– Әлия ханым, халық сізді көркем гимнастикадан абсолютті чемпион ретінде таниды. Бүгінде Қазақстан Құрама командасының бас бапкері, екі баланың анасысыз. Қазіргі таңдағы айналысып жүрген жұмыстарыңызбен бөлісіңізші.
– Бапкерлік жұмыста жүргеніме 9 жылдың көлемі болды. Бұл жұмыс қиын әрі қызықты. Менің ойымша, баланы жаттықтыру барысында қырағылық пен төзімділік керек. Бір баланы дайындап, оның ыстық-суығына төзіп, топқа қосу оңай шаруа емес. Мұндай жұмыс ең алдымен үлкен уақыт пен күшті талап етеді. Ал, сол уақыт аралығында бар күш-жігеріңді жұмсап, бар білетініңді ынта-шынтаңмен үйретсең, еңбегіңнің жемісін көресің.
– Сізге қайсы жұмыс қиын соқты. Гимнаст болған ба, әлде бапкерлік жұмыс па?

– Жалпы екеуі де оңай емес. Бұрын гимнаст болып жүргенімде, бапкердің жұмысы жеңілірек секілді көрінетін. Бірақ қазір ол ойымның қате екендігін түсіндім. Бапкердің жауапкершілігі әлдеқайда жоғары.
– Қазір қандай сайыстарға дайындалып жүрсіздер?
– Қазіргі таңда Гран при және Әлем кубогы сайыстарына дайындалып жүрміз. Қыздар барынша тырысып жатыр.
– 2020 жылы Токиода өтетін жазғы олимпиадаға қыздар көркем гимнастикадан қатыса ма? Қатысса, оған дайындықтарыңыз қалай жүріп жатыр?
– 2020 жылы Токиода өтетін жазғы олимпиадаға қатысамыз деген үміттеміз. 2019 жылдың күз айында Әзірбайжанның Баку қаласында Токио олимпиадасына лицензиялық турнир өтеді. Қазір сол турнирге дайындық жүріп жатыр.
– Жалпы, қыз балалардың көркем гимнастикаға қатысқаны қаншалықты дұрыс деп есептейсіз? Олардың денсаулығына, болашағына байланысты сұрап отырмын.
– Менің ойымша, көркем гимнастикаға қызығушылығы бар кез-келген қыздың бұл спорт түріне қатысқаны дұрыс. Әрине, кез келген спортта жарақат болады. Бірақ ол әрбір спортшының ептілігіне байланысты. Ал спортпен сауатты айналысудың адам денсаулығы мен болашағына пайдасы зор.
–Баланы неше жастан гимнастикаға берген жөн? 

– Баланы гимнастикаға 5 жастан берген дұрыс.
– Жаттығу барысында талапшылсыз ба?
– «Ұстаздан шәкірт озады» демекші, кез келген жаттықтырушы өз спортшысына талапшыл болады. Алайда мен шәкірттерімнің әрқайсысымен жеке сөйлесіп, олардың жеке талантын ашуға тырысамын. Күнделікті жаттығуға келіп, бір істі қайталап істей беру, адамды жалықтырады. Сондықтан жаттығуға келгенде, барынша қыздарымның көңілін көтеретін дүниелерді көбірек жасаймын. Олардың қал-жағдайларын сұрап, «денсаулығың қалай?», «қалай ұйықтадың?» деп ұсақ-түйек болса да, көңіл бөліп, баса мән беремін, жиі сырласып, әзілдесіп тұрамын. Көңіл-күйі көтеріңкі болса, олардың жұмысқа деген құлшынысы, қызығушылығы арта түседі.
– Сіздің кезіңізде біздің елде көркем гимнастика жақсы дамымағандықтан, Мәскеуде жаттықтыңыз. Ал қазір Қазақстанда бұл спорт түрінің жағдайы қалай?
– Қазіргі таңда елімізде көркем гимнастиканың деңгейі жоғары деп айтуға болады. Мәселен, өткен жылы Индонезия елінің Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында қыздарымыз бірінші орын иеленді. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік. Ақырындап қыздарымыз биіктерден көрініп жатыр.
– Бізге бұрын берген сұхбатыңызда өз орталығымды ашсам деп едіңіз. Бұл арманыңыз орындалды ма?
– Әрине, орындалды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында және де «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» бағдарламаларының аясында 2015 жылы желтоқсан айында Шымкент қаласында Қазақстандағы жалғыз көркем гимнастика спорт кешені ашылды.
– Балаларыңыз да салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданады екен. Олардың болашағын спортпен байланыстыруына қалай қарайсыз?
– Екі балам бар. Ұлым Нұрали, қызым Әмина. Нұрали футболмен шұғылданады. Келешекте спортта үлкен жетістікке жетеді деген сенімдемін. Егер спорт саласын таңдаса, ешқандай қарсылық білдірмеймін.
– Кезінде бір сұхбатыңызда тәртіппен, белгілі бір режиммен жүретініңізді айтып едіңіз. Ал балаларыңыздың күнделікті күнін де бір тәртіпке саласыз ба?
– Әрине, балаларымды да бір тәртіпке саламын. «Тәртіпке бағынған құл болмайды», – деген сөз бар емес пе?! Керісінше, жоспарлап тәртіппен жүру, балаларым үшін пайдалы болары анық.
– Балаларыңыздың сабағын қадағалауда қатаң анасыз ба?
– Балаларымның сабағын жеке қадағалаймын. Кейде қаталдық танытуға тура келетін жағдайлар болып тұрады.Картинки по запросу әлия юсупова
– Жалпы, өмірде мінезіңіз қандай?
– Өмірде мінезім салмақты.
– Әлеуметтік желіде көптеген пікірлерді оқыдым. Көпшілік сіздің түр-әлпетіңізге, салмақтылығыңызға қарап «нағыз саясаткер болатын адам» деп пікір білдіреді екен. Көзқарастарға қалай қарайсыз? Шынымен, келешекте саясаткер болуыңыз мүмкін бе?
– Әлеуметтік желілердегі пікірлерді мен де оқимын. Келешекте саясаткер болуға қарсы емеспін.
– Көптеген спортшылар таныла бастаған соң, кино әлеміне, тележүргізушілікке араласады. Ал сіз оған аса қызықпайтын секілдісіз.
– Жоқ, басқа жұмыстарға қызықпаймын. Себебі қазір Қазақстан құрамасының Бас бапкері жұмысының жауапкершілігі мойнымда болғандықтан, менің бір ғана мақсатым бар. Ол елімізді әлемдік деңгейге көтеру.
– Кезінде бір сұхбатыңызда «мен киімдерімнің суретін сызатынмын, ал анам соны тігіп беретін» деп едіңіз. Соған қарағанда дизайнерлік қырыңызда бар секілді ғой, солай ма?
– Иә, кезінде жарысқа киетін киімдерімнің сызбасын сызып, ал анам соған қарап тігіп беретін еді. Жалпы, сол кішкентай кезімнен дизайнерлікке қызығамын. Бірақ онымен айналысу әзірге ойымда жоқ.
– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз ? Хоббиіңіз бар ма?
– Бос уақытымды балаларыма арнауға тырысамын. Сонымен қатар, қызықты кітаптар оқығанды ұнатамын.
– Жиі демалып тұрасыз ба?
– Иә.
– Қазір қай қалада тұрып жатырсыз?
– Шымкент қаласында тұрып жатырмын.
– Алда қандай мақсаттарыңыз бар?
– Алға қойған мақсаттарым көп. Ең бірінші мақсатым – көркем гимнастика бойынша «Токио-2020» олимпиадасына жолдаманы жеңіп алып, жоғары деңгейде өнер көрсету.
– Он жылдан кейінгі еліміздегі көркем гимнастика спортын қалай елестетесіз?
– Әлі ұзақ уақытқа елестете қойған жоқпын. Бірақ бір арманым, Қазақстан көркем гимнастика саласы әлемдік элиталардың қатарында болса екен деп тілеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
– Сізге де рақмет!
Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жылының №6 саны)

 

 

Пікір қосу