Айман ОМАРОВА, құқық қорғаушы: Кішкентай күнінен зорлық-зомбылық көрген бала есейгенде қылмыскерге айналады

-Елімізде педофилия неліктен көбейіп кетті деп ойлайсыз?

— Шыны керек, педофилия бұрын да болған. Бұл – баяғы заманнан келе жатқан дерт. Тек осы уақытқа дейін мұны ешкім ашып айта алмады. Сонымен қоса бұл жағдайдың қазір көбейіп кеткені де рас. Сондықтан мұны тереңдеп зерттеу қажет. Менің осы уақытқа дейінгі жұмыстарымнан түсінгенім педофилдер арасында бір пайыз адамдар ғана бұрын зорланған, бала кезінде зорлық-зомбылық көрген, физиологиялық қысым жасалғандар. Ал қалған 99 пайыз адамдардың мұндайға баруы қатыгездіктен болып тұр. Оларға адам өлтіру, баланы немесе қызды зорлау – бәрібір. Себебі оның мақсаты – өзінен төмен, өзінен әлсіз адамдарды қинау, азаптау. Қылмыскерлер өзінен күші мығым адамдарды зорламайды, олар көбінесе әлсіз, жасық, қорғансыздарға тиіседі. Қазіргі таңда біздің қоғамымызда қатыгездік көбейіп кетті. Педофилия секілді ауыр дерттер қатыгездіктен бастау алады. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа атүсті қарап келеміз. Тіпті мұндай мәселеге келгенде «ол – қылмыс емес» дейміз. Ал оның артында не тұрғанын ешкім білмейді. Кішкентай күнінен зорлық-зомбылық, физиологиялық, сексуалды түрде зорлық көрген бала есейгенде үлкен қылмыскер болып өседі. Сол себепті үйдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аударуымыз керек. Бұл терең әрі нәзік мәселе.

Педофилия ісімен айналысатын, зардап шегушілердің құқығын қорғайтын заңгерлер, мамандар Қазақстанда өте аз, мұның себебі неде? Педофилияға қатысты істің ашылуы неге ұзақ уақытқа созылады?
— «Педофилияға қатысты істің ашылуы неге ұзақ?» деген сұрағыңызға нақты жа­уап беру қиын. Өйткені зорлануға қатысты істер бірі-біріне ұқсамайды. Кейбіріне тек бір сараптама жасату жеткілікті болса, кейбіріне бірнеше сараптама жасату қажет болады. Медициналық, биологиялық, молекулярлы сараптамаларды міндетті түрде тағайындайды. Қылмыскер екеу болса сараптаманы екіге көбейтіңіз. Кейбіреулеріне одан да көп болады. Сол сараптамалардың нәтижесін біраз уақыт күтеміз. Ал қылмыстың тіркелуін күттірмеу керек. Кейбір зәбір көрушінің ата-аналары: «Біз полицияға бардық, бірақ олар бізді тіркемей, басқа жерге жіберді», – дейді. Полицияның олай істеуіне құқығы жоқ. Егер полиция шағымды тіркемей жатса, бірден прокуратураға барып арыз жазу керек. Экспертиза екі ай ішінде дайын болады. Мұндай істердің созылуының тағы бір себебі бар. Құқық қорғау органдары істі соза бастайды. Олар әртүрлі сылтаулар айтып, істі сотқа жібергісі келмейді. Зәбірленуші: «Мені зорлады», – десе, зәбірлеуші: «Мұның бәрі ортақ келісіммен болды», – дейді. Сондай кезде құқық қорғау орындарының не істерін білмей жүріп қалатыны тағы бар. Мұны сізге заңгер ретінде түсіндіріп көрейін. Педофилия – заңгер үшін моральді түрде өте қиын іс. Құрбан болған адам жағынан болса да, зорлаушы жағынан болса да бұл күрделі нәрсе. Мұнда ешкім жеңіп-жеңілмейді. Зорлаған адамның ісін дәлелдеп тұрсаң да, қорғап отырған балаға қарап жеңілген болып есептелесің.  Бұл материалды, азаматтық қылмыс емес. Бұл – адамның жанына мәңгілік зәбір келтіру. Кез келген істе адвокат тек қана өзіне жүктелген істі атқару керек. Ал мұндай істерде адвокат ретінде жұмысыңнан бөлек, психолог болып кетесің. Өзіңнің  басқа да жұмыстарың бас­тан асып жатса да, зәбірленушінің қамын ойлайсың, оған сүйеу болғың келеді. Бала болсын, әйел болсын, зорланғандар алдыңа келіп оқиғасын айтып береді. Жылап тұрып қылмыстың қалай болғанын баяндағанда баланың әр сөзін есту өте қиын. Сол үшін мұндай істермен айналысатын мамандар аз. Одан бөлек, педофилиямен ер-азаматтар мүлдем айналысқы келмейді. Тіпті педофилия ісіне қатысты ер-азаматтар арасынан бірде-бір заңгер жоқ. Әдетте «Қазақстан бойынша зорлық істерімен бес заңгер айналысады» деп айтады. Қарап отырсақ, бүкіл мемлекет бойынша бұл іспен  бес-ақ  адам айналысу өте аз. Алайда сол бес адамның өзін нақты айналысатын маман деп айта алмаймыз. Сол бес адамның біразы жылына бір-екі істен артық алмайды.

Айнұры Есенғали

Пікір қосу