– Роза, өлеңіңізде: Өнеріңе қарық болған жұрт, Өміріңді де тергемек, – дейсіз ғой. Бүгін сізбен өміріңізді тергеу үшін емес, сыр ақтару үшін сұхбаттассақ деп едім…
— Әрине, сырласар жан болса, мен әзірмін.
-Қазаныңыз бар, қаламыңыз бар, микрофон мен калкуляторыңыз да қолыңызда. Өмірде төрт құбыласы түгел жанмын деп айта аласыз ба?
-Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Мен қаламның табынушысы шығармын, бірақ калкулятордың табынушысы болған емеспін. «Орамал» деген әнмен тағдырым тікелей байланысты болғаннан кейін, осы әнмен алғаш танылғаннан кейін орамалды дәріптеу, қазақ әйелдеріне орамал таққызу, орамалдың киесін ұқтыру өзімнің негізгі мұратым деп білемін. Сосын «Сауданың берекесін Алла береді» дейді және Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да «Саудамен айналысыңдар, сауда – адал іс» деген. Оның үстіне осынша бала өсіріп отырған соң олардың жауапкершілігі бар. Кейін біреуіне кәсіп болар деген оймен «Мен сыйға тартқан орамал» атты дүкенімнің жұмысын жүргізіп отырмын. Бұл кәсіпті бастағаныма бір жылдың жүзі болды. 1 қазан күні дүкеннің бір жылдық мерейтойына орай «Ақ орамал аруы» атты байқау ұйымдастырудамыз. Басты талап – қатысушы қыз-келіншектер басындағы орамалы арқылы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қазақ әйелінің образын көрсетуі тиіс. Қазақылықтың иісі аңқыған бұл байқауымыздың жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар ұсынып отырмыз.
– Елге әнмен ғана емес, оюлы зерімен «сіз сыйға тартып» жүрген орамалдардың сапасы сын көтере ме? Бағасына байланысты түрлі пікір бар…
– Бағасына қатысты сіздің әріптестеріңіз, яғни менің әріптестерім өте жалған ақпарат таратып, халықты шошытып қойды. «Сіздің басыңыздағы орамал қанша тұрады?» деп сұраған соң, мен «15 мың» деп айттым. Содан ел-жұрт орамалдардың бәрі 15 мың теңге тұрады деп ойлап қалды. Дүкенімізде сатылымда 1000 теңгеден 35000-ға дейінгі орамалдар бар. Әркім қалтасы көтергенше алады. Мата Қазақстанда шықпағанымен,орамал тікелей Алматыда өндіріледі.
- -Мен әлі тірілемін!
- Бұрымды сілкіп тастап,
- Өкініш парақтарын кеудемнен жыртып тастап,
- Сол сәтте дұшпандарым, сесімнен үркіп қашпақ.
- Мен әлі көрсетемін
- Үміттің өлмейтінін,
- Бар жұлдыз сөнбейтінін,
- Бір Аллам берген қуат,
- Бұғауға көнбейтінін!
- Мен әлі жарқ етемін,
- Ант етемін! Осы жырдың туу тарихын айтып беріңізші…
– «Мен әлі жарқ етемін, ант етемін!», «Ән салшы, Роза», «Алға, жолаушы» деген өлеңдерімнің барлығы қазан-ошақтың басында қамығып, қара баланың қамынан басқа ештеңеге алаңдай алмай, қарайып қалған кезде ішкі бұлқыныстан туындаған болатын. Сахнаға деген сағыныш, болашаққа деген бұлыңғыр күмәнмен жүргенде жаздым. Адамның тағдыры түрлі болғаны да дұрыс екен. Әйтпегенде дәл осындай өлеңдер жазылмас еді. Жүректен шықпаған дүние жүрекке қонбаған болар еді.
Өлеңінен ажырамас әйелмін,
Баласының бұтын жуып жатып та, – дегенімдей, ақын болмасам да, ақындарша өмір сүретін, жаратылысынан жараланғыш, әсершіл адаммын.
– Қаламдасыңыз Бақытгүл Бабаш: «Тұрмыстағы келіншек неге әлі махаббатты жырлап жүр?» дегенді естіп жылап қалатынмын. Көкірегіме келіп кептеліп тұрған қанша өлеңді сол сөзді енді естімейінші деп өлтірдім де. Бұл мен үшін үлкен азап еді» деген екен. Өлеңіңіз үшін өзіңізді кінәлі сезінген кездеріңіз болды ма сіздің? Жалпақ жұртқа жарияламайсыз, бірақ жолдасыңыз өлеңдеріңізді оқитын шығар?
– Мендегі бары он өлең ғана шығар. Осы айтыста ақындар мектебі болғанда ғой, шіркін деп қатты өкіндім. Кішкентай ғана совхозда өстім, егер біздің ауылда бір ақын болғанда, сол кісіден өлеңнің жүйесін, ақындық болмысыңды қалыптастыру дегеннің бәрін үйренер ме едім?! Қалқаман Сарин: «Бұл Әлқожаның ішінде бір журналист, бір ақын өліп жатыр», – дейді. Бірақ өзімді ақын деп санамаймын. Ақын ретінде қалыптаспағандықтан, өлеңді жасырып жазамын. Басқа ақындар сияқты шеберлік болмаған соң өлеңнің атасы қара өлеңмен өре беремін. Қайтыс боларының алдында Фариза апамыз: «Сен өлең жаз», – деп кетті. «Апа, мен ақын емеспін ғой», – деп едім, «Жоқ, сен жаз!» – деді. Қазір мені сол жауапкершілік қинайды. «Неге Фариза апам соңғы сөзінде өлеңді маған аманаттады екен?» деп ойланамын. Өлең деген – шексіз қиялдың жемісі ғой. Оны жерде өмір сүретіндердің түсінуі мүмкін емес. Адам аспанда, ғарышта қиялдап отырып жазады. Әу баста мен өмірлік жарым түсінетін болғаннан кейін, менің өлеңімді, өнерімді өзімнен жоғары бағалағаннан кейін етегінен ұстағам. Сондықтан күйеуімнің әнші ретінде түсінгені де жететін шығар. Өлең жазылып жатса, өлгеннен кейін ғана жарыққа шығар.
(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№19 (229) қыркүйек 2016 санында)
Сұхбаттасқан Айнұр ТӘҢІРБЕРГЕНҚЫЗЫ