«Жайдарман» көрерменінің көзайымы, «Назар аудар» командасының мүшесі Ақболат Өтебай алдағы жоспарларын айтып, juldyz.kz порталына сұхбат берді. 

— Ақболат, алдымен өзіңіз бен отбасыңыз жайында толық айта кетсеңіз?

— Аты-жөнім — Ақболат Өтебай. Өзім қожа руынанмын. Орал қаласының Чапаев ауылында дүниеге келдім. Қазір Алматы қаласында тұрамын. Алланың қалауымен келіншегім Айнамкөзбен некелестім. Қазір екі баланың əкесімін.Балаларымызға жақсы тəрбие беру үшін барынша анасы екеуміз тырысып жүрміз.Ер бала кішкентай кезінен əкесінен не көрсе соны қайталайды ғой.Сол үшін жаман істерден аулақ болып, балаларыма жақсы нəрселерді көрсетіп өсіріп жатырмын.Келіншегім Айнамкөз Атырау қаласының тумасы.Руы- Адай.Бард-ақын Табылды Досымовтың қызы. Анам мен екі інім бар. Олар қазір ауылда тұрып жатыр.

— Қандай маманық бойынша білім алдыңыз?

— Информатика пəнінен мұғалім мамандығы бойынша оқып бастағанмын. Бірақ, оны аяқтамай,электрик мамандығы бойынша толық білім алдым. Оқуды жақсы бағамен аяқтадым. Қызығушылық болмағандықтан, бұл мамандық бойынша жұмыс жасамаймын.

— КВН ойнауға үйдегілер қарсы болмады ма?

— Мектеп кезінен бірге жүрген достарым,сыныптастарым Марс, Ғазиз, Ерболаттармен DVD-ге диск қосып, əзілдерді көріп,зор қызығушылықпен ойнай бастадым.Жалпы, үйдегілер əзілге жақын жандар болғандықтан, мұныма қарсылық білдірмеді.

— Командада ойындарды кіммен ойнаған жеңілірек?

— Алғашқыда КВН-ді нөлден бастадық. Мəтін жоқ кездері «сен мынаны айт,мен мынаны айтайын» деп, бөліп алатынбыз. Сол кездерде бір-бірімізді түсініп, Ғазиз бен Саматпен жақсы ойнағанбыз.Қазір мəтінді теріп, қолымызға ұстатады.Мəтін бойынша рөлдер бөліп береді. Мəтінмен жұмыс жасағандықтан, бізде ондай мəселе жоқ екен. Əркім өз сөзін алады да, сол бойынша дайындалады. Негізінен, біз де бала кезімізден бірге ойнағаннан кейін мынаумен оңай, анаумен қиын деген мәселе жоқ.

— КВН сіз үшін тек қызығушылық па?

— КВН — өнердің биігіне шығаратын баспалдақ.Үлкен сахнада жүргендер «Нысана»-ның жігіттері, Тұрсынбек, Қанат ағаларымыз барлығы осы КВН-нен бастаған. КВН-ді «мектеп» деуге болады. Үлкен сахнада жүргендер махаббатпен өнерлерін осы жерде көрсетіп бастағаннан кейін сағынып,қайта ойнағылары келіп тұрады. Қай салаға кетсең де КВН-ді ойнағың келеді. Себебі, ол — жарыс, ойын.Бəрі бітіп, əркім өз бағасын алғаннан кейін сахнаның артындағы достық бар. Ойыннан кейін де араласасың дегендей ғой. Біреулер бос күлкі деп келіспеуі мүмкін. Бірақ, мен үшін КВН — өнер. Неге? Өйткені, Жайдарманнан жоғарыға жеткендер көп. Құдайға шүкір!Қазір халықты инстаграммда 15 минут сайын күлдірмесең қарамайды ғой.Ал, біздің жайдарманшыларда ол қару бар. Дегенмен,бұл салада жүру үшін де оқып алған дұрыс. Команда жігіттері оқуын 2 жыл оқып алғанбыз. Өзіміз оқып алғаннан кейін жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жағдайға жеттік. Жасаған дүниеміз халыққа ұнайды. Құдайға шүкір, мақтағаным емес, «Назар аудар» командасын халық жақсы көреді. Жалпы, КВН кəсіп қылған адамға нəсіп те,өнер де болады.

 

— Ойынға шығар алдында сахнаның өзіндік этикасы жайында ескертіле ме?

КВН-де редактура деген болады. Осы жерде барлығы айтылады.Мектеп деп айтуымның себебі де осы. Əрине, бəрі ауылдан келген балалар ойын кезінде редактурада айтылған ескертпелерді ұмытып кетіп жатады. Сыншылар,үлкен ағаларымыз кішкене қателіктеріне көз жұма қарап,еңбектерін ескеріп, жастардың көкірегінен итермесе дейміз. Жайдарманшыларымыз барынша жақсы ойнауға тырысады. Халықтың арасындағы мəселелерді алып шығып жатыр. Киімге де, басқа нəрселергеде көңіл аударады. Жайдарманшылар көп.  Қазақстанда 300-ге жуық команда бар. Осы 300 команданың ішінде бір-біреуден болса да 300 талант, 300 автор болады.Əнші де, биші де ,əзілші де бар.Міне, Жайдарман сонысымен мықты.

— Қазіргі ойыншылар көңіліңізден шыға ма? Сіздің ойыңызша осы уақытта жақсы ойын көрсетіп жүрген қай команда?

— Біздерден кейінгі шыққан жақсы ойыншылар бар. Ақтөбенің «Фемида» жəне Оралдың «Гранд» құрамалары жақсы ойнайды.  Жерлес болғандықтан айтқаным емес. Оралдада екі-үш құрама бар. Солардың ішінде өсіп келе жатқан осы құрама маған да, халыққа да ұнайды.Шымкенттің «Жетісай» деген құрамасы да көрермен көңілінен шығып жүр.  «Қармақшы» құрамасын да жаман деп айтпаймын, бірақ оларға əлі де еңбектену керек. Бастапқы ауылдың əңгімелерімен жүре берсе, біраз жерге жетер еді.Басқа құрамаларға мəтін жағына көңіл бөлу керек.Күлдірту оңай, бірақ əрбір əзілдің астында бір мəселені қозғауы керек. Міне, көп құрамаға осы нəрсе жетіспейді.

— Шəкірт тəрбиелеу ойыңызда бар ма?

— «Гранд» құрамасындағы жігіттерге жол сілтедік.Қалатындары қалды, соңына дейін барамыз дейтіндері қазір сахнада жүр. Өздерінің қызығушылықтарымен артымыздан ерді.Үйреттік, көрсеттік. Əрине, үйреткенімді міндетсінбеймін.Олар да қазір өз алдарына кəсіп қылуға ниеттеніп жатыр. Мысалы,бізге «Өнер қырандарындағы» ағаларымыз көмектесіп жатыр.Бірге концерт қою да ойда бар. Ол ағаларымызда өнерді қызғанбайды.Өнер бəріне ортақ  болғандықтан, қайта соңымыздан ерген өнерпаздарға жөн сілтеген  дұрыс.

— Ананың,қыздың жалпы əйел затының рөлін көп ойнайсыз.Осындай рөлдерде кімнің образын еске түсіресіз?

— Сахнада өзімнің анамның образын  сомдаймын. Сөйлеу мəнері батысша. Негізінен, біз жақтағы кез-келген үйде мен ойнайтын рөлдердегі апайлар бар.

— Тойға шығасыз ба?

— Қазір енді бəрі тойға шығады.Жасыратын ештеңесі жоқ, мен де тойға шығып тұрамын.Бірақ,өзім тойға көп шыққанды аса ұнатпаймын.Өнер жағында жүргеннен кейін сол жаққа көп көңіл бөліп, жұмыс жасап жатырмын.

— Еркін Аманжолдың «Жасырын махаббат» атты əніне клипке түсіпсіз. Тағы да ұсыныстар түсіп жатыр ма?

— Жақында Серік Ибрагимовтың «Махаббатым» əніне клипке түстім.Клип жақсы шыққан. Көрерменге де ұнайды деген ойдамын. Себебі,клиптің мағынасы,мəні бар. Әзірге басқа ұсыныстар түспеді.

— Вайнер болу ойыңызда бар ма?

— Вайнды өнер деп есептемеймін. Қазаққа сіңімсіз,ерсі нəрсе. Дегенмен, бауырлардың айтуымен қазақы оншақты вайндар түсірдік. Көпшіліктен өз бағасын да алды.Кəсіп деп те есептемеймін. Біреулер үшін кəсіп шығар. Бірақ,менің ойымша берекесіз кəсіп. Себебі, ерсі жағымсыз дүниелер көп көрсетіледі.

 — «Қазақстан Орал» телеарнасындағы сұхбатыңызда «ойыншы кітапты көп оқу керек» дегенсіз. Өзіңіз көп кітап оқисыз ба?

Негізі кітапты тек ойыншылар емес, бəрі оқу керек.Бала күнімнен əдебиетке,тарихқа жақын болдым. Сол кезде оқығаным осы күніме дейін жетті. Мəселе, əдемі сөйлеу емес, жақсы ой айту.Сол үшін кітапты оқу керек деп ойлаймын. Авторларға,мəтін жазатындарға арналған «Восемь Персонажей Комедии » деген кітап бар соны оқыдым. 2011 жылдары «Махаббат қызық мол жылдарды» қайталап оқып шықтым. Қазір діни кітаптар оқып жатырмын.Көбіне уақыт жетпейді. Таң атса, күн батады. Бірақ, уақыт тауып кітапты оқып тұру қажет.

— Алдағы жоспарларыңыз қандай?

— Алла қаласа «Уралский пельмен» деген аптасына бір рет шығып тұратын бағдарламаны қолға алып жатырмыз. Бұл көлемді жоба. Одан кейін, кино түсіру ойымызда бар. Киноны бастап та үлгердік. Туындымыз комедия жанрында бір əншімен түсіріледі. Оның үстіне биыл 2-3 концерт жоспарда бар. Тек күлдіре бермей мағыналы нəрсе дайындасақ дейміз. Театр ретінде қалыптассақ деген мақсатымыз бар. «Өнер қырандары» сияқты мəні бар жақсы дүниелермен сахнаға  шығу ойымызда бар.Дін саласына «Өнер қырандарының» жасап жатқан еңбегі зор. Міне,бұл нəрсені олар көтерсе, артынан біз көтерсек, бізден кейінгілер көтерсе осылай қоғам,ел түзелсе дейміз. Абырой , атақты ойламай мағыналы халыққа берері бар нəрселерді көтеру қажет. Жоспар көп. Алла қаласа, енді алдағы уақытта осыларды жүзеге асырамыз.

-Рахмет!

Сұхбаттасқан Мейірім Бақытбек

Пікір қосу