– Мерей, бүгінде  өзіңді жұрт «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Қарлығаш ұя салғанда» телесериалы арқылы жақсы таниды. Өнерге қызығушылық қалай басталды? Ең алғаш қандай киноға түстің?

Менің әкемнің есімі — Тимур Мақажанов.  Ол кісі көптеген киноға түскен белгілі актер, режиссер. Бірде біздің үйге фотограф келді де, әкемді алай да, былай да тұрғызып қойып суретке түсіре бастады. Ол кезде менің үштен енді асқан шағым екен.  Мұны көріп «Мені де суретке түсіріңіздерші» деп  әлгі фотографтың артынан қалмай қойыппын. Содан әлі фотограф кісі көңіліме қарады ма екен, әлде қылығыма сүйсінді ма екен  мені де бірнеше рет суретке түсіріп алды. Осы оқиғаны әкем мен анам әлі күнге күліп айтады.  Бір қызығы, осы жағдайдан кейін мені бір жарнамаға түсуге шақырды. Сол жарнамадан соң менің киноға түсуге қызығушылығым арта бастады.

– Қателеспесем, сен алғаш рет балаларға арналған «Санжар мен Қайсар» телехикаясына түстің ғой деймін…

– Иә, негізі «Санжар мен Қайсардағы» егіз қыздардың рөліне кастинг жариялағанда Саида рөліне Ақерке Сүлейменова өтіпті де, Аида рөліне Еркежан Байжан деген қыз өтіпті. Бірақ сол кезде Ақерке Сүлейменова «Ғашық жүрек» телесериалына түсетін болыпты да, режиссерлерге Саида рөліне қайтадан кастинг жариялауға тура келіпті. Сол кезде кастингке мен бардым. Кастингте режиссер Еркежан екеумізді шақырып алып,  бір-біріміздің бет келбетімізде ұқсастық бар ма,  соны салыстырып көрді. Өкініштісі, екеуміз мүлдем ұқсамайды екенбіз. Ол қара торы қыз да, мен аққұбамын. Сол себепті киноға түсерде визажистер мені қара түске бояды.  Жалпы, мен үшін бұл телехикаяның  орны бөлек.  Себебі алғаш рет мені кішкентай көрермендерге таныстырған осы туынды. Осындай рөл бергені үшін режиссер Ахат Ыбыраев ағаға үлкен рақметімді айтамын. Ол кісі кейін де мені өзге режиссерлерге айтып, киноларына түсіруге ұсынып жүрді. Соған қарағанда менің өнерім ұнаған болуы керек.

– Ал «Анаға апарар жол» фильміне қалай келдің?

– Әу баста мен бұл фильмнің кастингіне барғым келмеген. Өйткені оның алдында Ақан Сатаев ағаның «Қара шаңырақ» телесериалының кастингіне қатысып, өтпей қалғам.  Содан кейін менде  іштей бір реніш пайда болды. Сөйтіп, енді ол кісінің кастингтеріне мүлдем бармаймын деп шештім. Бірақ мамам: «Мерей, мұндай жағдай барлық актерлердің басынан өтеді. Актерлерге барлық кастингтен өту мүмкін емес. Режиссерлер өздерінің туындыларына қандай актер керек екенін жақсы біледі. Сондықтан сен ренжіме. «Анаға апарар жол» фильмінің кастингіне тағы барып көр.  Мүмкін осы жолы бағың жанып, өтіп кетерсің», – деді.  Анамның сөзінен соң ойландым, шынымен де, менің ренжігенім дұрыс емес екен. Содан қайтадан Ақан аға жариялаған кастингке бардым. Нәтижесінде басты рөлде ойнап шықтым.

Похожее изображение

– Кино жарыққа шыққан соң кейіпкерді ойнауың өзіңе ұнады ма?

– «Санжар мен Қайсарда» пысық қыздың рөлінде ойнасам,  «Анаға апарар жолда» өте салмақты, сабырлы қыздың рөлін сомдадым. Туынды жарыққа шыққан соң бүкіл сынып болып киноға бардық. Кино аяқталған кезде сыныптастарым, мұғалімдерім «Керемет туынды! Сен жақсы ойнағансың, жарайсың!» – деп құшақтап, құттықтап, кинодан алған әсерлерімен бөлісіп жатты. Кейін «Анаға апарар жол» фильмінің Астанадағы Керуен сарайында жабық көрсетілімі болды. Сонда барлық актерлерді шақырды. Анам екеуміз де бардық. Фильм басталатын кезде залға Елбасымыз кіріп келді. Сонда қатты толқыдым. Ол кісіні мұнда келеді деп ойламағанбыз ғой. Және де Елбасы біздің артымыздағы қатарда отырды. Өз көзіме өзім сене алмай, қайта-қайта Елбасыға жалтақтап қарай беремін (жымиды).  Кино аяқталғанда ол кісі актерлер отырған қатарға келіп, шетінен актерлерді құшақтап, құттықтады.  Әділ (Ілиястың жас кезін ойнаған бала) екеуміздің де қолымыздан ұстап, басымыздан сипап, батасын берді.

– Құпия болмаса, осы кинода қанша гонорар алдың? Жалпы, киноға түскеніңе гонорар төлене ме?

– Әрине, гонорар төлейді. Шынымды айтсам, бұл кинода қанша гонорар төлегенін  білмеймін. Бірақ «Санжар мен Қайсарға» түскендегі гонорарым есімде. Ол кезде кіп-кішкентай сегіз жасар қызбын.  Бір күні сабақтан үйге келсем, анам маған тосынсый жасап, фортепиано сатып алып қойыпты. «Бұл – сенің алғашқы гонорарыңа алған дүние. Өзіңе естелік ретінде әдейі алдым» деді. Мен №11 музыка мектебінде фортепиано класында оқимын ғой, сондықтан анамның нағыз маған керек дүниені алғанына қуандым.  Алла қаласа биыл музыка мектебін бітіремін.

– Жақында ғана «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Қарлығаш ұя салғанда» телесериалы сенің танымалдылығыңды тіптен арттыра түскен сияқты. Мұны өзің сезінесің бе?

Иә, «Қарлдығаш ұя салғанда» және «Балапан» телеарнасынан көрсетілген «Ақ құс» телесериалынан кейін,  шынында да,  танымалдылығым артты.  «Қарлығаш ұя салғанда» телесериалының кастингінен өткенімде режиссер «Мерей, Зере рөлін жақсы ойнап шығатыныңа сенемін», – деді. Осы бір ауыз сөзден кейін-ақ маған үлкен жауапкершілік артылғанын сезіндім. «Қалайда режиссердің сенімін, үмітін ақтау керекпін» деп қолымнан келгенінше тырыстым. Арасында әрине, қиын сәттер болды.

– Мәселен?

Мәселен, сериалда Зеренің  жылайтын сахналары бар. Бұрын кинода жылап көрмегендіктен,  маған жылау өте қиын болды. Бірақ мұндай қиындықтардың барлығын режиссерлердің көмегімен жеңіп шықтым. Мен кастингке барғанда Еркебұлан Дайыров, Кәмшат Жолдыбаева сынды актерлердің бұл сериалға түсетінін білген жоқпын. Кастингтің екінші турында ғана Кәмшат Жолдыбаеваның суретін көрдім. Осыдан соң үйге келгенде «Мама, мен кастингтен қалайда өтуім керек. Себебі бұл сериалға Кәмшат Жолдыбаева түседі екен», – деп қуандым. Еркебұлан ағамен бұған дейін талай сериалдарға, киноға түскенмін.  Сондықтан ол кісі менің  туған ағамдай болып кеткен. Әр киноға түсерде маған ақылын айтып, кеңес беріп отырады.

Картинки по запросу қарлығаш ұя салғанда

– Сонымен танымал болғалы өмірің қаншалықты өзгерді?

– Біріншедін, инстаграмм парақшама жазылушылар көбейді (жымиды). Оқырмандарым хат жазып, пікір білдіріп, тілек айтып жатады. Қазір көшеде де елдер танитын болды. Жақында музыка мектебінен қайтып келе жатсам, бір қыз анасымен кетіп бара жатыр екен. Мені көріп, жаныма келіп «Сен «Қарлығаш ұя салғанда» сериалында ойнадың емес пе?» – деп сұрады.  Содан кейін суретке түсіп, өзінің инстаграмм парақшасына салып, маған жылы лебізін білдірді. Өзім оқитын мектепте де балалар келіп суретке түсіп, қолтаңба алып жатады. Мектепте ұстаздарым маған арнап бұрыш жасап қойған. Онда мен түскен кинолардың суреттері ілінген.  «Қарлығаш ұя салғанда» сериалының 1-бөлімі шыққан кезде де сыныптарым «Міне, сен түскен сериал басталды. Көріп жатырмыз. Рөліңді жақсы ойнапсың», – деп жазып жатты. Әрдайым қолдау білдіріп отыратындары үшін сыныптастарыма, ұстаздарыма рақметімді айтқым келеді. Жалпы, қазір де мені киноға түсуге  шақырып жатқандар бар. Бірақ сабағыма байланысты әзірше түсірілімдерді қоя тұрайын деп шештім. Өйткені «Ақ құс» сериалы сабақ кезінде түсірілді де, мені мұғалімдерім сабақтан босатты. Бірақ бірінші тоқсанда сабақтан көп қалғандықтан, екінші тоқсанда бағдарламаны меңгеруім қиынға соқты.  Сондықтан сабақ кезінде мүлдем киноға түспеймін деп шештім.

Жаңа әкем де актер деп айтып қалдың. Сені «әкесінің арқасында киноға түсіп жүр»  деп ойлайтындар да бар шығар?

– Кейбіреулер солай ойлайды. Бірақ менің ойнаған рөлдерімді көрген соң, олар өздерінің пікірін өзгертті деп ойлаймын. Менің өнер жолына келуіме әкемнің ықпал еткенін жасырмаймын. Себебі алғаш рет «Санжар мен Қайсардың» кастингіне әкем ертіп апарды. Мен түскен кино жарыққа шыққанда әкем сын көзбен  қарап, өзінің ойын, пікірін айтып отырады. Әсіресе менің актерлік шеберлігіме көп мән береді. Жалпы, қандай киноға түсетін болсам да, алдымен әкеме айтамын, ақылдасамын.  Өйткені қанша дегенмен тәжірибелі актер ғой. Негізі, әкемнің көп уақыты бола бермейді. Әсіресе биыл әкем үшін шығармашылық жыл болды. Көп киноға түсті. Анам Гүлназия да шығармашылық адамы, «Биология және химия анықтамалығы» журналының редакторы.  Отбасында екі ағайындымыз. Ағам Қуаныш С.Демирел атындағы университеттің 2-курс студенті.

– Сондай-ақ бірнеше бейнебаянға да түсіпсің…

– Иә, Сәкен ағаның «Асыл ана» деген әніне және Сәкен аға мен Нұржамал Үсенбаеваның орындауындағы «Мен сенімен кездестім» деген әннің  бейнебаянына түстім. Мұның өзі түсіне білген адамға үлкен жетістік. Елімізге танымал талантты аға-апаларыммен танысқаныма, олардың  бейнебаядарына түскеніме қуаныштымын. Сәкен аға «Сен түскен киноларды көріп тұрамын. Саған ризамын. Мен сенімен мақтанамын», – деп мені қуантып қойды.

– Бір жылдары «Балапан» телеарнасындағы «Жануарлар әлемі» деген бағдарламаны жүргіздің. Бұл жұмыс өзіңе ұнады ма?

– Бұл бағдарламаны мен үш жыл бұрын жүргізгенмін. Бірақ экраннан үш ай ғана көрсетілді. Ол кезде уақыт өте тығыз болды да,  текстті жаттау жағынан кәдімгідей қиналдым. Оның үстіне текст өте ұзақ болатын. Дегенмен маған жүргізуші болған ұнайтын.

– Кім болуды армандайсың?

– Арман көп қой. Мектепті бітірген соң,  актерлік салада білім алғым келеді. Тарихи фильмдерге түсіп, үлкен-үлкен  рөлдерді  сомдасам деген арманым бар.

Сұхбаттасқан Сәуле АБЫЛАЙ

Пікір қосу