Арайлым, сұхбатымызды девальвация дегеніміз не және оның пайда болу себептері қалай деген сұрақтардан бастасақ?

– Осыдан 5 жыл бұрын девальвация ұғымын экономика мамандары болма­са, қарапайым халық біле бермейтін, ал қа­зір 1 сы­нып­тың баласына дейін бұл сөзді естіген, біледі.

Қарапайым тілмен айтатын болсақ, девальвация дегеніміз – ұлттық валютаның басқа шетел валютасымен салыстырғандағы бағасының құнсыздануын айтамыз. Мысалы, теңгенің долларға, теңгенің еуроға дегендей.

Девальвация латынның «de» – күшін жою; «valeo» – мәнді, құны бар деп аударылады.

Қазақстан Республикасында девальвация алғаш рет 1994 жылдары орын алды. Сол жылы 1 доллардың бағасы 4,7 теңгеден 45 теңгеге дейін 10 есе күрт өскен. Сол уақыттан бері қарай біз төрт девальвацияны бастан өткіздік: 1999 жылы, 2009 жылы, 2014 жылы және 2015 жылдан басталып қазіргі уақытқа дейін болып жатқан девальвация.

Девальвацияның пайда болуының көптеген себептері бар. Олардың негізгісін айтатын болсақ:

1) экспортқа қарағанда импорттың көп болып кетуі. Яғни бұл кезде сауда балансы бұзылып, нәтижесінде ақшаға деген сұраныс туындайды (экспорттан түсетін табыс импортқа кететін шығындарды бас­пайды). Үкімет ұлттық валютаны қосымша қайта басып шығаруына тура келеді. Салдарынан қайта-қайта қосымша басылынып шығатын ұлттық валютаның бағамы құнсыздана береді.

2) инфляцияның күрт өсуі. Көптеген адамдар инфляция мен девальвацияның түсініктерін айыра алмайды. Себебі екеуінің де салдары бірдей – ұлттық валютаның сатып алу қабілетінің төмендеуі. Бірақ экономика тұрғысынан бұл әртүрлі түсінік. Инфляция – бұл ішкі нарықта валютаның құнсыздануы, сонымен қатар инфляция – бұл бақылауға жатпайтын табиғи құбылыс. Қалыпты, баяу инфляция бұл ұлттық экономиканы ынталандырып отыратын жағымды, дұрыс құбылыс. Бірақ егер инфляция күрт өсіп кетсе, онда ҚР Ұлттық банкі (ҰБ) экономиканы құлдыраудан сақтап қалу үшін девальвацияны жасайды. Яғни девальвация бұл – ҚР ҰБ жасайтын саналы шара.

– Неге инфляцияның күрт өсуі девальвацияның пайда болуына әсерін тигізеді?

– Себебі айналымдағы ақша массасы шамадан тыс көп болып кетсе, ол инфляцияның өсуіне алып келеді. Яғни айналымдағы артық ақша барлық тауарларға (оның ішінде шетел валютасы да бар) сұранысты күрт өсіртеді. Сұраныс заңы бойынша, неғұрлым тауарларға деген сұраныс өсетін болса, соғұрлым тауардың бағасы қымбаттайды, осылайша айналыста ақша массасының шамадан тыс көп болуы шетел валюта бағамын өсіртіп, нәтижесінде девальвацияны тудыртады.

3) дүрбелең (паника). Дүрбелең – бұл девальвацияның туындауын жылдамдататын қысқа мерзімді құбылыс. Мысалы, адамдар девальвацияның туындауын күтіп, шетел валютасын (доллар мен еуро) жаппай сатып алуға жөнеледі. Нәтижесінде, халықтың өзі шетел валютасына сұранысты туғыздырып, оның бағасын өсіртеді.

4) халықаралық саудада үлесі жоғары тауарлардың бағасының өзгеруі. Бізде қазіргі кезде туындаған девальвацияның басты себебі – осы. Біз мұнайлы ел болғандықтан, мұнайдың бағасы бізге өте қатты әсер етеді. 2014-2015 жылдары мұнайдың бағасы құлдыраған кезде еліміздің табысы күрт төмендеді. Нәтижесінде еліміздің төлем балансы минусқа кетіп, ҚР Ұлттық банкі валюта бағамының тұрақтылығын сақтап қалу үшін 28 млдр. АҚШ доллар жұмсады. Бірақ Ұлттық Банк қыруар ақша жұмсап жасанды түрде теңгенің құнын ұзақ ұстап тұра алмайды, экономика тарапынан бұл дұрыс та емес. Нәтижесінде ҚР ҰБ сол жылдары теңгені еркін айналымға жіберуге шешім қабылдады. Салдарынан долларға деген сұраныс артып, девальвация өсіп кетті.

– Отандық өндірушілерге және отандық өнімдердің бағасына девальвация қаншалықты әсер етеді?

– Негізінен, девальвацияның біз көріп жатқан кемшіліктерімен қатар жақсы жақтары да бар. Олардың бірі – отандық өндірісті ынталандыру мен отандық өнімдерге деген сұраныстың артуы. Мәселен, девальвация кезінде импорттық тауарлардың бағасы қымбаттайды. Сондықтан халық арзан келетін отандық өнімдерді іздейді. Отандық өндіріске сұраныс өседі. Бірақ бұның теріс жағы да бар. Мәселен, кейбір отандық шағын және орта кәсіпкерлер халықтың сұранысын толығымен қанағаттандыруға дайын болмайды. Салдарынан тауарлардың бағасын қымбаттатады. Сонымен қоса көптеген отандық өндірушілер шикізатты шетелден алады, сәйкесінше олардың өнімінің бағасы шикізаттың бағасына тәуелді болады. Сондықтан біздің көптеген өндірушілердің өнімінің бағасы девальвация кезінде арзандамайды.

– Қазіргі таңда елімізде девальвациямен қатар инфляция орын алып тұр. Бірақ кейде теңгенің бағамы нығаятын кездер болады, неге сол кездері тауарлардың бағасы өзгеріссіз қалады?

– Білесіз бе, нарықта сұраныс заңымен қатар, ұсыныс заңы деген де бар. Заң бо­йынша өндіруші тауарын неғұрлым жоғары бағаға сатса, соғұрлым көп өндіреді. Кез келген өндіруші немесе сатушы өзін ғана, өзінің табысын ғана ойлайды. Олай болса, жоғары бағамен өтіп жатқан тауардың бағасын не үшін түсіреді? Егер де оларға деген сұраныс азайса немесе бәсекелес тауарлардың бағасы төмендетсе ғана өндіруші (сатушы) тауардың бағасын төмендетуі мүмкін. Басқа жағдайда кез келген өндіруші өзінің өнімін қымбаттырақ сатуға тырысады.

– Ресей еліне салынған санкциялар Қазақстанның экономикасына қаншалықты әсерін тигізеді? Сарапшылар: «Ресейдің экономикалық жағдайы жақсармаса теңгенің өсуі екіталай», – деп жатыр, бұл пікірге көзқарасыңыз қандай?

– Қазақстан Ресей елімен Еуропалық Экономикалық Одақта (ЕЭО), Кедендік Одақта (КО) болғандықтан, әрине, Ресей елінде болып жатқан экономикалық, саяси, әлеуметтік, басқа да ахуалдар еліміздің экономикасына тура немесе жанама әсерін тигіздіреді. Жалпы олардың ғана ахуалдары емес, одаққа кірген өзге де елдердің ішкі жағдайлары Қазақстанға, бізде болып жатқан жағдайлар оларға қандай да болмасын әсерін тигізеді. Бір одақта жүргендіктен, бұл – табиғи құбылыс.

Ресей көрші жатқан мемлекет болғандықтан олармен экономикалық байланысымыз тіпті тығыз. Қазіргі таңда Ресей елі – біздің басты серіктесіміздің бірі. Қазақстандық тауар айналымының 20% үлесін солар алып жатыр. Бірақ 2014 жылдан бастап жыл сайын ұзартылып келе жатқан АҚШ пен Еуропалық Одақ тарапынан Ресейге салынған санкциялар негізінен экономикалық емес, саяси мәселе болып тұр. Бұндай кезде бақылаушы елдер (үшінші тарап) көбіне санкциядан қорғанудың саясатын жасайды. Яғни көп нәрсе үкіметтің жасалатын стратегияларына, әдістеріне тәуелді болады. Қауіптер әрқашан да болады – ол міндетті түрде! Алайда қысқа уақыт аралығында бұл құбылыстар қаншалықты қауіпті екенін нақты айту қиын, сонымен қатар біздің нарық, жалпы Ресей елінің нарығы сияқты бұл санкцияларға үйреніп, бейімделген. Мәселен, 2015 жылдары санкциядан шеккен зардабынан Ресейдің жалпы ішкі өніміне (ЖІӨ) 1-1,5% тисе, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 0,5-1% ғана құрап жатыр. Алайда бұл ахуал ұзаққа созылып кетсе, онда Ресей елімен бірге оған көршілес жатқан барлық елдерге де айтарлықтай әсері тиіп қалу мүмкін. Бірінші кезекте, әрине, сауда тауар айналымына.

Бірақ қазіргі кезде халықтың басым бөлігі Ресейдің санкцияларын Қазақстанда болып жатқан девальвациямен байланыстырады. Мұнда ескере кететін нәрсе, Қазақстан мен Ресейдің арасында болып жатқан сауда қатынастары көбіне рубль бағамына әсер етеді, доллардың бағамына айтарлықтай әсері жоқ. Жоғарыда айтып кеткендей, Қазақстанда болып жатқан девальвация негізінен мұнай құнының күрт төмендеуінің салдарынан туындаған, ҚР Ұлттық банкінің экономиканы қорғау мақсатында жасап жатқан саясаты. Ұлттық банк теңгемізді еркін айналымға жіберуден басқа амалы болмады. Егер теңгенің бағамын қазіргі жағдайда тұрақты етіп ұстап тұрса, онда еліміз үлкен шығынға батар еді. Халыққа түсінікті болатындай қарапайым тілмен айтсақ, ол былай, кез келген валюта – бұл тауар. Және барлық тауарлар сияқты оның өзінің сұранысы мен ұсынысы болады. Егер де валютаға сұраныс азайса, онда оның құны түседі. Қазақстан Республикасының экспорттайтын негізгі тауарларының бірі мұнай болғандықтан, оның бағасы біздің ұлттық валютамыздың құнына тікелей әсер етеді. Яғни мұнайдың бағасы көтерілмейінше немесе еліміз мұнайдан табатындай сияқты басқа табыс көздерін таппаса, теңгеге деген сұраныс айтарлықтай өзгермейді. Олай болса теңгенің бағасы да өзгермейді. Сол себептен «Ресейдің экономикалық жағдайы жақсармаса теңгенің өсуі екіталай» деген сұрағыңызға жауабым, Ресейдегі жағдай теңгенің бағамына айтарлықтай әсер етеді деп айта алмаймын.

– Жалпы девальвацияның экономикаға тиімділігі қаншалықты? Халықтың әлеуметтік жағдайына әсері қандай?

– Әрине, халықтың тұрмысы үшін девальвацияның әсері жоғары және жақсы деп айта алмаймын. Өздеріңіз де байқап жатқан шығарсыздар, тауар мен қызмет көрсетулердің бағалары қымбаттап жатыр, ал жалақы өзгеріссіз? Доллармен несие, қарыз алған адамдар, әсіресе бұдан зардап шегіп жатыр. Бірақ әлемдік экономикада болып жатқан жағдайларға қарап девальвациядан құтылу немесе оны мүлдем болдырмау, менің ойымша, мүмкін емес.

Ал девальвацияның экономикаға қаншалықты тиімді екенін айту үшін девальвацияның жақсы жақтарын қарастыру керек. Бірақ айта кетейін, осы бойынша көптеген сарапшылардың пікірі, көзқарастары әрқалай. Және бұл нақты дұрыс немесе нақты бұрыс деп те айтуға болмайды.

1) Әдетте девальвация кезінде импорттық тауарлар қымбаттағандықтан, отандық тауарларға деген сұраныс өседі. Яғни девальвация отандық бизнесті ынталандыруға түрткі болады;

2) Ұлттық өнімдердің, тауарлардың бәсекелік қабілеттілігі мен сапасын арттырады;

3) Кейде девальвацияның салдары, басқа да экспорттық салалардың дамуына түрткі болады. Мысалы, қазіргі таңда елімізде мұнай бағасының арзандауына байланысты Үкіметтің өзі де басқа салаларды (дайын өнім өндірісін, ауыр өнеркәсіп, туризм және т.б.) ынталандыруға әртүрлі әрекеттер жасап жатыр. Яғни әлеуеті бар басқа да экспорттық салаларды қолға алып, дамытуға ықпал жасап жатыр.

4) Алтын валюталық шығындардың азаюы. Жоғарыда айтып кеткендей, ҚР ҰБ теңгенің бағамын тұрақты етіп сақтамай, еркін айналымға жіберу саясаты.

– Теңге бағамының қайта қалпына келуіне мемлекет қандай шаралар жасау керек?

– Теңгенің бағамы бұрынғы бағаға қайтып келеді деп ойламаймын. Бұл өте ұзақ, күрделі және жан-жақты қарастыратын процесс. Қысқа уақыт аралығында оңайлықпен шешіле қоятындай емес. Дегенмен Елбасының қазіргі таңда жасап жатқан долларландыруға қарсы саясаты, бағыттары дұрыс: доллармен және басқа да шетел валютасымен сауданы, несиелендіруді тоқтату; долларлық депозиттердің мөлшерін азайту; экспортты әртараптандыру немесе дифферсификациялау және т.б.

Жалпы бұл девальвация біздің алғашқы тәжірибеміз емес, еліміз бұндай жағдайларды бастан өткізген, сондықтан, менің ойымша, бізге аздап шыдамдылық пен төзімділік керек.

Сұхбаттасқан Сандуғаш ТҮСЕН

Пікір қосу