Картинки по запросу елемес сабыров– Елемес ата, сіз «Жұлдыздар отбасы» журналына 2013 жылы (№18) сұхбат бердіңіз. Сол кезде мақтаның зиянкестерін химиялық тәсілмен жоюды тоқтату үшін күресіп жүргеніңізді айтып едіңіз. Одан бері де біраз шаруа бітіріпсіз, десе де шешімін таппаған түйткілдер әлі де бар екен. Жалпы, бұл мәселеге қалай кірістіңіз?
– 2008 жылдың қазан айы болатын. Түнде төсегімде қамсыз ұйықтап жатыр едім, кенет құлағымның түбінен «тұр, Елемес» деген дауыс естілді. Оянып кеттім, айнала тастай қараңғы, ешкім көрінбейді. Қайта жатып қалдым, көзім ілініп барады екен бір кезде «тұр, Елемес» деген әлгі дауыс тағы естілді. Қайта ояндым, төңірек тып-тыныш. Содан соң қайта жатып едім үшінші рет «тұр Елемес, халыққа қайырымды іс істе» деген дауыс құлағымның түбінен анық естілді. Тағы ояндым, ешкім жоқ, осыдан соң тілімді кәлимаға келтірдім де жатып қалдым. Азанда таң намазына ояндым, сонда кемпірім «әй, сен неге түнде қайта-қайта оянып, басыңды көтеріп, айналаңа қарадың?» деді. Мен ештеңе айтпадым. Қорқып қалмасын дедім. Әдетте таң намазынан соң 5 шақырымдай жүріп келуді дағдыға айналдырғам. Сол әдетім бойынша тысқа шығып едім, күн жауып тұр екен. Сулығымды кидім де жүріп кеттім. Үйге жақын маңайда Жатақ дейтін жер бар. Онда негізінен әлеуметтік жағдайы төмен 11 отбасы тұратын. Жатақтың балалары мектепке жаяу барады, сол күні де 20 шақты бала жауынға малшынып келе жатыр екен. Бәрі жамырап келіп, «аталап» амандасты. Олардың ішіндегі 1-сыныпта оқитын кішкентай баланың жауынға жуынған, жаураған түрін көріп, жүрегім ауырып кетті. Үйге келген соң ойландым. Түндегі «Елемес, халыққа қайырымды іс істе» деген сөз құлағымда жаңғырып тұрып алды. «Бұл шынымен де маған берілген аян шығар» деп ойладым. Содан соң аудан әкіміне бардым. Омарбек Нұржанов деген жігіт болатын. Мені сырттай таниды екен, «келіңіз, ақсақал» деп жылы шыраймен күтіп алды. Мен бірден: «Омарбек, сен бала болдың ба?» деп сұрадым. Ол сәл іркіліп қалды да «иә, ата» деді. Мен сөзімді ары қарай сабақтап: «Жатақ деген жерді білесің ғой, сол ауылдағы балалар алыстағы мектепке жаяу барады, олар білім аламыз деп күннің ыстығына, қыстың суығына қарамай табандарынан таусылып жүр. Осыған неге бір көлік бөлдірмейсің?» дедім. Омарбек мән-жайды ұққан соң: «қазір жыл соңғы, желтоқсан айында қаржысын қарастырамыз, 2009 жылдан бастап балаларды оқуға апарып алып келуге көлік бөлеміз», – деді. Уәде бойынша желтоқсан айында әкімге қайта бардым, қаржысын қадағалап бөлдіртіп, балалардың қиыншылығын шештірттім. Осыдан кейін күн көрісі төмен кісілерге көмектесіп, әкім, қараларға кіріп шаруаларын шешіп беріп жүрдім. Тіпті бір жолы көпбалалы отбасына үй салдырту үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовке де кіріп, 8 бөлмелі үй салдыртып бердім.
– Ал «мақтаның зиянкестерін биологиялық тәсілмен құрту» ісін қалай қолға алдыңыз?
– Бір күні мені бір жас әйел үйге іздеп келді. Аман сәлемнен соң, ол: «ата, ақсақалдар мені сізге жіберді. Өзіңіз білесіз, қазір мақтаның зиянкестерін химиялық тәсіл бойынша жояды. Бірақ бұл адамның денсаулығына, экологияға өте зиян. Кеңес өкіметі кезінде дәл бұлай химиялық тәсіл қолданбайтын, сүт, қаймақ беретін. Қазір оның зиянын ескеретін ешкім жоқ. Күйеуім вахтамен жұмысқа кетті. Менің бес балам бар, аяғым ауыр. Қорқып жүрмін», – деді. Химиялық тәсілдің зиянын мен де жақсы білемін. Бірақ онымен күресу, тоқтату қиын. Сондықтан әйелді: «бұл оңай шаруа емес, бірақ жолын қарастырып көрейік», – деп шығарып салдым. Үш айдан соң әлгі келіншек қайтыс болыпты. Мән-жайын білейін деп ауруханаға бардым. Бас дәрігерге жолықтым. «Қолдан келгеннің бәрін жасадық, бірақ жанына араша бола алмадық», – деді. Мен «сонда себебі не?» деп сұрадым. Дәрігер: «әйел адам босанғанда қан кетеді. Ал бұл әйелдің қаны укольға да тоқтамады. Себебі оның қаны уланған», – деді. Содан соң мен «онда бұл адам улы химикаттың кесірінен өлді» деп анықтама жазып бер», – дедім. Дәрігер сәл тартыншақтады. Мен «бұның саған еш кесірі тимейді, керісінше сендерге көмектесемін», – дедім. Сөйтіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасына бардым. Қайтыс болған әйел туралы айтып, қолхатты көрсетіп: «егер улы химикатты тоқтатпасақ, Мақтаарал ауданындағы өлім-жітім азаймайды. Кейде тіпті бір күнде 5-6 жаназа шығады. Сары ауру да асқынып тұр. Осыны тексеріп жатқан ешкім жоқ», – дедім. Сөйтіп, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығына улы химикаттан адам өлімі көбейгенін растатып қол қойдырып алдым да Асқар Мырзахметовке бардым. Әйтеуір Құдай оңдап, сәті түсіп қабылдауына кірдім. Асқар мені танып, жылы қабылдады. Мен:
– Шырағым, Асқар, саған үлкен өтінішпен келіп отырмын, егер осы шаруамды шешіп берсең, енді сенің алдыңа келмеймін – дедім.
– Қандай шаруа? – деді Асқар.
– Мақтаға шашатын улы химикатты тоқтату керек, адамдар өліп жатыр, көрші Өзбекстанда 1978 жылдан бері улы химикатқа заң бойынша тыйым салынған, кімде кім оны қолданса сотталады. Ал бізде адамдар өз білгенінше қолданып жатыр, мұның зиянын қарапайым халық тартып отыр, – дедім. Асқар менің сөзімді мұқият тыңдады да:
– Аға, сіздің пікіріңізді қолдаймын. Өтінішіңізді Астанаға, қатысты орындарға жеткіземін, осы мәселені мемлекеттік бағдарламаға кіргізуге күш салайық. Себебі облыстан мен кетіп қалсам да жұмыс тоқтамауы тиіс. Қазір сіз қайта беріңіз, хабарын айтамыз, – деді. Біраз күннен соң әкімнің көмекшісі хабарласып, Шымкентке шақырды. Асқармен тағы жолықтық. Бұл жолы ол:
– Мен жоғары жаққа улы химикатты тоқтату туралы жаздым. Бірақ әлі жауап жоқ. Бұған енді сіздің көмегіңіз керек, яғни мүмкіндігіңіз болса Астанаға барыңыз. Біз жіберген хаттардың хабарын біліңіз, – деді. Сонымен не керек, Астанаға бардым, Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековпен жолықтым. Ақыры мақта зиянкестеріне қарсы күресте биологиялық әдісті қолдануды мемлекеттік бағдарламаға енгіздірдік. Соның нәтижесінде, биофабрика ғимараты әзірленіп, қажетті құрал-саймандар Өзбекстаннан (Наманганнан) әкелінді. Картинки по запросу елемес сабыров– Биологиялық тәсіл дегенді түсіндіріп айтып берсеңіз?
– Биологиялық тәсіл дегеніміз – трихограмма, алтынкөз, габробракон деген үш көбелектен тұрады. Биофабрика осы көбелектерді өсіріп шығарады. Яғни, мақтаға түсетін зиянкестерді осы үш көбелек арқылы құртады. Анығырақ айтсақ, трихограмма көбелегін мақта екі құлақты болып өскен кезде жібереді. Өйткені дәл осы кезде зиянды құрттардың жұмыртқалары пайда бола бастайды. Оны трихограмма көбелегі тазалай алады. Бірақ құрт бірте-бірте дами түседі. Енді тез өсе бастаған осы құрттарды құрту үшін мақтаға алтынкөз көбелегі жіберіледі. Ал құрттар үлкейген кезінде габробраконды ұшырады. Бұл көбелек үлкейіп келе жатқан құрттарды өлтіреді. Осы үш көбелектен соң мақтадағы құрттар жойылады.
– Биофабрика салынған соң бұл мәселе толық шешілді ме?
– Жоқ, толық шешілмеді. Өйткені улы химикатты пайдалану тоқтаған жоқ. Ауданның бір бөлім мақта егісіне биологиялық тәсіл пайдаланса, бір бөліміне улы химикаты пайдаланды. Улы химикаттың иісі биологиялық тәсіл пайдаланған жерге жетеді де құртты жоюға ұшырған көбелектерді улап өлтіреді. Мақтаарал ауданында – әлі күнге дейін жартысы биологиялық тәсіл, жартысы улы химикат. Бұл дегеніңіз – биологиялық тәсіл дамымайды, адам улана береді, өлім-жітім тоқтамайды деген сөз. Мұны көріп, қол қусырып отыра алмадым, улы химикатты түбегейлі тоқтату үшін тағы жолға шықтым.
– Бұл жолы қайда бардыңыз?
– Астанаға, Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековке бардым. Асылжан осыған дейін де биологиялық тәсілді қолдап Мақтаарал ауданына 150 миллион субсидия бөлдірген болатын. Мен: «улы химикатты тоқтату керек. Өйткені халықтың денсаулығына, экологияға үлкен зиян келіп жатыр. Улы химикат тізгінделмей биологиялық тәсіл дамымайды. Оның үстіне улы химикатка қаржы көп кетеді», – дедім. Асылжан:
– Ақсақал, мен мұны тоқтата алмаймын. Өйткені улы химикатты сатып алу туралы шетелмен келісімшарт жасасып қойған. Бұл менің қолымнан келмейді, – деді.
Мен: «Енді не істейміз?», – деп едім «Сіз Парламентке барыңыз. Қатысты кісілерге жағдайды түсіндіріп улы химикатты тоқтататын заң шығаруға ықпал етіңіз», – деді. Содан соң, Қазақстан Парламентінің сенаты Қуаныш Айтахановқа бардым. Қуаныш бұл мәселемен егжей-тегжейлі танысты да қатысты жерлерге жеткізетін болып уәдесін берді. Бірақ біраз уақыттан соң өзі хабарласып сенаторлық мерзімі жақындап қалғанын, бұл мәселені толық шеше алмайтынын айтты. Неде болса, бұл шаруаны бастаған соң аяғына жеткізейін деп Астанаға, Парламентке қайта бардым. Бір кезде генарал Бақытжан Ертаевтың кабинетін көзім шалып қалды. Содан соң «қанша дегенмен ер мінезді, батыр азамат қой, көмегі тиіп қалар» деп Бақытжанға кірдім. Амандық саулықтан соң: «мен мақталы жерден келдім» деп сөзімді бастадым да мән-жайды түсіндіріп едім, «Мен мақтаға қарамаймын», – деп бұл істен басын ала қашты. Мен: «әй, Бақытжан, сені батыр, қаһарман азамат деп іздеп келдім. Бұл іске сен араласу үшін Мақтааралда соғыс болуы керек пе? Мына улы химикаттың ауыр зардабынан адамдар онсыз да қырылып жатыр. Ал сенің сөзің мынау – деп кетуге ыңғайланып едім, – тоқтаңыз – деді. Қанша дегенмен айтуы да, қайтуы да оңай батыр азамат ғой, мені қайтадан орныма отырғызып:
– Сіз маған бәрін түсіндіріп қағазға жазып беріңіз, – деді. Сөйтіп, мен Бақытжанның кабинетінде бір жарым сағат отырып, бәрін жазып қолына бердім. Ол: «ақсақал мен мұны, министрге, премьер-министрге жазамын», –деді. Бақытжаннан шығып Қазақстан Парламентінің сенаты Әли Бектаевқа бардым. Ол кісі де мені қолдап, бұл мәселені қолға алуға уәде берді.
Бақытжан уәдесінде тұрды. Сенат пен Парламенттің біріккен мәжілісінде Ауылшаруашылық министрі, премьер-министрдің орынбасары Асқар Мырзахметов баяндама жасапты. Сонда Бақытжан сөз сұрап: «Асқар, сен Шымкенттің әкімі қызметін атқарып тұрғаныңда Мақтаарал ауданында улы химикатты тоқтатуды қолдаған екенсің. Бірақ бұл іс әлі оң шешімін таппады. Енді Ауылшаруашылық министрі ретінде осыны неге қолға алмайсың?», – депті. Асқар сол арада: «екі-үш айдың ішінде арнайы заң шығартып, улы химикаттың алдын аламыз», – деп жауап беріпті. Бірақ Асқар көп ұзамай Жамбыл облысына әкім болып ауысып кетті. Сөйтіп, бұл жұмыс тағы аяқсыз қалды. Содан соң Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллинге хат жаздым. Біраз уақыттан соң «бұл іс қатысты адамдарға тапсырылды, қаралып жатыр» деген жауап келді. Одан кейін де қыстың суығында Астанаға бардым. Тағы да Парламентті жағалап жүр едім, бір жас жігіт: «Ата сіз кімсіз, мұнда неге жиі келесіз, қандай шаруаңыз бар?», – деп сұрады. Мен келген жұмысымды айтып едім: «мұны шешсе, тек бір-ақ адам шеше алады» деді. «Ол кім сонда?» деп едім: «ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов» деді. «Ол қай жерде отырады?» деп едім, «жүріңіз, мен сізді ертіп барайын», – деді. Сөйтіп, әлгі жігіт (өзі Парламентте істейді екен) мені ертіп апарып, Байжановтың қабылдауына жаздыртты. Сонымен не керек, 19 қараша күні Ғ.Байжановтың қабылдауында болдым. Ол да «шешеміз, қарастырамыз» деп шығарып салды. Мен ауылға келген соң Ауыл шаруашылығы министрлігінен 4 хат келді. Бірақ бұл хаттарда да «істеп жатырмыз, жақында болады, қаржы бөлінеді» деген сөздер ғана. Тек «улы химикатты тоқтатамыз. Заң шығарамыз» деген сөз жоқ. Одан кейін де тағы бір хат жаздым, әлі жауап келмеді.
– Сонша жылдан бері неге осы іспен айналысып келе жатырсыз?
– Балам, мен бір Құдайға қараған адаммын. Шымкентке, Астанаға баруға зейнетақымды жұмсаймын. Кейде кемпірім ренжиді: «өзің секілді шалдар үйінде тыныш жатыр, ал сен болсаң қысы-жазы шауып жүрсің, оның кімге керек?» деп. Шынымды айтсам, мұның бәрі халықтың қамы үшін. Алла маған қуат берді, жолымды ашты, небір әкім-қаралардың, министрлердің есігінен кедергісіз кірдім. Басты мақсатым – улы химикатты тоқтатып, өлім-жітімнің алдын алу, экологияны бүлдіруге жол бермеу. Менің бір таң қалатыным – Өзбекстанда кімде-кім улы химикатты пайдаланса жазаланады. Еуропа одағы 2009 жылдан бастап улы химикатты пайдалануға тыйым салды. Ал бізде неге мұның алдын алмайды, неге арнайы заң шығармайды? Осы уақытқа дейін улы химикаттың зардабын, оның адамға, экологияға келтіретін зиянын республикалық түрлі басылымдарға жазып келемін. Әлде атқамінерлер газет оқымай ма, осыған миым жетпейді.Картинки по запросу елемес сабыров
– Бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлайсыз ба?
– Ғабитжан Байжановтан үмітім зор. Телефонда сөйлесіп тұрамыз. «Заң шығарамыз, улы химикатты тоқтатамыз» дейді. Шіркін, сол күнге тезірек жетіп, Мақтааралдағы кісі өлімі азайса екен.
– Енді оқырманға өзіңізді егжей-тегжейлі таныстыра кетсек, ол үшін әңгімені ата тегіңізден бастайық…
– Мен қожамын. Оның ішінде Бақсайыс деген атадан тараймыз. Зерттеушілер Бақсайыстың шын аты – Хазірет Сейіт Қамалиддин деп те айтады. Өз заманында төңірегіне аты шыққан әулие кісі болыпты. Алмағайып кезде ел қамы үшін атқа қонып, жауға қарсы шығыпты. Талай ұрыстардан бағы жанып, мерейі артып жеңіспен оралыпты, сондықтан да ел оның ерлігіне мадақ айтып, бағына сүйсініп Бақсайыс атап кетіпті.
Әу баста Бақсайыс атаның біраз ұрпағы Қаратау бауырына келіпті, сол жерде дін таратып, өсіп-өніп елге сыйлы әулетке айналыпты. Айрықша зерделілігімен, өзгеше ақыл парасатымен алыс-жақынға аты жеткен Бақсайыс әулетінің бір ұрпағын Семейдегі Құнанбай би қолқалап алдыртады. Құнанбайдың ондағы ойы – қарамағындағы халқына ислам дінін кеңінен насихаттау. Осылайша Қарнақтағы (қазіргі Кентау қаласы) медресенің дамуласы Бердіқожаны тобықты арасына көшіріп алады, әрі үй-жаймен қамдап, мешіт салдыртып Шыңғыстау елінің бас имамы етеді. Бердіқожа – жазушы Мұхтар Әуезовтің үшінші атасы, ал шежіре бойынша Бақсайыс әулие – Мұхтардың жетінші атасы.
– Ал Қаратаудың етегінде қалған сіздің аталарыңыздың тағдыры қалай болды?
– Бақсайыстың ұрпақтары Қаратаудың етегіне әбден орнығып, біраз жыл берекелі өмір кешті. Бірақ Кеңес өкіметі орнаған соң тыныш жатқан елді күштеп көшіріп Мырзашөлге айдады. Өйткені Мырзашөлдің шөлді алқабын суландырып, мақта егетін жердің көлемін арттыру үшін еңбек күші керек болды. Сөйтіп, менің әкем – Сабыр да ағайындарымен бірге Мырзашөлге келді. Аптап ыстықтың астында құмды шөлді игеріп, мақта өндірісінің дамуына аянбай еңбек етті. Шөл даланы егіс алқабына айналдырған еңбекші топтың бел ортасында, басы-қасында әкем Сабыр да жүрді. Кейіннен соғыс басталып, әкеміз күрегін қаруға айырбастап майданға аттанды.
Әкеңіз соғыстан аман оралды ма?
– Жоқ. 1942 жылдың 19 желтоқсанында «хабарсыз кетті» деген хабарлама келді.
– Сонда сіздерді анаңыз өсірді ме?
– Иә, ағам Елеусіз екеумізді анамыз Жібек Әбубәкірқызы өсірді. Ол кісі де Қожа, Бақсайыс атадан тарайды. Ол кезде қожалар қарамен араласа бермейтін, қыз беріп, қыз алыспайтын. Негізі анамыз 12 құрсақ көтерген екен, бірақ балалары кішкентай кезінде шетіней беріпті, содан соң бір ұлының атын Елеусіз қояды, ешкімнің көзі түспесін, тіл-көз болмай, аман өссін деген ырым ғой. Сөйтіп, екінші ұлын Елемес деп атайды.
Анамыз әкемізді күте-күте күдерін үзген соң, әмеңгерлік жолмен ағайындарының бірі Жүсіп қожаға қосылады. Олар ұрпақ сүймесе де, берекелі өмір сүрді.
– Мектепке барған кезіңіз есіңізде ме?
– Бастауыш сыныпты өз ауылымызда оқыдым. Ары қарай орта мектепте оқу үшін аудан орталығы Ильичке бару керек болды. Ауыл мен ауданның аралығы едәуір алыс, күнделікті барып келу қиын болды. Ең сорақысы, шопанның балалары үшін тамағы да, киімі де тегін мектеп интернаты мақташылардың балаларын есігінен қаратпайтын. Енді ойласам, жоғарғы жақтың өзі мақташылардың балаларын жақтырмай, алалаған екен. Ақыры бұл қиындықтан құтылудың жолын да анамыз тапты. Шешеміздің Науша деген әпкесі көрші Киров ауданының орталығында тұратын. Сол кісінің үйіне арнайы барып, өтінішін айтып, келісімін алды, сөйтіп Науша әпкенің үйінде тұрып оқуымызды жалғастырдық. Екеуміз де сабақты үздік оқыдық. Елеусіз мектепті бітірген соң Алматыға келіп, ауылшаруашылық институтына түсіп, 2 курс бітірді.
– Сіз де Алматыда оқыдыңыз ба?
– Жоқ. Мектепті күміс медальмен бітірдім. Анам: «ағаң болса алыста оқып жатыр, енді сен біраз уақыт менің қасымда бол, жұмыс істе», – деді. Бірақ туа бітті қырсық мінезіммен «оқимын» деп көнбей қойдым. Ақыры шешем: «Онда Алматыға емес, мына іргедегі Ташкентке бар», – деді. Сөйтіп, анамның ақылымен Ташкентке бармақшы болдым. Ол кезде бүгінгідей ағылып жатқан көлік жоқ, Сырдарияға барып көрейін деп жаяу тартып кеттім. Сырдария ауданының вокзалы арлы-берлі сабылған адамға толы, сәл аңырып тұрдым да білетіндерден жөн сұрадым. Содан біреулердің ақылымен бөрене тиеген пойызға мініп, Ташкентке жеттім. Жүзі жылы адамдардан жол сұрап, оқудың жағдайын біле бастадым. Иманжүзді бір кісі: «Ташкентте тіл білмесең оқу қиын, сен ең дұрысы инженерлікке түс», – деді. Содан соң ирригация институтына барып құжат тапсырдым. Көп кешікпей емтихан басталды. Құдай қуат беріп, емтиханды жақсы тапсырып оқуға түстім.
– Институтты бітірген соң қайда жұмыс істедіңіз?
– 1961 жылы институтты бітірдім. 25 қазақстандық түлекті Алматыға жіберді. Бізді Орталық комитеттің хатшысы қабылдап әр өңірге бөлді, маған және тағы бір жігітке Таразға жолдама берді. Бізді Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қабылдап, жылы тілегін білдіріп, жұмысымызға сәттілік тіледі. Сөйтіп, екі жылға келген Қаратау ауданы, Қаратау кеңшарынан 4 жылдан соң туған топырағыма бір-ақ қайттым. Содан не керек, 1964 жылы Ленин колхозына инженер болып жұмысқа орналастым, сол жерде 30 жылдан астам еңбек етіп, өмірдің ыстық-суығын сезініп зейнетке шықтым.
Отбасыңыз, бала-шағаңыз туралы айта кетсеңіз?
– Қаратауда жұмыс істеп жүргенімде Күләшай дейтін қызбен үйлендім. Құдайға шүкір, тағдырымыз жақсы болды. 4 ұл, 4 қыз өсірдік. Ұл-қыздарымыз өз орындарын тапты.
Сұхбаттасқан Жақсылық ЫРЫСБАЙ 

(ЕСКЕРТУ: материалды көшіріп басуға тыйым салынады)

(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019ж №6 саны)

Пікір қосу