Тоқтар Қарсақбаев, А.Қарсақбаевтың ұлы:

Әкемнің ойындағы көркем картиналар оның келте ғұмырымен бірге үзіліп кетті

– Тоқтар аға, әкеңіз қай өңірде өмір есігін ашты?

– Әкем Абдолла 1926 жылы 2 қазанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылында қарапайым  малшы отбасында дүниеге келіпті. Әкеміз ата-анасы алпыс жастан асқанда отбасының он алтыншы баласы болып туылған екен.

– Ата-анасы қандай кісілер болған?

– Атамыз Қарсақбай мен әжеміз Талшыбық мал баққан, көшпенді өмірдің қыр-сырын қанық білетін жандар болыпты.

– Ол кісінің балалық шағы жайлы не білесіз?

– Әкемнің балалық шағы қазақ даласын алапат ашаршылық жайлаған жылдарға тұспа-тұс келді. Сондықтан да ол бала кезінде тағдырдың тауқыметін көп тартқан. Бірақ  маған балалық шағы жайлы тіс жарып ештеңе айтқан емес.

– Әкеңіз алғаш сауатын қайдан ашқан?

– Ол кісі 1933 жылы Алматы қала­сындағы №12 мектепке оқуға түсіп, 1942 жылы он жылдықты бітіреді. Сол жерде  Нұрғиса Тілендиевпен бірге оқиды. Екеуінің  өмірлік достығы осы мектептің партасынан басталса керек.

– Мектеп бітіргеннен кейін әкеңіз алғашқы еңбек жолын қалай бастады?

– Әкем мектеп бітірген жылы анасы Талшыбық қайтыс болады. Сөйтіп, ағалары соғысқа  кеткенде бозбала Абдолла ауру әкесіне қарап, отбасының  арқа сүйер тірегі болады. Қапан, Ернияз атты ағалары майданнан  оралмайды. Тіпті 1945 жылы әкемді де майданға шақырмақшы болады. Бірақ атам науқас болғандықтан,  соғысқа бармай қалады. Бұл да тәңірдің оған тартқан үлкен сыйы болса керек.Картинки по запросу қарсақбаев абдолла

Соғыс кезінде Ресейдің ірі қалала­рындағы көптеген киностудиялар Алматы­ға көшіріліп әкелінеді. Әкем жақсы жа­ла­қы алу үшін  осы киностудияларда жұмыс істейді. Қара жұмыс істеп жүрсе де, қағылез бала біртіндеп кино түсірудің сырына қаныға бастайды. Осы тұста киностудиялар қасынан «актерлер мектебі» ашылады. Әкем 1943-1947 жылдары осы мектепте тәлім алады. Оқу бітірген соң «Қазақфильм» киностудиясына қызметке орналасады.

– Әкеңіз қашан отбасын құрды?

–  Әкем 1950 жылы  Мәскеудегі кинематография институтында оқып жүргенде еврей қызымен  шаңырақ көтереді. Көп өтпей екеуінің Қайсар атты ұлдары өмірге келеді. Бірақ әйелі әкемнің Алматыға кетуін қаламапты. Ақыры ол кісі әйелін тас­тап Алматыға оралыпты. Ұлдары Қайсар авиация саласының үздік маманы болған. Бір реткі әуе сынағында шырғалаңнан көз жұмыпты.

1957 жылы әкем  Ілияс Жансүгіровтің қызы Үмітке үйленеді. 1958 жылы Нұрлан есімді ұлы дүниеге келеді, Нұрлан білікті дәрігер болды. Біраз жыл бұрын дүниеден өтті.

Әкем 1965 жылы менің анаммен отбасын құрады. Бұл оның шығармашылық қолтаңбасы қалыптасқан, әбден кемеліне келген шағы еді. Мен 1966 жылы өмірге келдім.

– Кез келген адамның жетіс­тігін жанұя жылуынан бөле қарауға болмайды. Әкеңіздің шығармашылығына анаңыз қандай қамқорлық танытты деп ойлайсыз?

– Анам ең алдымен шығармашылық адамы үшін еркіндіктен қымбат ештеңе жоқ деп түйсінді. Сондықтан да отбасының барлық шаруасын өз мойынына алды. Сөйтіп, әкемнің жүрек қалауындағы фильмдерді түсіруіне мүмкіндік берді. Осы  жылдарда әкем жемісті еңбек етті. Небір мадақ пен марапаттауға да сол кездерде қол жеткізді. Айталық, 1967 жылы «Менің атым Қожа» фильмі Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. Канн фестивалінің жүлдесі  кино әлеміндегі ең беделді атақтардың бірі саналады. Бірақ ол кезде Каннға бүгінгідей көп фильм қатыстырылмайтын. Ал « Менің атым Қожа» фильмі сол кезде бүкіл КСРО атынан қатысып жүлдеге ілікті. Бұдан бұрын  1959 жылы Ресейдің «Тырналар ұшып барады» атты  фильмі Канн фестивалінің «Алтын пальма» сыйлығын еншілеген еді.

– Әкеңіз түсірген кино туындылар қазақ балаларына үлкен сыйлық болды. Ал өмірде сізге қандай бағалы сыйлықтар сыйлады?

– Әкем мені қатты жақсы көрсе де, аса еркелеткен емес. Өйткені өзі бала кезінде еркелеп көрмеген шығар. Сондай-ақ әкем ұлының бала жасынан өзіне сенімді болып, жауапкершілікті сезініп өскенін қалаған болар. Мен кейде әкемнен  «бізде машина неге жоқ? Бізде  анау неге жоқ? Мынау  неге жоқ?» деп сұрасам, әкем: «Мұның бәрі онша маңызды емес», — дейтін. Әкем өмірі дүние-мүлік жинамады. Тек кино әлемінде өмір сүрді. Оның үстіне ол өте жомарт  болды. Қолындағы барын жұртқа үлестіріп беретін.

– Әкеңіздің осы мәртігіне  анаңыз ренжіген сәттері болды ма?

– Әрине, кейде аздап ренжитін. Бірде мынадай қызық оқиға болыпты. Әкемнің бір киносынан қолына қомақты ақша түссе керек. Сонда ол кісі қолындағы ақшасын көпке үлестіре бастапты. Сол сәтте біреулер анама хабарласып: «Күйеуіңіз ақшасын жұртқа үлестіріп тауысатын болды, тездетіп келіңіз», — депті. Сөйтіп, анам барып әкемнің қолындағы қалған аз ақшаны алып қалыпты (күлді).Похожее изображение

– Әкеңіздің бойында режиссерліктен басқа тағы қандай өнері болды?

– Әкем  студент кезінде жақсы би билегенін айтып отыратын. Қазақтың дәстүрлі ән-күйіне жаны құмар еді. Әлдебір тамылжыған әуенге балқып, түпсіз терең ойға шомып кететін. Әкем қазақтың дәулескер күйшісі Нұрғиса Тілендиев пен ұлы актер Нұрмұхан Жантөринмен құшағы ажырамас дос болды. Олар бір-бірін зор қадір тұтатын. Олар үнемі шығармашылық ізденіс жайлы әңгімелесетін.

– Әкеңіз «Құлагер» поэмасының желісінде  кино түсіруді армандапты.  Неге ол кісіге бұл фильмді түсіру бұйырмады?

– А.Қарсақбаев қазақ халқының перзенті ретінде  ұлтының азаттығын, елінің еркіндігін аңсады. Мұны оның киносындағы ақиқаты арқау еткен астарлы ойлар айғақтайды. Әкем Алаш арыстарының асыл мұратын ешқашан ұмытпады. Әкем «Құлагер» поэмасы жайлы фильмін түсірсе  Алаш арыстары мен Ілияс Жансүгіровтің зор талантына жасаған тағзым болар еді. Алайда сол кездегі министрмен келісе алмай фильм басқа режиссердің еншісіне тиіпті.

– Сіздің  кино режиссері болуыңызға әкеңіздің өнер жолы әсер етті ме?

– Әкемнің ойындағы ғажайып көркем картиналар оның келте ғұмырымен бірге үзіліп кетті. Дәм-тұзы таусылар сәтте ол, сірә, нені ойлады екен? Осы сұрақ мені өмір бойы мазалап келеді. Менің кино әлеміне қадам басуыма да осы сұрақ түрткі болды. Ал режиссер ретінде әкем маған шынайы ойлауды үйретті. Оның киносы жасандылықтан ада болатын. Әрине, көрермен жүрегіне шындықты арқау еткен дүниелер ғана жол тарта алады. Сіз көрерменді ең әділ сыншы деп қабылдауыңыз  керек. Сондықтан қолыңнан келсе шынайылықты экранда көрсете білген жөн.

– Сіз әкеңіз жайлы деректі фильм түсірдіңіз, ал болашақта А.Қарсақбаевтың өмірін арқау еткен көркем фильм түсіру ойыңызда жоқ па?

– Әрине, сіздің бұлай ұсыныс жасауыңызды өте орынды деп білемін. Бірақ мұның барлығы қаржыға келіп тірелетіндігін білесіз. Кезінде әкемнің фильмдерінен үкімет қазынасына қыруар ақша түскен еді. Ал бүгін А.Қарсақбаев жайлы кино түсіруге қаражат табыла бермейтіндігіне таң қаласың. Десе де, мемлекет тарапынан қандай да бір қаржылық қолдау жасалса, әкем жайлы көркем фильмге құлшына кірісер едім. Негізі, әкем жайлы деректі фильмді түсіре бастаған тұста қатты ыңғайсыздандым. Өзгелер: «әкесінің тек жақсылығын ғана айтады, жалаң мақтайды», — деп айтуы мүмкін ғой. Бірақ мен деректі фильмде барынша  объективті көзқарасты ұстануға тырыстым. Әкемнің  көзін көрген, ол кісі жайлы жақсы білетін адамдардан бар шындықты айтуды өтіндім. Ал енді бұл еңбегіміздің бағасын көрермен өзі айта жатар деген ойдамын.

– Әкеңіздің  фильмдері шет тіліне аударылды ма?

– Әкемнің кинолары шет тілдеріне аударылғаны жайлы нақты білмеймін. Бірақ  осыдан бірер жыл бұрын Американдық кинотанушы Брайнан Кругер әкемнің кинолары жайлы ғылыми жұмыс жазу мақсатымен Алматыға келді. Ол бізден әкеміз жайлы нақты мәліметтер сұрап білді. Біз бұған марқайып қалдық.

 

                  Нұрлан Сегізбев, актер, сценарийші:

А.Қарсақбаев балаларға еркіндік беруді қалайтын

– Нұрлан аға, Абдолла Қарсақбаев­тың «Менің атым Қожа» фильміне биыл  56 жыл толыпты. Соншама жылдан бері  бұл кино  көрерменнің  көзайымына айналып келді.  Өшпес өнер туындысына ұлы режиссердің алғаш қолыңыздан жетелеп әкелген сәті есіңізде ме?

– Өткен ғасырдың 60-шы жылдары қазақ елінде қазақша сөйлесең, саған басқаша көзқараспен қарайтын. Орысша сөйлеу сәнге айналған-ды. Әрине, бұл мәселе қазақ зиялыларын бей-жай қалдырған жоқ. Сол тұста Шәмші Қалдаяқов «Менің Қазақстаным» әнін жазса, жазушы Бердібек Соқпақбаев «Менің атым Қожа» повесін жазды. Шығарма неге бұлай аталды? Басты кейіпкер сотқар, тентек, ерке болса да, оның еш арам ойы жоқ, өз елінің ақылдысы, еркесі,  қожасы ретінде көрсетті. Алғашында бұл кітап орыс тілінде жарық көрді. Кейін келе қазақша нұсқасы шықты. Осындай саяси маңызға ие тақырып Абдолланы бей-жай қалдырмады. Ал 1962 жылы осы повесть бойынша жазылған сценарий дайындық кезеңіне жіберілді. Бірақ олар ұзақ уақыт бойы басты кейіпкерді таба алмады. Алматы қаласынан, тіпті қырғыз елінен де 700 баланың ішінен образға сай бала жолықпады. Егер балалар фильмінде кейіпкер табылмаса, кино ойдағыдай шықпайды. Бұған кино авторлары өте қатты қынжылды. Ал таңдалған қаланың аққұба баласынан режиссер Абдолла өз ойындағы  образды көре алмапты. Сөйтіп,  ол ауылдан шыққан қара домалақ баланы іздеді. Өйткені сол кездегі «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі Шәкен Айманов жас режиссер Қарсақбаевқа бұл жобаны сеніп тапсырған еді. Ал ол басты кейіпкерді әлі таппады. Соңында «Мүмкін бұл жобаны осымен жаба саламыз ба?» деген ойға келіпті. Кейіпкер жоқ па, онда фильм де жоқ деген сөз.

Әлі есімде, 1963 жылы 15 наурызда ­Абдолла Қарсақбаев, Тұрар Дүйсебаев тағы қасындағы жолдастарымен ескі киностудиядан түскі ас ішуге шығады. Сол сәтте жолай мектептің жанынан өтеді. Мектептің ауласында бір-бірімен алысып жүгіріп жүрген оқушылардың ішінде көзі көгерген, галстугі қисайған, жейдесі жыртылған кішкентай қара баланы көздері шалады.  Олар  сол сәтте мені бас салып, жағамнан ұстап алып «Сен кімсің?» демесі бар ма?! Мен директорды не тәртіп сақшыларын  шақырады деп қорқып, қолынан сытылып шығып қашып кеттім. Сол тұста Абдолла: «Мен басты кейіпкерді таптым» деп қуаныпты. Сонан соң  кезекшіліктегі қыздан «Нұрлан Сегізбаев, 5 сынып оқушысы» екенімді біліп, мектеп директорына жолығыпты.  Директор  мені шақырғанда қатты қорықтым. Сөйтіп, мені жолдың келесі бетіндегі киностудияға алып келді. Киностудияның ұзын дәлізінде алдымыздан шыққан Құлахмет Ходжиковқа жыртылған жейдемнен тартып «Біз таптық» деді. Бір қызығы, олар қаланың баласын алды. Ал ауылдың қара домалақтары ұялшақ болатын. Қазір ауыл кейіпкерін ауылдың балалары ойнайды.Похожее изображение

– Ол кісі баланың риясыз әлемін ашып көрсету үшін қандай әдістерді ұтымды пайдаланушы еді?

–Кино сынақтан өткеннен кейін, Абдолла балалармен жұмыс істей бастады. Бір байқағаным, ол кісі өзге режиссерлер сияқты емес «Сценарийді жатта, осы рөлді ойнап шық» демейтін. Әрине, бала болғандықтан оған шығармашылық талап қоюға болмайды. Ол үнемі баланы еркелетіп, сөйлесіп, бетінен сүйіп, қолына көтеретін. Түсірілім барысында балаға әкелік қамқорлық танытатын. Актерлік шеберлігі жоқ баланы халық әртістерінің қасынан шығармайтын. Фильмге Бикен Римова, Кененбай Қожабеков сынды мықты халық әртістері түсті. Ол үнемі маған: «Кәсіби әртістер ғана рөлді сомдайды, сен әртіс емессің. Өзің қандайсың, дәл солай кинода өмір сүр» деп айтатын. Түсірілім тобына мені өз есіміммен атауға тыйым салды. Барлығы «Қожа» дейтін. Және бұл кинода беріле ойнауыма септігін тигізді. Мен өзімді сол Қожа секілді сезіндім. Түсірілім алаңында образға ену – 12 жасар бала үшін психикалық ауырлық. Ал режиссер оны сездірмеді. Мен, негізі, жасқаншақпын. Түсірілім алаңында ұялғандықтан, барлық адамдарды шығарып жіберетін де, тек өзімді еркін сезінетін адамдар қалатын.

Бұл оның толықметражды дебютті алғашқы кино картинасы болғандықтан, ресейлік кинорежиссер Е.Е.Аронды көркемдік жетекші қылып тағайындады. Ол Абдолладан кейіпкер бала мәдениетті, тәртіпті болғанын талап етті. Бірақ режиссер Абдолла ауылдың шынайы көрінісін, сотқар баласын көрсеткісі келді.

Абдолла жас режиссер болғандықтан, бұл жобадан нәтиже күтті. Халыққа берері қандай? Алғашында режиссерге 3 бөлімнен тұратын фильм түсіру ұсынылған болатын. Қожа мектепті бітіргеннен кейінгі, жоғары оқу орнын бітірген кезеңі. Бірақ фильм эфирге шыққан кезде «Бұл жамандықты, сотқарлықты насихаттау» деген сынға ілінді. Сондықтан ол бұл жобаны осымен қалдыруға шешім қабылдады. Өзін басқа жанрларда сынап көргісі келді. Бірақ бұл кино оның ең үлкен жемісі болды.

– Абдолла Қарсақбаевтың режиссерлік шеберлігі жайында не айтасыз?

– Балаларға арналған кинода ол дайындық барысын ұйымдастыра білді. Ол сценарийде жазылған мәтінмен емес, балаларға еркіндік берді. Белгілі бір сахналарда балалармен ойнады. Сонда бала ашылып, камера алдында өзін  еркін сезініп, образға енеді. Ол балалармен шынайы сөйлеседі, сонда балалар өздеріне сеніп, ашыла бастайды. Ол – психолог. Бұның барлығы балаға деген әкелік махаббаттан болды. Екіншіден, ол түсірілім барысында халық әртісіне жағдай жасауға  емес, кішкентай кейіпкердің образға енуіне көмектесетін. Ол киноға түскен халық әртістерімен алдын ала сөйлесіп, баланың еркелігін көтеруге, образға енбей қалса түсіністікпен қарауға келісті. Мәселен, кішкентай Дәулетті түсіретін сахнада бала көбелекті көріп, соның соңынан қуа жөнеледі. Режиссер, түсірілім тобы, тіпті халық әртістерінің өздері бала көбелекті қуып келгенше күтіп тұрды. Ешкім ауыр сөз айтпады. Әрине, уақыт кетеді. Бірақ бала сонда ғана образға енеді. Олар бала қашан ашылады, сол кезде сүйемелдеп қосылып образын алып шығатын. Бұл – оның түсірілім алаңындағы ерекше құпиясы. Үшіншіден, ол кішкентай кейіпкерлерді үнемі психологиялық тұрғыдан қолдады. Мәселен, жайлаудағы көріністі түсіру бір аптаға созылды. Ол менің анамды сағынып, шаршаңқы, көңілсіз жүргенімді байқады, оның үстіне қаланың сыртындағы түсірілімдерде толыққанды тамақтандырмайды ғой. Сол кезде ол аспазшыға маған тәтті тоқаш пісіріп беруін өтінді. Әрі қарбалас жұмыстан уақыт тауып маған тәтті тоқашты әкеліп берді. Ол баланың қиналып жүргенін сезетін және көңілін аулайтын.

Мен 10 сыныптан кейін ВГИК-ке режиссура факультетіне байқаудан тыс оқуға түсуге жолдама алып, киностудияның дәлізімен қуана жүріп келе жатқанымда Абдолла ағаны кездестірдім. Жаңалығымды қуана жеткіздім. Ол маған «Сенен режиссер шықпайды. Себебі 18 жастасың, жассың. Режиссер болу үшін өмірлік тәжірибе керек» деп, ол факультетке құжаттарымды тапсырмауымды айтты. Мен оны тыңдап, құжаттарымды тапсырмадым.

– Қазір өкінбейсіз бе?

– Жоқ. Бұл маған ең үлкен кеңес болды. Сол арқылы мен өз жолымды таптым.Похожее изображение

– Шын мәніндегі өнер туындысы үлкен еңбекті қажет етеді.  Қожа образын сәтті сомдауда қандай қиындықты жеңе білдіңіз?

– Мен үшін бұл рөл емес. Себебі мен актер емеспін. Мен өз-өзімді сомдадым. Маған күнде кешке қарай сахналық көріністің мәтіндерін берсе, оны жаттамай, ойын қуып кететінмін. Дайындық барысында сценарийдің әдеби мәтіндері ауызекі сөздермен айтылатын. Бұл фильмнің шынайы шығуына септігін тигізді. Егер актер сценарийдегі мәтінді үтір-нүктесіне дейін жаттап алса, образ ашылмайды, жаттанды көрінеді, тіпті демі де жетпей қалады.

– Фильмді түсіру кезінде  қандай қызықты оқиғалар болды?

– Мен бір сахнада жылауым керек еді. Бірақ 12 кадр қайталап түсірдік, көзіме жас келмейді. Және ол ірі пландағы кадр болатын. Гример «Көзіне дәрі тамызайық, сонда жылайды» десе, режиссер «Жоқ, шынайы жылау керек» деп қоймады. Мен де шаршағам. Бір кезде қайтадан түсіруді бастадық, мәтінді тағы да дұрыс айтпадым, бір кезде Абдолла аға камераға қарамай кадрға кіріп, менің бетімнен салып жібермесі бар ма?! «Түсіре беріңдер» деп кадрдан шығып кетті. Менің көзімнен жас бұрқ ете қалды. Сол сәт бір-ақ рет түсірілді.

– Енді кадр сыртындағы  қызықты оқиғалар жайында да айтып берсеңіз?

– Операторлар мен қараторы болғандықтан, эфирде жақсы көріну үшін, киностудияның алдына далаға үстел үстіне «Сен қап-қара болуың керек» деп бір сағаттай күнге тұрғызып қойды. Тағы бір айтатыным, Кеңсай зиратында менің туған анам мен кинодағы анам Бикен Римова екеуі қатар жерленген. Бұл кездейсоқтық мені таң қалдырды.

– «Менің атым Қожа» фильміндегі  кейіпкерлермен әлі күнге дейін араласып тұрасыз ба?

– Мен Жанарды да, Жантасты да фильмнен кейін көрмедім. Ал басқа әртістермен араласуға ол кезде бала болдым.

– Бір сұхбатыңызда: «Кинодағы Қожаның орнын алмастыратын жаңа кейіпкер шыққанша мен Қожаның көлеңкесінен құтыла алмайтын шығармын» — депсіз. Мұның сыры неде?

– Маған 50 жылдан бері бұл тақырыпты қозғау жалықтырып жіберді. Иә, бұл классика, иә, бұны қанша буын өкілдері тамашалады. Бірақ мен ешқашан әртіс болғым келмеді. Әлі күнге дейін киноға түсуге ұсыныстар келеді. Бәрінен бас тартамын. Мен үшін Қожадан кейінгі жасаған жұмыстарым маңызды. Мені қазақ киносының болашағы алаңдатады. Егер сценарий нашар болса, фильм жоқ деген сөз. Халықтық драма жоғалып барады. Бұрын кейіпкерлерді ауылдан іздейтін. Қазір көптеген таланттар ашылмай жатыр.

 

Пікір қосу