Бүгінде қоршаған ортамыз біз білмейтін сан түрлі тылсым құбылыстарға толы. Салдарынан «дуа жасап, басын айналдырып алыпты» деген алып-қашпа әңгімелерді де жиі естиміз. Сондағы мақсат – бизнес тасын өрге домалату немесе біреудің жолын байлау, қала берді біреуді өзіне қарату сынды харам ниетті іс-әрекеттер. Нәтижесінде азғырғанның арбауына түскендер, дуакештердің жолын жағалап жүр. Ал жын-шайтандардың араласуымен іске асатын сиқырдан зардап шеккендердің тағдыры тіптен бөлек әңгіме.
«Біз бақытты отбасы едік»,-деп әңгімесін бастады Серік есімді азамат. «Қара шаңырақтың түтінін түзу түтеткен айрандай ұйыған жанұяның отағасы, шекесі торсықтай екі ұлдың әкесі едім. Жұбымыз жазылмай жүретін Жазира екеумізге туған-туыстар мен дос-жарандар қызыға да, қызғана да қарайтын. Ел аузында махаббатымыз шексіз дастан секілді жырланатын. Достарымызбен жиналған сауық-кештерде екінің бірі екеумізді бақытты жұп дейтін», – деп ұзақ үнсіз тұрған Серік: «Бірде әріптестерімізбен көңіл көтеру үшін жиналатын болып келісіп, бәріміз жұптарымызбен келуге уәделестік. Бойдақтар қыздарын ертіп келеміз деді. Сонымен не керек, қоңыр кештің әсем күзінде бір мейрамханада жиылдық. Бір-бірімізге ақ тілектерімізді айтып, әндетіп отырған тұста менеджер Ерлан есімді жігіт бет-аузы бес елі боялған, қысқа белдемше киген қызбен кіріп келді. Айжан деп өзін таныстырған қыз, жұмыс істейтін компаниямызға қарама-қарсы тұрған сән салонында қызмет атқарады екен. Кеш бойы ащы суды ішіп, қайта-қайта билеген қыздың маған деген көзқарасын әйелім сезсе керек, жиын аяқталмай үйге кетіп қалдық. Бәрі сол күннен басталды», – деп әңгімесін жалғастырды.
«Жұмыс күні басталып, кеңсемде отыр едім. Хатшы қыз қонақ келіп тұрғанын ескертті. Ойымда ештеңе жоқ, кім екенін сұрамастан кірсін дедім. Есіктен Айжан кіріп келді. Неге келгенін түсінбестен: «Иә, қандай жұмыстармен жүрсіз?» – дедім. Ол: «Жәй сізді көргім келді», – деді. Жауабына ыңғайсызданып қалғанымды байқаған болу керек, бір кезде күлімсіреп «Жұмыс іздеп жүрмін. Жоғары білімім бар», – деп қысқа қайырды. Қыздың көңілін қалдырмайын деп «Қарастырып көреміз», – дедім де шығарып салдым. Сол сәттен бастап ұялы телефоныма тыным болмады. Күнде хабарласып, жұмыс туралы сұрай берді. Сөйтіп жүріп жұмысқа да орналасты. Ол қыздың қандай екенін біле тұра жұмысқа қабылдағаныма әйелім менімен сөйлеспей, ренжіп те жүрді. Сол кезде жасаған жақсылығым өзекті өртейтін өкінішке айналатынын сезсем ғой, шіркін….», – деп күрсінді.
«Кейін ол қыз менің басымды айналдыра бастады. Отбасымның берекесі қашты. Күнде әйеліммен ұрсысып, үйден кетіп қалуды шығардым. Сөйтіп жүріп Айжанды көрмесем тұра алмайтын жағдайға жеттім. Тіпті ғашық болып оның айтқандарын бәрін істедім. Ақшамды да аямадым. Достарымның барлығы: «Шаңырағыңды шайқалтып не істеп жүрсің? Ол қыздан не таптың?!», — деп ақыл да айтты. Бірақ менің көзім ешкімді көргісі, құлағым естігісі келмеді. Уақыт өте келе үйге баруды да қойдым. Балаларымнан да безіп кеттім. Бір сәтте өмірім өзгеріп сала берді. Әйеліме деген шексіз сезімім күлге айналып, күні-түні Айжанды ойламасам тұра алмайтын халге жеттім. Құйтырқы әрекеттерімнен шаршаған әйелім шарасыз мүшкіл күйге жетті. Шаңырақ көтергелі келіншегіме бір де бір рет қол көтермек түгілі, дауыс көтермеген мені шайтан азғырды. Бірде киімдерімді жинап: «Ажырасамын, сені енді жақсы көрмеймін, Айжанға кетемін», – дедім. Өксікпен жылаған жан жарым мен аяғыма жармасқан ұлдарыма қол көтердім. Қара шаңырағымның ортасын өз қолыммен қақ айырдым. Артыма қарамастан жылы ұямнан алыстап кете бардым», – деп әңгімесін осы жерден тоқтатты.
Ары қарай қазбалап сұрауға ұялсам да, одан кейін не болды дедім. Сөзін жалғастырған Серік: «Арада бір ай өткен соң достарымнан келіншегімнің күн санап солып бара жатқандығын естідім. Ауылдан мені іздеп келген анам: «Балаларыңа, әйеліңе барсаңшы, бұл қай тірлігің? Өміріңді өксіттің-ау, шырағым. Дуакешке байланып, қор болдың-ау, құлыншағым. Қартайғанда қасірет көрсететіндей не істедім саған, Аллам», – деп өксікпен жылады. Бірақ менің санамның бәрі қара түнек, жүректе мейірім сәулесінің ұшқыны да жоқ еді. Бір күні кеңседе отырған едім. Телефон шырылдап, тұтқаны көтердім. Анамның жылаған даусы үзіліп әрең шықты. «Айырылып қалдық. Жазира бізді тастап кетті», – деді де тұтқаны қоя салды. Сол сәтте жүрегім сыздап қала берді. Аяғым дірілдеп, өзімді ұстай алмай үйге қарай құштай ұштым. Ақ матада оралып Жазира жатыр. Өз көзіме өзім сенбей оны құшағыма қыстым. «Жоқ…Жоқ… Мүмкін емес. Менің Жазирам мені тастап кете алмайды. Қалайша? Қалай?» деп ащы дауыспен жыладым.
«Осылайша жан дүниесі жадыраған әйел, мейірімді ана, аяулы жарымнан айырылдым. Айналасына үнемі мейір-шапағатын төгіп, жанында жүргендерге мейіріммен сүйсіне қарап, әрқашанда мұң-қайғыға төзіп, сабыр сақтайтын жан жарымнан айырылдым. Құшағыма тығылған қос құлынымның көз жасын көріп өткеніме өкіндім»-, деп көзіне жас алды.
Арада біраз уақыт өткен соң, анамның айтуымен емшіге қаралдым. Емші дуаланғанымды, дуаның күші соншалықты берік екенін айтты. Сонымен күнде емдеген ол дуаның күшін қайтарды. Сол сәттен қара сиқырдан тазарған бойыма қан жүгіріп, қара түнекке айналған өміріме жарық сәуле түскенін байқадым. Жан жарым Жазирамен қос құлыныма деген махаббаттың, құдіретті сезімнің арқасында өмірге қайта келдім. Емші алғашында дуа жасаған адамның өзіне қара күштің кесірі тиетінін ескерткен еді. Жақында Ерланнан Айжанның көлік апатына түсіп, мүгедек болып қалғанын естідім. Шындығында өмір деген өз дегенін жасайтынына тағы да көзім жетті. Бүгінде екі балам үлкен азамат. Жоғарғы оқу орындарына түсіп, өз жолдарын тапты. Тек бір өкініштісі, Жазирамның махаббатына адал бола алмадым. Қолымдағы алтынның қадірін кеш түсіндім», – деп әңгімесін аяқтады.
Қазіргі таңда адам баласында мейірім, шапағаттың азайып бара жатқаны ащы да болса шындық. Дуа жасаған адамның баратын жері тозақ екені белгілі. Сондықтан адам болған соң, адам деген ардақты атқа лайық өмір сүрейік.