– Айман, қай жылы, қай жерде дүниеге келдіңіз?
– Мен 1975 жылы 3 қазанда Алматы қаласында дүниеге келдім. Бірақ әке-шешем бір жас кезімде нағашы әжем Батымның қолына, Атырау облысы, Ганюшкино станция­сы, Первомай ауылына апарып тастапты. Өйткені, әке-шешемнің екеуі де жұмыста, мені бағып-қағу сәл қиындау болған көрінеді. Сөйтіп мен бес жасыма дейін әжемнің қолында тәрбиелендім, тілім қазақша шықты. Ауылда бірде-бір орыс болмады. Тіпті кішкентай балаларды «әне, мас орыс келе жатыр» деп қорқытатын (күлді).
– Жас кезіңде кім болғыңыз келді?
– Кішкентай кезімде суретші болуды армандадым. Жеті жасымнан бастап сурет салдым.
– Сурет салуыңызға кім әсер етті?
– Ауылда нағашы әпкем Зәуремен бірге тұрдық. Кішкентай кезінде аяғын сындырып алып мүгедек болып қалған. Бірақ өте шебер кісі. Суретті де әдемі салады. Мен сурет салуды Зәуре апайдан үйрендім. Ал Алматыға келгенімде балабақшадағы апайымыз бізді түрлі өнерге баулыды. Сурет салдырды, сазбалшықтан әртүрлі дүниелер жасатты.
– Мектепке қашан бардыңыз?
– Мектепке 6 жасымда бардым. Себебі, балабақшада орын жетіспей біз бір жыл бұрын мектеп табалдырығын аттадық. №56 орыс мектебінде оқыдым.
– Ауылда өскен балаға орыс мектебінде оқу қиын болмады ма?
– Мектепке дейін орыс тілін едәуір біліп қалдым. Өйткені, орыс тілді балабақшаға бардым. Әрине, ауылдан алғаш келгенде қиын болды. Тіпті аға-әпкемнің өзі орыс тілін сөйлей алмайтыныма күліп, мені мазақтайтын. Оның үстіне әжем шашымды тықырлап қырып тастаған, қаланың балаларына бұл да өте оғаш, күлкілі көрінді (күлді).
Мектепте Таксира Хасановна дейтін тарих пәнінен сабақ беретін мұғаліміміз болды. Ол кісі Совет үкіметінің саясатын үгіттейтін кітаптарды көп пайдаланбайтын. Есесіне І. Есенберлиннің, Ғ. Мүсіреповтың кітаптарын алып келіп бізге оқытатын. Сондай-ақ, сурет пәнінің мұғалімі де бізге көп дүние үйретті. Ол кісі жай сурет салуды ғана емес, қазақы ою-өрнектің қыр-сырымен де қанықтырды. Қазақ даласындағы ою-өрнектің түрлерін, тарихын сол кезде оқып білдік.
6-сынып оқып жүргенімде анам маған Ә. Марғұланның бір кітабын әкеліп берді. Онда қазақ ою-өрнегінің тарихы жан-жақты жазылыпты, бұл кітап менің білімімді тіпті молайта түсті. Сол жылы нағашы әжем мен Зәуре апай Алматыға, біздің қолымызға көшіп келді. Ол кісілер киізден, басқа да материалдардан түрлі дүниелер жасайтын, мен әжем мен әпкемнің қасынан шықпай, жасағандарына қызығып, өзім де істеп үйренетінмін.
– Енді әңгімемізді әке-шешеңізге қарай бұрсақ…
– Әкем Мауыт Андасұлы Тұрсынхан. Руы – төре. Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөлге жақын Төретұма деген жерде туған. Әкемнің атасы Тұрсынхан кезінде аға сұлтан болған. Өздеріңіз білетіндей 1930 жылдары елді ашаршылық жайлап, халық жансауғалап Қытайға қаша бастады. Сол кезде менің Андас атам ауа көшкен елге ілеспей Төретұмада қалады. Бір жағы туған жерін тастап кетуге қимаса керек, енді бір жағынан әкемнің енді туылған кезі екен, жас баламен жаңадан босанған әйелін ертіп көшудің өзі де қиын болған көрінеді. Бірақ атамды 1932 жылы Семей түрмесінде атып тастапты. Жазығы «Қытайға өткен халықты ұйымдастырды» деді.
– Андас атаңыздан басқа әулетіңізден шыққан тағы қандай белгілі тұлғалар бар?
– Арғы аталарымыздың біреуі – Әбілғазы төре. Ол кісі Кенасары ханның қасындағы 12 сұлтанның бірі болған. Кенесарының жорықтарына қатысқан, Кенесарымен бірге қырғыздардың қолынан қаза тапқан. Енді бір атамыз – Санияз. Жоңғарға қарсы көп рет жорыққа шығып, елін-жерін қорғаған батыр. Ел ол кісінің құрметіне, Совет үкіметіне дейін, Марқакөл көлін «Санияз көлі» деп атаған. Тағы бір атамыз – Ханқожа. Әрі батыр, әрі дипломат. Қытай, Жоңғар, Ресейдің арасында дипломат болды. Ханқожаны қазақтар ғана емес, орыстар да, қытайлар да сыйлаған.
– Әкеңіз Мауыт жетім өсті ме?
– Иә, жетім өсті. Андас атам қайтыс болғаннан соң, әжем әкемді ертіп төркініне барыпты, сол жақта біраз жыл тұрыпты. Заманның қиын кезі. Әкемді нағашылары «төренің тұқымы» деп ешкімге айтпаған. Ол кісі өзінің әкесі, тегі туралы ештеңе білмей өскен. Әкем үш жасқа толғанда шешесі аштан өледі. Сөйтіп, тұл жетім болып нағашы ата-апасының қолында қалады. Әбиолда, Сәбиолда деген нағашы ағаларымен бірге ержетеді. Көп ұзамай соғыс басталады. Әбиолда соғысқа кетіп, әкемнің қасында Сәбиолда қалады.
Әкем жеті жасқа толғанда мектепке бармақшы болады. Бірақ оқуға жібермейді. Себебі, «ханның тұқымы» екенін біліп қояды. Оның үстіне әкем өскен ауылда орыстар көп болыпты, сондықтан тек орыстың балалары ғана жасы жетсе мектепке барады екен де, қазақтарды әдейі жібермейтін көрінеді. Қазақтың қара сирақ балалары мал бағып, түрлі ауыр жұмыстар істеп жанын жалдап, күнін көреді екен. Әкем де әркімнің босағасын сығалап, жұмысы болса істеп, өмір сүреді. Сыныпқа кіргізбейтінін білсе де орыс балаларына ілесіп мектепке барады. Олар ішке кіріп кеткенде әкем тыста, терезенің сыртында отырып сабақ тыңдайды екен. Мұғалімнің үйреткен есептерін бірден ұғып алады. Орыстың есеп шығара алмайтын балалары әкеме келіп есебін шығартады екен, өтеуіне нан береді. Сөйтіп, әкем қарнын тойдыру үшін орыс балалардың сабағына көмектеседі. Ақыры әкемді 10 жасқа толғанда мектепке қабылдап, 4-сыныпқа кіргізеді. Әкем 8-сыныпты бітірген жылы Алматыға қашып келеді.
– Неге қашып келеді?
– Бір күні әкемді бір бейтаныс адам іздеп келіпті. Өздерін «атаң Мауыттын адамдарымыз, Қытайдан қашып өттік» деп таныстырыпты, әрі әкемді Қытайға алып кетпекші болыпты. Бірақ көп ұзамай әлгі екі жігіттің шекарадан қашып өткенін білген үкімет ұстап алып, атып тастайды. Осы оқиғадан соң, әкем өміріне қауіп төнгенін сезіп, амалсыз Алматыға қашып келеді.
– Пойызбен келді ме?
– Қайдағы пойыз?! Жаяу келді! 1943 жыл, соғыс әлі аяқталмаған кез. Жолда жолыққан біреулердің атына, арбасына мінгесіп жаяу Алматыға жетеді. Әкемді Алматының вокзалынан милициялар ұстап алады да, мектеп-интернатқа өткізеді. Интернатта қазақ, ұйғыр, өзбек балалармен бірге оқиды, сабақ негізінен қазақша болады. Әкем оқуын бітіретін жылы Интернатқа комиссия келеді. Сол комиссияның құрамында бір төре жігіт бар екен. Бірақ оның төре екенін ешкім білмейді. Әлгі кісі әкеммен танысып мән-жайды ұғынған соң, оған туу туралы куәлік бермекші болады (оған дейін әкемнің ешқандай құжаты болмаған) сөйтіп, әкеме нағашысының тегін жазамыз дейді. Бірақ әкем бұған көнбей: «жоқ, мен өз тегімді аламын! Егер өйтпесем өмір сүре алмаймын, мені аруақ атады» дейді. Әлгі кісі «сені өз тегіңмен Қазақстанда ешбір жоғары оқу орны алмайды» дейді. Әкем сонда да көнбей өз тегін жаздырып тынады.
Интернатты бітірген соң әкем Сочи қаласындағы әскери теңіз училищеге оқуға түседі. Ол жерге тек жетім балаларды жібереді екен. Себебі, оларды аямайды, тек соғысқа тәрбиелейді. Әкем алғаш барғанда бір ауыз орысша білмейді. Тіпті өзімен бірге оқитын басқа ұлт балалары жоқ, айналасының бәрі орыстар, украиндар, грузиндер мен еврейлер. Бастапқы кезде ешкіммен тілдесе алмай қатты қиналады. Сөйтіп жүріп Сано есімді грузин жігітімен танысады. Сано ақсүйектің тұқымы екен, аталары княз болыпты. Әкемнің төре екенін білген соң, ол өзіне жақын тартып қасына ертіп жүріпті. Әкем Саноның жүріс-тұрысына, киім киісіне, тамақ ішісіне дейін қадағалап, өзін түзей бастапты. Санодан орыс тілін үйреніпті. Тіл үйренуінің тарихы тіпті қызық. Сано әкеме «егер сен шынымен де орыс тілін білгің келсе, Толстойдан баста, яғни «Соғыс және бейбітшіліктің» төрт томын оқы дейді. Әкем Алматыда оқыған кезде кирилл алфавиті болған жоқ, ол кісілер латын алфавитімен оқыды. Ал енді кирилл алфавитімен жазылған, өзі мүлде түсінбейтін орыс тіліндегі «Соғыс және бейбітшіліктің» төрт томын қалай оқиды?! Әрине, жанына қысым келген соң ежіктеп оқи бастайды. Жалпы Толстойдың шығармаларында, әсіресе «Соғыс және бейбітшілігінде» француз сөздері өте көп. Сөйтіп қиналып, тілін бұрап орысша оқи жүріп, қосымша французша да үйренеді.
Әкеме училищені бітірген соң әскери билет береді. Ол кезде осы әскери билетпен бүкіл Совет республикаларын аралауға болатын. Сөйтіп, Совет елдерінің біразын аралайды. Ақырында Брестте бір еврей қызбен танысып Алматыға ертіп келеді. Алматыға келген соң ҚазҰУ-дың тарих факультетіне оқуға түседі. Бірақ бір жылдан соң шығып қалады. Одан кейін біраз уақыт әртүрлі жұмыстар істейді. Өзі бұрыннан бау-бақша өсіргенді жақсы көретін, Ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, оны бітіреді. Бірақ оқу бітірген соң, жолдамамен ауылға бару керек болады. Ал оған еврей әйелі көнбей қиғылық салады: «жоқ, мен ауылға бармаймын, қазақтардың арасында тұрмаймын. Тек қана қалада өмір сүремін» дейді. Осыдан соң әкем қалада қалудың қамына кіріседі. Күндіз жұмыс істейді. Кешкісін энергетика институтында оқиды. Оқуын аяқтаған соң, бірқанша үлкен-үлкен электр станцияларының салынуына атсалысады. Біраз жылдан соң әкем бірінші әйелі Файнамен дәм тұзы жараспай ажырасады…
– Әкеңіздің бірінші әйелінен қанша баласы бар?
– Екі баласы бар. Үлкен әпкем – Гүлжан. Мәскеу Консерваториясын бітірген, фортепиано мамандығы бойынша. Ұзақ жыл Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясында кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. Одан кейінгі ағам – Андас. Программист. Ленинградтағы политехникалық институтті бітірген. Екеуінің де тегі қазақ. Қазір Алматыда тұрады.
– Әкеңізбен анаңыз қалай танысыпты?
– Анам Сәуле Сатқанқызы Өтеулиева. Ганюшкиндегі мектепті бітіргеннен кейін, Атырауға келіп қаржы мамандығына қызығып кооптехникумға оқуға түседі. Осы кезде анамның туыстарының бәрі Алматыға көшіп келеді. Содан кейін анам да оқуын бітірген соң, Алматыға келіп ҚазҰУ-дың кешкі бөліміне оқуға түседі.
Әкем ажырасқаннан кейін біраз уақыт ҚазҰУ-дағы механика және математика факультетінде жұмыс істеген. Сол жерде Тәрбие есімді тәте лаборантка болып істейді екен. Ол өзі балалар үйінен шыққан адам. Ал менің әкем жетім болып өскен соң ба, жалғыз-жарым жүрген бала көрсе қамқорлық көрсетіп, көмек бергенді қалап тұрады. Тәрбие тәте әкемнің ажырасқан соң өзіне қарамай, күтімсіз, қалай болса солай жүргенін аңғарып өзінің құрбысымен таныстырады. Менің анам бұл кезде кешкі бөлімдегі оқуды аяқтап, Казпотребсоюзға (тұтынушылар одағы) жұмысқа тұрады. Олар би алаңына жиі-жиі барып тұрған. Ол уақытта би бір ғана жерде, негізінен Орталық саябақта болады екен. Әкем де ол жерге жиі барған. Бірақ би билеуге онша құлықты болмай, көбіне шахмат ойнап отырған. Тәрбие тәте болса әкемді күштеп биге шақырып жүреді екен. Ал анам бастапқыда әкемді онша бойына тоғытпайды. Өзі жап-жас, әдемі, жұмысы орнықты. Әне-міне пәтер де беріп қалады деп отырған кез. Сол уақыттары Ермек Серкебаевтың өзі анамның артынан жүгіріп, кездесуге шақырып жүріпті. Бірақ түбінде анам әкеммен қосылады. Бұған өз анасы, яғни нағашы әжеміздің ақылы себеп болған. Әжем «атақты адамдар, оның ішінде әншілер отбасына жауапкершілікпен қарамайды» деп айтқан.
– Сұрағым келгені, үшеуіңіз бір әке, бір шешеден тудыңыздар ма?
– Төртеуміз, ең үлкені – Гүлнара. Өкінішке қарай, ол бес жасында аққан ауруынан қайтыс болды. Гүлнара өмірге келгеннен соң, бір жылдан кейін әке-шешем Семейде тұратын нағашыларына қонаққа барған. Дәл сол уақытта Семейде бір сынақ жасалып жатыр екен. Сол жағдай баланың денсаулығына елеулі кесірін тигізген. Сол жылы туған балалардың басым бөлігі қатерлі ауруға шалдығып, кейінен көбісі қайтыс болыпты. Гүлнараның өмірі үшін дәрігерлер үш жыл бойы күрескеніне қарамастан, оны құтқарып қала алмады. Бұл жағдай анама қатты ауыр тиіп, ол тіпті өзіне қол жұмсамақ та болған екен. Дәрігерлер басу айтып, кеңес беріп жүріп райынан қайтарған. Дәрігерлер анама «сен қазір келесі сәбиді көтеруің керек, сол кезде көңілің тынышталады» деген. Ақырында анам жүкті болып, Шолпанды аман сау босанады. Бірақ 3-4 айдан кейін Гүлнара көз жұмады. Гүлнара кішкентай кезінде әкем айтып беретін батырлар жырын, эпостарды қатты жақсы көріп тыңдаған екен. Әсіресе, «Айман-Шолпанды» жақсы көрген. Соның құрметіне келесі сәбиге Шолпан деген есім берген. Шолпаннан кейін Болат деген ағам бар. Мен үйдің кенжесімін. Көңіл елжіретерлік дүние – өмірден өтердің алдында Гүлнара өзінен кейінгі нәрестенің есімі Шолпан болуын қалаған. Себебі, мен оған қамқор болып, үлкендік танытып жүремін ғой дегендей арманы болған. Ал мен өмірге келгенде түр-келбетім Гүлнарадан аумай қалыпты. Содан есімімді анам Айман деп қойған.
– Сөзіңізді бөлейін… Бала кезіңізден есіңізде қалған қандай да бір оқиға бар ма?
– Нағашы атаммен (Өтеулі) бірге қайыққа мініп, өзенге шығатынбыз. Судың ішінде жыландар көп болатын. Қайық үстінде келе жатып атам тормен балық аулайтын. Жағаға жақындаған кезде мен секіріп түсіп, суды кешіп жүгіргенді жақсы көретінмін. Бір күні солай жүгіріп келе жатыр едім, кенет үш метрдей жерден жыланды көрдім. Басын қақшитып алып, суық қарап тұрды. Тура қазір маған шабуыл жасайтындай көрінді. Мен бақырып жылап жағаға қарай тұра ұмтылдым. Атам соғыста бір аяғын жаралаған. Ақсаңдаған күйі қайықтан қарғып түсіп, ескекті жұлып алып маған қарай жанұшыра жүгірді. Мен болсам анадай жерге қашып барып отырып қалыппын. Атам бір уақытта әупірімдеп жүріп жыланды ұстап, басын қайырып менің алдыма алып келді. Содан ерінбей-жалықпай қандай жыланнан қорқу керек, ал қандайынан қорықпау керек дегенді түсіндіріп берді. Қазіргі ұстап тұрғаны сұр жылан екен.
Осы жағдай менің есімде жатталып қалды. Мұны отбасым естіп «енді ауылға жібермейміз» деп шулады. Ақырында әкем келіп, мені қалаға алып кетті. Қалаға келген соң да талай қызыққа куә болдық. 9 жасқа толған кезімде ұл мен қызы араласқан төбелестерді көретінмін. Аула-аулаға бөлініп алып төбелесетін. Өзгелерге қарсы тұратын біздің ауланың командасы «Сәлем» деп аталатын. Қонаев пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы дүкенге бөтелкелер апарып өткізсең, өтеуіне балмұздақ беретін. Сол маңдағы М.Төлебаев көшесінің қиылысында № 56 мектеп бар. Негізінен 8,9,10-сынып оқушылары көп төбелес шығаратын. Ал біздің ауланың өзіндік взводы, командирі болды. Бастығымыз нағыз бұзақының өзі еді. Қолымызға ыстық су толы шелек, тас, рогатка береді. Шарт бойынша подъезд төбесіндегі шатырға отырып аламыз. Сол жерге үлкен сынып оқушысы келсе немесе шықса төбесінен су құйып, рогаткамен тас атып есін шығару керек. Талап осындай.
Сол уақыттарда, яғни 1986 жылдары «Битлз» тобын тыңдау сәнге айналған. Біз ол кезде алтыншы сыныпта оқимыз. Калинин көшесінің бойында подъездің астында сол заманда тыйым салынған таспалар сатылады. Менің әпкем музыкаға қызығып, әке-шешемнен ақша сұрап, сүйікті таспасын сатып әкелетін. Сондықтан да сыныпта менде ғана бірнеше музыкалық альбомдар болды. Осы кезде суретшілік қабілетім менің алғашқы табыс табуыма да себепкер болды. Үлкен қағазға әлемге әйгілі әншілердің суреттерін салатынмын. Сыныптастарым бір сурет үшін 3 рубльге дейін ақша береді. Бұл дегеніңіз әжептәуір ақша.
– «Желтоқсан оқиғасы» сіздің балалық шағыңызбен тұспа-тұс келді ғой. Сол кез есіңізде қалды ма?
– Иә, ол қиын кезеңдер менің есімде. Үш күн бойы ата-анамыз біздерді мектепке жібермей, үйде ұстады. Оқиға әкемнің өміріне қатты әсер етті. Ол ешқашан партияға кірмеген, коммунистік идеяны мойындамаған. Сол себепті берілгелі тұрған пәтерден де айырылды, үнемі қауіпсіздік қызметкерлері ізінде жүрді. Қызмет сатысында да жоғарылатқан жоқ. Ал әкеміз үшін мектепте біздерді қатаң бақылауға алып, арнайы тізімге кіргізіп қойды. Ең жаманы мектепте «қазақсың» деп кемсіту белең алып, намысқа тию басталды. Бұл біз секілді баланың психологиясына әсер етіп, көңілімізге тым жайсыз тиді. Мұның бәрі Колбин билікке келгеннен кейін өріс алған жағдай болатын. Қиын тиген тағы бір дүние – 1986 жылдан кейін біздің ауылға қыдырып баруымыз да күрт тоқтады. Себебі, біздерді ауылдағы кісілер «шала қазақтар» деп менсінбеді. Әбден қалаға сіңісіп, орыстанып кеткен жандар деп түсінді. Анығында қоғамда сондай түсінік қалыптастырылды. Ауылға барсақ «ойбай қаладан мәңгүрттер келіпті, кеттік оларды қырайық, жояйық» деген әңгіме айтылатын. Соған байланысты бізді ауылға жібермеді.
Біздің мектепте Нариман деген оқушыны қазақ болғаны үшін әбден ұрып-соғып ауруханадан бір-ақ шығарған. Кейін ол мектепке келген кезде завуч әлгі баланы көрсетіп «міне, қараңдар, қазақ болған соң көрген күндерің осы» дегенді айтты. Сол заманда қазақтың үлкені де, кішісі де қоғам тарапынан, билік тарапынан әбден теперіш көріп жатты. Көпқабатты үйлердің тек бірінші және бесінші қабаты ғана қазақтарға берілетін. Біз бірінші қабатта тұрдық. Жалпы біздің подъезде екі қазақ отбасы ғана болды. Оның бірі біз болсақ, бірі әйгілі актер Құдайберген Сұлтанбаев ағамыздың отбасы еді. Анам ол кісімен бірге сценарий жазып, шығармашылық байланыста болды. Ал Құдайберген ағаның әйелі үйде ешкім жоқ кезде бізге қарап, қамқор болатын.
Мектепті үздік бітірген соң, Мәскеу халықаралық қатынас институтына оқуға түскім келді. Бұл жолды нұсқаған сынып жетекшім Анна Николаевна еді. «Айман, сенің білімің, ақылың, қабілетің жеткілікті. Кеңінен ойлана аласың, өлең жазасың, шығармашылық талантың бар. Сен Мәскеуге баруың керек» деп дайындады. Алайда сегізінші сынып емтиханында мені орыс тілі мен әдебиеті сабағынан кідіртті. Ал мен болсам дәл осы екі пәннен мектеп бойынша ең үздік оқушы болатынмын. Содан ойландым, егер мектепті не алтын, не күміс медальға бітіре алмасам, онда Мәскеуді армандаудың да еш қисыны жоқ. Бұл уақытта әпкем Шолпан суретші Бондаренконың қызымен бірге спорт секциясына барып жүрді. Ол кісі «сіңліңді алып кел, суретті қалай салатынын көрейік» деп айтыпты. Ал менің суреттерімді көргеннен соң «Айманды көркем сурет училищесіне түсіру керек» деген. Содан сәуір айынан бастап Вилотетта Бондаренко мені қабылдау емтихандарына дайындады. Біздің үйдің екі балконы бар еді. Бірі Шевченко жағына, енді бірі үйдің алдына қарап тұрады. Үйдің алдына қарайтын кең балконның тұсында, залда фортепиано қойылған. Оны менің әпкем тартады. Шолпанның қасында Сәуле Ғарифоллақызы Құрманғалиева. Ал балконда мен отырамын, мені Бондаренконың қызы оқытады. Қарап отырсаңыз, әр саланың майталман тұлғалары бір-бірімен тығыз байланыста болған. Апта сайын бірнеше рет бір-бірін көріп, кездесіп, пікір алмасып тұрған. Бізде соған себепкер, куәгер болдық. Тағы бір қызықты айтайын, атақты профессор Кенжеғали Сағадиев әр жексенбі сайын біздің үйге қонаққа келетін. Әкеммен шахмат ойнайды. Кенжеғали ағаның қасына Қаби Оқаевич еріп келетін. Міне, осындай әйгілі тұлғаларды кішкентайымыздан көріп, еліктеп өстік.
О. Таңсықбаев атындағы көркем сурет училищесіне түсу үшін емтихан тапсырып, барлық сабақтан бес алып, театр және кино суретшісі факультетіне түскем. Бірақ өзіммен бірге тапсырған талапкерлердің барлығынан жоғары балл жинап тұрғаныма қарамастан, мені қабылдамай қойды. Бірінші себеп – көркем сурет мектебін бітіріп келмегенім. Екіншісі – менің орныма бір суретшінің екі баласын оқуға қабылдаған. Ұлты – орыс. Тағы да ұлттық бөлінушілікке ұшырадық. Әкем қатты ашуланды. Ал анам болса «Жарайды, ештеңе етпес, мектепке қайтып барайық. Кейін Нархозға түсесің. Ол жерде проректор біздің ағамыз ғой» деп жұбатты. Бірақ мен қалайда суретші боламын деп қаттым да қалдым. Содан анам жүгіріп жүріп, аппеляцияға беріп, әрең дегенде мені оқуға қабылдатты. Кандидат статусымен түсіп, жарты семестрдей жүрдім. Екінші семестрден бастап мені студент ретінде қабылдады. Соның өзінде топтың старостасымын. Ал сессияны тағы да бәрінен үздік тапсырып шықтым. Ешқандай пәннен төрт алмағандықтан, маған Лениндік стипендия берді. Бірінші курста мені Лермонтов театрына практикадан өтуге жіберді. Қасымда Инга, Лена деген қыздар бар. Роберт Акоповтың қарамағына келдік. Дегенмен ә дегеннен ол кісімен тікелей жұмыс істеспей, цехта жұмыс істеп жүрдік. Бір уақытта Алексей Лакшин келіп «Айман, кеттік. Қыздарға айтпа…» деп мені құпиялай ертіп, Акоповтың алдына алып келді. Роберт маған қарап: «Иә, оның қолынан не келеді?» деді. Лакшин оған менің жасаған макеттерімді көрсете бастады. Акопов қарап отырып риза болды да «Болды, мен оны цехтан өзімнің шеберханама аламын» деді. Лакшин болса «оның отбасының қаржылық жағдайы мәз емес» деп емеурін білдірді. Акопов көзінің астымен қарап: «Сонда оны жұмысқа алуым керек пе?» деді. «Ал, мүмкіндік болса». «Қалай аламын? Жасы 16-ға да толмаған ғой». «Алсаңшы, сенің мүмкіндігің бар емес пе?» дейді Лакшин де қайтпай. Ақыры не керек, мені Лермонтов театрына жарты штатпен қоюшы-суретші қызметіне қабылдады. Бас суретші, бас режиссер, барлық актерлік құраммен бірге жалақы аламын. Бастапқыда кешке барып жұмыс істеп жүрдім. Кейін үлгермейтін болған соң, кейбір пәндерді мерзімінен бұрын тапсырып тастайтын болдым.
Училищені үш қыз үздік бітіріп шықтық. Үшеуміз айырылмастай құрбы болдық, бір жағынан іштей бәсекелес едік. Сол уақытта тәуелсіздік те алдық, енді ұлттық кадрлер басымдыққа ие бола бастады. Ал олар болса жұмыссыз қаламыз ба деп қатты қорықты. 1992 жылы Ленинград кино және музыка мемлекеттік институтына оқуға түсіп, бітіріп шықтым. Лермонтов театрынан кейін Әуезов театрына ауыстым. Бірақ ол жерде ұзақ тұрақтай алмадым. Бірді-екілі жұмыс бітіріп үлгердім. Тұңғышбай Жаманқұлов келіп, өзінің режиссерлік дебюті «Турандот ханшайымды» қойды. Сол спектакльге арнап костюмдер жасап, қаншама еңбек еттім. Ал афишаға костюм суретшісі Фатима Тарази деп жазды. Ол Мақпал Жүнісоваға киімдер тігіп жүрген модельер. Менің атымды афишаға жазбайды. Себебі, мені ешкім танымайды жәй ғана студентпін. Ал Фатима Тарази қала әкімінің әйеліне киім тігіп жүрген адам. Бұл жағдай мені қатты ашуландырды. Асанәлі Әшімов Шыңғысхан туралы спектакльді кіші залда қойған кезде де мен костюмдер дайындадым. Кейінірек Абай атындағы опера және балет театрында да, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында да қолтаңбам қалды. Одан соң Ленинградқа барып Акимов атындағы комедия театрында аз уақыт жұмыс істедім. 1996 жылы елге оралғаннан кейін бұл салада өнімді жұмыс істеудің қиын екенін, барлық жерде өзінің шеберлері отырғанын түсіне бастадым. Содан ойлана келе ҚазҰУ-ға экономика және құқық институтына оқуға түстім. Онда да кешкі бөлімге. Әрі жұмыс істедім. Кім болып істемедім десеңізші. Хатшы, «Дала ТВ» деген мекемеде суретші дизайнер болдым. «АтомРудМет» компаниясында маркетинг саласының да дәмін таттым. Жалпы, әртүрлі мекемеде маркетолог болып 22 жыл жұмыс істеппін. Ара-тұра живопись саласын үйренгенімді де кәдеге жаратып, үлкенді-кішілі картиналар салып, оларды сататынмын. Кіші картиналарды 200, ал үлкендерін 500 долларға дейін сатуға болатын. Сөйтіп, сан түрлі жолды басып өтіп келе жатырмын. Қай шаруаға кіріссем де кәсіби жұмыс істеуге тырысамын. Ал бизнеске келгенде менің білетінім шамалы. Бизнестегі тәлімгерім – күйеуім.
– Осы жерден сәл аялдап, сіздің алғашқы махаббатыңыз туралы білгіміз келеді.
– Біздің сыныпта Руслан деген бала оқыды. Ол өзі әрі әдемі, әрі ақылды еді. Анасы адвокат болатын. Менің анам Русланды жақсы көретін, оны үнемі үйге шақыратын. Бәрі екеумізді бір-бірімізге қосатын. Алайда есейе келе жұрттың мұндай сөздерінен ұяла, ыңғайсыздана бастадық.
– Ал екіншісі кім?
– Ленинградта оқып жүрген кезде Астахов деген бір курстасымды қатты ұнаттым. Ол нағыз ақсүйек еді. Бірақ бір-бірімізбен мүлде тіл қатысқан жоқпыз.
Мен оқудан үлкен сеніммен, үлкен мотивациямен оралдым. Өз мамандығыма, жұмысыма деген махаббатым, ықыласым өте жоғары еді. Бірақ соның бәрі бірдемде быт-шыт болды. Себебі, елде ештеңе қалмаған. Ештеңе жоқ. Алматыны біреулер тонап кеткендей. Театрға адам келмейді, қызметкерлері жалақы алмайды. Қыздар теріс жолға түсіп, менің алғашқы махаббатым есірткіге салынып кеткен. Соның кесірінен бүкіл денсаулығын құртқан. Кейін көргенімде арақ ішіп жүр екен. Бұл дегенің жалғыз Руслан ғана емес, қоғамның сол кездегі бет-бейнесі сондай еді. Ал нағыз махаббатты өзімнің күйеуіммен танысқан сәттен бастап сезіндім. Мен маркетолог болып жұмыс істеп жүрген кезімде Сержан (күйеуім) директордың өндіріс жөніндегі орынбасары болды. Біздің жолымыз қиысқан жоқ. Мен одан біздің бөлім үшін жиһаз ала бастаған кезде танысып, араластық. Одан кейін ұзақ уақыт хабарсыз кетіп, бір жылдан соң таныстығымыз қайта жалғасты. Бұдан кейін «Фудмастер» компаниясына директордың маркетинг жөніндегі орынбасары болып келдім.
– Үйлену туралы шешімді қалай қабылдадыңыздар?
– Егер шынымды айтсам, бізде ешқандай той болған жоқ, мешітке барып, неке қийдық. Сол күннен 18 жыл өттседе, кәзірде күйеуім маған «Сүйемін, күйемін, өлемін» деп қалжындайды. Қазір үш баламыз бар. Үлкені – Жәнібек Мәскеу қаласында оқып жатыр. Жасы 16-да. Сол жақта бағдарламалау мамандығын игеру­де. Ортаншы балам Сұлтан 9 сыныпты аяқтап жатыр. Осы жылы Мәскеуге сапар шегеді деп жоспарлап отырмыз. Химия саласын таңдауды қалайтын сияқты. Дегенмен әуелі колледжге тапсырады, бәрі сәтті болып жатса университетке ауыспақ. Кенжеміз Іңкәрдің өнерге, ән айтуға деген қабілеті бар. Қазірдің өзінде екі конкурсқа қатысып үлгерді. Шүкір, жақсы өмір сүріп жатырмыз. Бәріне көңілім толады. Күйеуімнің үлкен ұлы бізбен бірге тұрады. Бір участокте екі үй салынған. Олардың балалары, яғни немерелерді өзім тәрбиелеп жатырмын. Күйеуімнің үлкен ұлының есімі – Шыңғыс. Ол өзі Шыңғысханды кумир тұтады. Балаларының атын Айлун, Жәңгір, Қайсар деп қойған. Үйде балалардың шуы, күлкісі, шат үні әркез естіліп жатады. Күйеуімнің отбасы Құлжа жақтан көшіп келген оралмандар. Сержан 1963 жылы Алматы қаласында өмірге келген. 1998 жылы әкем бірнеше мәрте шағымданудың арқасында ҚР Президентінен атамыздың өлгеннен кейінгі ақталғаны жайлы хат алды.
– Менің байқағаным, сіздің өміріңізді өзгерткен үш асу болыпты. Біріншісі – атаңызбен балық ұстаған кездегі оқиға. Алғаш рет қорқынышпен бетпе-бет келдіңіз. Екінші асу – 1986 жылғы оқиғаның бір аулада ойнап жүрген балаларды екі тарапқа бөліп тастауы. Үшіншісі – Ленинградтан оралған сәтте Қазақстандағы өтпелі кезеңге тап болып, тоқырап қалуыңыз, солай ғой? Ештеңеге қарамай қандай жұмыс болсын арланбай істеп, ақша таптыңыз, адамдармен араластыңыз. Өзіңізді қандай мамандық иесімін деп түсінесіз?
– Аналитик, талдаушымын. Экономистер тек қаржы туралы айтады. Ал біз өмірді қалай жақсарту керек деген сұраққа жауап іздейміз. Әлеуметтанушылардың да бағыт-бағдары басқа. Ал саясаткерлер мүлде басқа категория. Олар елді әбден жалықтырған әдіс-тәсіл, популизм арқылы бір ғана нәрсені жасағысы келді. Ол – ел арасына интрига тастау. Саясат дегеніміз шын мәнінде не? Саясат – әлеуметтік-экономикалық дамуды дұрыс әрі пайдалы басқару. Әлемнің қай дамыған елін алып қарасақ та, олар экономика мен әлеуметтануды бір-бірінен бөліп қарастырмайды. Батыс тәжірибесіне мән берсек, саясат, әлеуметтану, экономика, міне осы үш ұғым нарықпен тікелей байланыстырылған. Бізде осы жағы кемшіл түсіп жатыр.
– 1991 жылы Тәуелсіздікті қалай қарсы алдыңыз?
– Бір ғана нәрсе менің көз алдыма келеді: спекулянттардың ізінен жүгіріп, ақша майдалатқанбыз. Сол кезде әкеміз теледидардан бірде-бір жаңалықты қалдырмай қарап, үйге газет әкеліп оқып отыратын.
– Жалпы, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына қуандыңыз ба?
– Әрине, мен қуандым. Ол кезде жасым 17-18 шамасында ғой. Әкем туғаннан оппозиционер. Өмір бойы Совет үкіметіне қарсы шығып, сынап өткен адам. Ал анам өмір бойы тауар айырбастаумен, ломбардта, кассада, жалпы қаржымен тікелей қарым-қатынаста өмір сүрді.
– Суретші болдыңыз. Одан маркетологқа ауыстыңыз. Кейін экономикаға, заңгерлікке қызықтыңыз. Қазіргі жұмысыңызда бәрі бар – экономист те, социолог та, тіпті саясаткер де. Осы салаларға сізді итермелеген не нәрсе?
– Екінші баламды өмірге әкелгеннен кейін 2003 жылы EXIMAR деген форсайт агенттігін аштым. Яғни, жеке фирмам. Ол фирма тек әлеуметтік, экономикалық зерттеулер жасаумен айналысады. EXIMAR деген атауды тарқатып айтсақ – «эксперт индустриального маркетинга» деген мағынаға саяды. 2010 жылға дейін бізге жеке сектор өкілдері, яғни ірі банктер, ірі құрылыс компаниялары, азық-түлік өндірушілері ғана тапсырыс беріп тұрды. Мен бөлшек сауда бойынша аудит жүргізген нарықтағы алғашқы қазақстандық ойыншымын. Жұмыс сәтті жүріп, көптеген сауда маркаларын нарыққа енгіздік. Әсіресе, 2002-2007 жылдар аралығында шаруа қарқынды жүріп, аса табысты болды. 2010 жылы салық тарапынан қатты қысымды сезініп, ақпараттық технологиялар паркіне тіркелдік. Сөйтіп, ағам екеуміз ақпараттық технологиялар аясында бизнес жасап көруге бел будық. Алайда бұл бастама сәтті болмады. Осыдан соң тендер алып, 2010 жылдан бастап мен аналитика бойынша «НАПЭИ Казнекс Инвест» компаниясына қызмет көрсетуді шындап жолға қойдым. Ішкі нарықты зерттеп, қазақстандық өнімді қайда сатуға болатынын анықтап, ұлттық сараптау стратегиясын жазып жұмыс жүргіздік. Яғни, 16 жыл бойы менің фирмам табысты болды. Мен секторлық мемлекеттік бағдарлама жазып шықтым. Жазған бағдарламаңды қорғау, дәлелдеу барысында оған басқа қырынан қарай бастайсың. Өкінішке орай, барлық министрлік, барлық ведомтсво, өңірлерді, бәрін парақорлық жайлаған. Құрығанда консалтингке 20 пайыз кетеді. Егер шенеуніктердің бизнестен жымқырып отырған ақшасын санайтын болсақ, небір сұмдықтың беті ашылар еді. 2018 жылдың өзінде Қазақстаннан АҚШ-қа қарай 23 млрд доллар шығарылған. Қалай болғанда да мен өзімнің сыни ойлауымнан бас тарта алмаймын. Мен ештеңеге сенбеймін. Статистикаға да, министрлік дайындаған ақпаратқа да. Мен тек кейін қайта тексеруге болатын цифрларға ғана сенемін. Ақпаратты, мәліметті тексерудің менде қалыптасқан өзіндік тәсілі бар. Соған сүйенемін. Себебі, мен ESOMAR қауымдастығына мүше болған этникалық төрт қазақтың біреуімін. ESOMAR – бұл қоғамдық көзқарас пен нарыққа терең талдау мен зерттеу жүргізетін еуропалық қауымдастық. Жалпы, елімізде бұл қауымдастыққа мүше болған 12 адам бар, оның төртеуі қазақ. Онда белгілі бір әдіс пен кодекс анық жазылған. Біз әр жыл сайын есеп алып отырамыз. Жыл сайын қауымдастық мүшелеріне дәріс өтіп, не нәрседен қателесуі мүмкін екенін ескертіп отырады. Ең қиыны – дұрыс емес мәлімет жинау және соны пайдалану кезінде дұрыс емес алгоритм қолдану. Кез келген зерттеу үш кезеңнен тұрады: мәлімет жинау, есептеу алгоритмі және шығыс деректері. Мен өз зерттеулерімдегі мәліметтерді, керек десеңіз, Гаага сотында тұрып та дәлелдей аламын. Сондықтан қандай да бір агенттік, министрлік, Үкімет мені жақтырмайды. Себебі, олар менің зерттеулерімнің бұрыс емес екенін дәлелдеп, ешбір уәж айта алмайды. Картинки по запросу айман турсынхан
– Өміріңіздің басты кезеңдері, негізгі бетбұрыстары жайлы біршама айтып өттік. Енді менде мынадай сұрақ бар. Сіз қай жастан бастап ақша тауып, өз-өзіңізді қамтамасыз еттіңіз? Яғни, қаржылық тәуелсіздік алу туралы. Ленинградтан келген кезде де сіздің материалдық жағдайыңыз онша болмады ғой. Сол қиындықтан қалай шықтыңыз?
– Қиыншылық көруім үш айға ғана созылды. Одан кейін де қаржы жетіспеген сәттер болды. Алайда ол уақытта мен картиналарымды сатып, ақша таптым. Ал көбірек ақша тапқан сәтім – казинода жұмыс істеген кезім. Казино кассасында жұмыс істеу арқылы шынайы жұғымды табысқа қол жеткізген едім. Бірақ ол жерде кәсіпті жалғастыра беру өте қауіпті болды. Сондықтан бас тарттым. Онда жарты жылдай істеппін. Жалақы ғана емес, касса, яғни мен арқылы ол жерде миллиондаған долларлар арлы-берлі жүріп жатты. «Әсем-Ай» компаниясынан кеткеннен кейін маған жүктілікке байланысты төленетін қаражатты бермей қойды. Заңгер жалдап дауласайын деп едім, ондағылар компания иесі әйгілі саяси тұлға екенін айтып қорқытып, өз еркіңмен кет деді. Ол кезде жүктіліктің жетінші айында болатынмын. Бір тиынсыз кеттім. Босанғаннан кейін анам көмектесті. Ол кезде менде тіпті нан алатын ақша да болған жоқ. Кейін балам сәл өскен соң жұмыс іздеп едім, ешбір компания келіспеді.
– Алғашқы автомобилді қашан, қай жерде сатып алдыңыз?
– Көлік алмадым. Әлі күнге дейін солай.
–Ал алғашқы үй, пәтер ше?
– Сұлтан өмірге келген кезде күйеуім екеуміз алғаш рет өз қаржымызға пәтер сатып алдық. Күйеуім екеуміз бірігіп, Достық даңғылының бойында. Бірақ кейін күйеуімнің бизнес саласында жолы болмай, ол үйден де айырылып қалдық. Бір қызығы менің көп досым да жоқ. Араласатын адамдарым қызмет бабында танысқандар. Соның өзінде қандай қиын жағдайға тап болсам да көмек көрсетуші бір адам пайда бола кетеді. Құдайдың құдіреті шығар. Похожее изображение
– Алғашқы ірі капиталыңыз туралы айта кетсеңіз?
– Алғашқы үлкен табысты 2013 жылы таптым. Сол жылы Назарбаев университетінің кітапханасын автоматтандырумен айналыстым. Барлық төрт қабатын да. Біз жасаған жұмыс өте ауқымды болды. Келген адам компьютер не болмаса смартфон арқылы тапсырыс береді. Оның тапсырыс берген кітабын арнаулы жәшік орнатылған рельстер жеткізіп береді. Ол рельстер тігінен, қиғашынан әрлі-берлі зулап жатыр. Кәдімгі ойыншық пойыздар инструкциясы секілді. Яғни, тапсырыс беруші немесе кітапханашы қажетті кітапты сөрелерден іздеп әуре болмайды. Арнайы құрылғы тапсырысты үш минуттан асырмай қолына тигізеді. Жалпы, осы жұмыс үшін жалғыз өзім 15 миллион теңге таптым. Осының арқасында үй салып алдық.
– Сіздің мақтанатын жұмысыңыз, жетістігіңіз қайсы? Мейлі отбасында, мейлі жұмыста.
– Бірінші кезекте мақтанатыным – менің балаларым. Олар өте еңбекқор. Мен де оларды үнемі ізденіп отыруға баулимын. Онан кейін бөле-жарып айтатыным – Алматы метрополиясы. Анализ жасау арқылы өңірлік әкімшілік басқару үшін метрополия түсінігін мен алғаш рет енгіздім. Менің жобам «2050 жылға дейінгі Алматы метрополиясын дамыту болжамы» деп аталды. Мен салық реформасын құрастырдым. Оны шынайы өмірде қолданысқа енгізуге тырысып келемін. Елімізде салық, жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттік процесс және білім жүйесін түбегейлі өзгерту жоспарын жасап шықтым. Осы жұмысты соңына жеткізуге демалыссыз тұп-тура 24 ай уақыт кетті.
Сұхбаттасқан Жарылқап ҚАЛЫБАЙ
Қағазға түсірген Жақсылық ЫРЫСБАЙ

(ЕСКЕРТУ: Материалды көшіріп басуға тыйым салынады)

(«Жұлдыздар отбасы» журналының 2019 жылының №4 саны)

 

Пікір қосу