыз көліктен түсті. Сол кезде Күләш ана осы күнді көруге жазған құдайға шүкіршілігін айтып, келінінің маңдайынан сүйіп, ақ орамалын жау­ып еді. Тек жүрек шіркін… Бүгінгі күннің ертеңгі күні қайғы әкелетінін сезсе ғой…

pso536_7la8

Келесі күні «тәтті шәй» деп келіннің қолынан шәй ішуге үй іші ерте тұрды. Сол-ақ екен келін бірден кердең қағып, сыртына шыққанша толтырған кесені тарс қойып, өзін әдепсіз ұстады. Осылайша арада біраз уақыт өтіп, сырт көзге сыпайы, кішіпейіл көрінетін келіннің үйдегі қылықтары көрші-қоланның құлағына да жетті. Жарының аяулы анасын жақтырмай, үйге келген қонақтарға безере қарап, әрнәрсеге көңілі толмайтын кербез келіннің мінезі ел аузында айтыла бастады.
Мөлдір Аманның жуастығын пайдаланып, айтқанын істететін. Ол не айтса да соған бас шұлғып отыратын Аман келіншегінің бетін қақпайтын. Осылайша жас келін түске дейін ұйқысын қандырып, асықпай оянып, үй ішінде білгенін істеуді шығарды. Осының бәрін көріп жүрсе де, іштей тынып, баласының көңіліне кірбің түсіргісі келмеген Күләш ана келініне барлығын жай сөзбен түсіндіруге тырысатын. Келінінің кері әрекеттерін көрсе де ашу шақырып, оған дауыс көтерген емес. Бірақ Мөлдір қателігін түсініп, әдепсіз қылықтарын түзей қойған жоқ. Керісінше ана мен баланың арасына от салып, Аманды анасына қарсы айдап салуды шығарды. Осылайша Күләш ананың айрандай ұйыған шаңырағы шайқалды. Аманның өзі адам танымастай өзгерді. Анасына қарсы сөз айтпайтын баласы оған тіл тигізе бас­тады.
Бір күні Күләш ана келінінің: «Сенің анаңның қит етсе ауырып, жатып қалатынынан шаршадым. Оның өзіне жеке ас әзірлеп, тамағының тұзын өлшеп, қашанғы жүремін?Оны қарттар үйіне өткізейік. Ол жерде бізге қарағанда жақсы күтім жасайды. Ауыра қалса, дәрігерлері де жанында», — деп баласына айтып жатқан сөзін естіп, жүрегі көтере алмай төсек тартып қалған-ды.
Анасының мұндай күйге түскеніне кінәлі екенін сезінген Аман күн сайын ауруханаға келіп, қамқор болып жүреді. Алайда ана жүрегі жыли қоймады. Себебі оның жаны жараланды. Әйелінің қарттар үйі туралы айтқан сөзіне келісім бергенін көрген ана үшін бұдан асқан қорлық жоқтын.
Араға бір апта салып, Күләш ана ауруханадан шығады. Баласы келем дегенше киім-кешегін жинап қойған ана «Балам, өзіңді күт. Аман бол!» деген ақ қағазға жазылған бір парақты төсек орнына тастап, станцияға келеді. Артына ұзақ қарайлап, жүрдек поездге отырған ана жүректегі жараның бетін жауып, алыстағы қызына, үміт сәулесіне еріп кете барады.

Пікір қосу