• Данэлия, Минскіде өткен «Балалар Евровидениесі» байқауына қатысып онлайн-дауыс беру бойынша үшінші орын, жалпы есепте 6 орын иелендің,  құтты болсын!
  • Көп рақмет!
  • Балалар Евровидениесіне бару туралы ой қайдан келді?
  • Осыдан бір жыл бұрын маған Балалар Евровидениесінің концертіне барып, көрермен ретінде қатысудың сәті түсті. Сол жолы сахнадағы балалардың орындаушылық шеберлігін, концерттің ұйымдастыру ауқымдылығын көріп қатты таңғалдым. Осы концертке қарап, ерекше әсерленіп, «Евровидение секілді үлкен конкурсқа қатысу әр әншінің арманы болар» деп ойладым. Біраз уақыттан соң Қазақстанда «Балалар Евровидениесі» байқауына іріктеу жарияланды. Мен бұл жаңалықты естіген кезде көп ойланбастан бағымды сынап көремін деп шештім. Сөйтіп, іріктеуден сүрінбей өтіп, байқауға Қазақстанның атынан баратын болып бекітілдім.
  • Конкурсқа қалай дайындалдың?
  • Конкурс үшін мен де, ата-анам да бар күшімізді салдық. Педагогым Наталья Александровамен күніне бірнеше сағат вокалға дайындалдық. Күнделікті түсірілімдерге, сұхбаттарға қатыстым. Евровидениенің ресми сайты үшін күнде дайындық видеомызды жолдап отырдым. Осындай жұмыстар көп уақыттымызды алды.Картинки по запросу данэлия тулешова
  • Жеңіске жетемін деген ой болды ма? Өз мүмкіндіктеріңе сендің бе?
  • Сайысқа қатысатын әр бала жеңіске жетуді ойлайды. Мен ең бастысы өзіме сеніп, Қазақстанның атын биікке көтергім келді.
  • Қарсыластарың мықты болды ма?
  • Әрине, талантты қатысушыларды көрген кезде әлі де алға ұмтылуың қажет екенін түсінесің. Сол себептен менің өмірімде жолыққан әр адам шығармашылық тұрғыдан шыңдалуыма әсер етті деп ойлаймын. Барлығына алғысым шексіз.
  • Кейбір көрермен сен орындаған «Өзіңе сен» әнін өзіңнің бар мүмкіндіктеріңді көрсететін, дауысыңа лайықты ән деп санамады. Тіпті «әнді дұрыс таңдай алмағандықтан, жеңімпаз бола алмады» деген пікірлер де айтылды. Өзің бұл жайлы не дейсің?
  • Бұл ән өте қысқа уақытта, асығыс жазылғанымен де, өзіме ұнайды. Болашақта Қазақстанның атынан конкурсқа қатысушыларда бір жылдай уақыт болады. Сондықтан келесі қатысушылар ән жаздыруға ұзақ дайындалса екен деймін. «Өзіңе сен» әні техникалық жағынан күрделі, орындау қиын композиция. Бұл әнді конкурста ағылшын және қазақ тілінде орындап шықтым. Мен табиғатыма келмейтін, өзіме ұнамайтын әнді айта алмаймын. Егер ән көпшілік ойлағандай, шынымен, сәтсіз, менің дауысыма лайықты болмаса, орындаушы ретінде мен де сезер едім. Мүмкін, әнді айтпас та едім. Кәсіби мамандар бұл әнді маған арнайы жазып берді. Бүгінге дейін қаншама рет айтсам да, қайталап айтқым келіп тұрады. Осы әнді орындап шыққаннан кейін маған минус нұсқасын жіберші деп өтінгендер көп болды. Яғни ән тек менің ғана емес, көптеген тыңдармандардың көңілінен шықты. Менің ойымша ән тыңдауда әр адамның өз талғамы бар, ал талғамға талас жоқ.Картинки по запросу данэлия тулешова
  • Өзіңнің конкурстағы нәтижеңді қалай бағалайсың?
  • Сахнадағы өнер көрсетуімді 100 пайызға бағалаймын. Евровидение секілді конкурстың нәтижелері, әншіге шынайы баға береді деп айта алмаймын. Себебі бұл жерде жеңімпаз атану тек қана әншінің дауыс мүмкіндігіне, талантына ғана байланысты емес. Әнімді аяқтағаннан кейін өзіме көңілім толды. Залдағы көрерменнің маған деген ықыласын көріп қуанып қалдым. Залдан «Қазақстан! Данэлия!» деген дауыстарды есту маған үлкен дем берді. Ұйымдастырушылар тіпті эфирде де бұл дауыстардың естілгенін айтты. Өзімнің орындаушылық шеберлігіме сенсем де, нәтижесі осылай болды. Мен өзімді жеңілдім деп айта алмаймын. Онлайн дауыс беру бойынша үшінші орын иелендім. Мені қолдаған халыққа алғысымды білдіремін. Мен үшін халықтың бағасы бәрінен де маңызды.
  • Конкурс кезінде ата-анаң қатты уайымдаған болар?
  • Әрине, ата-анам үнемі жанымда болды. Конкурстан кейін ең бірінші әкеммен сөйлестім. Олар мен үшін қатты алаңдады. Инстаграмдағы мен жайлы пікірлерді оқып, уайымдап та қалды. Басқа қатысушыларға қарағанда маған деген қолдау, көмек көп болды деп нық сеніммен айта аламын. Менің онлайн дауыс беру бойынша үшінші орынға ие болуым әкемнің арқасы деп ойлаймын. Өйткені әкем бар уақытын бөліп,  әлеуметтік желілерде халықты барынша дауыс беруге шақырды. Хабар агенттігі қаржылық, ақпараттық қолдау білдірді. Концерттегі менің қойылымның  қаржысын ата-анам, туыстарым өз мойнына алды. Сондай-ақ номердің режиссері Алексей Голубев гонорор алмады. Осы орайда ол кісіге ерекше алғысымды білдіремін.
  • Картинки по запросу данэлия тулешова
  • Балалар Евровидениесіне арналып шыққан бейнебаяныңа көңілің толды ма? Бұл сенің алғашқы бейнебаяның ба?
  • Бұған дейін «Космос» және «Другие» әніне бейнебаян түсірген едім. Әдетте үйде үнемі інім және  сіңлім үшеуміз әртүрлі тақырыпта көңілді видеолар түсіреміз. Сол себепті бейнебаян түсіру, әнге видеосюжет жасау маған таңсық нәрсе емес.
  • Конкурстарға қатысамын деп сабаққа үлгерімің нашарлап кеткен жоқ па?
  • Қандай жағдай болмасын білім алу мен үшін бірінші орында. Мен сабақты да вокалды да бірге алып жүріп үйреніп қалдым. Қарбаластық маған қиындық тудырмайды. Конкурсқа бармас бұрын алдын ала бір апталық  үй жұмыстарымды жасап кеттім. Ата-анамның да басты талабы сол. Олар менің сабағымды жақсы оқығанымды қалайды.
  • Қай пәнді сүйіп оқисың?
  • Мен математика пәнін жақсы көремін. Есептерді шешіп, тапсырмаларды орындаған ұнайды.
  • Алда қандай жоспарларың бар?
  • Енді халықаралық конкурстарға қатысуды уақытша тоқтата тұрмақпын. Конкурстар қаншама уақытты, күш-жігерді сарқып алады. Алда тек сабақпен және шығармашылықпен айналысқым келеді. Өзім өте талапшыл, мақсатқа жетпей қоймайтын қызбын. Болашақта қандай мамандықты таңдайтыным да әлі белгісіз. Мен дұрыс таңдау жасауым қажет, ол үшін қазірден сабағымды жақсы оқып, білім алып, университетке түсуім керек.
  • Даниэля, саған сәттілік тілеймін!

Дайындаған Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

(«Жұлдыздар отбасы» журналы)

 

Пікір қосу