Белгілі теле-радиожүргізуші, актер Нұрсұлтан Есжан жақында шаңырақ көтеріп, отбасына келін әкелгені дүйім жұртқа аян. Жары – Бибігүл Тлеболдинова – орамды ойларын ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген айтыскер-ақын. Хош, бойдақтықпен қош айтысқан Нұрсұлтанмен сүйіктісі екеуінің «махаббат хикаясы» жайлы аз-кем әңгімелесудің реті келді.  Juldyz.kz  сұхбатты назарларыңызға  ұсынады.

– Нұрсұлтан, жұбайыңызбен жарасымды жұп екендеріңізді оқырмандарыңыз жарыса жазып жатыр… Ал өздеріңіз қалай, қашан таныстыңыздар?

– Негізінде өзіме адал жар болатын қыз іздеп жүрген кезім… Бір күні жұмыста отырғанымда, ауылдан әжем мен анам хабарласып «Айтыс көріп жатырмыз, Бибігүл Тлеболдинова деген қыз ұнап жатыр» деді… Екеуміздің де өнерде, телевизия саласында жүргенімізді айтып, осы қызды іздеп-тауып, танысып көрсінші деген әжемнің тілегі болған екен. Анам екеуінің ойлары бір жерден шығып, маған қоңырау шалып жеткізді. Жұмыста отырғандықтан дұрыс қабылдамағаным анық. Жай ғана «жарайды» деп қоя салғанмын. Кейіннен анам өзі Бибігүлдің ВК және инстаграм желісіндегі парақшаларының сілтемесін жіберді. Көрдім. Әлеуметтік желі арқылы сөйлестік. Ұнады. Әңгімесі түзу, түр-сымбаты келіскен қазақтың өнерлі қызы. Бір ай сөйлесіп, кездескеннен кейін сөз салдым, қыз бен жігіт болып бір жыл жүрдік.

– Махаббат деген сезімнің ұшқыны қашан пайда болды, әлде бір көргеннен ғашық болдыңыз ба?

– Жо-о-қ… Махаббат бірден пайда болған жоқ. Жар болатын қыз екендігіне көзім түскен соң, жоғарыда айтқанымдай, бір айдан кейін-ақ сөз салғанмын. Достарыма да, туған-туыстарыма да көрсетіп жүрдім. Қарым-қатынасымыздың екінші-үшінші айында Бибігүл үш-төрт күнге шет қалаға кететін болды. Ол кеткеннен кейін қатты іздедім, сағындым, оған шынымен ғашық екенімді сол кезде түсіндім. Кейіннен сәл ренжісіп қалсақ, жүрегім ауырып, тезірек ренішін басуға тырысатын болдым…

– Қарым-қатынастарыңыз қалай өрбіді?

– Жалпы Бибігүл менің қызым сияқты. Қатты еркелейді. Мен еркелетемін, аялаймын. «Кішкентай қызыма» қалаған нәрсесін алып беремін, қалаған жеріне алып барамын. Бір-бірімізге деген сезімімізді жылы сөздерімізбен жеткізіп, жиі еркелеп тұрамыз.

– Жүрегіңіздегі бүр жарған сезімді қалай жеткіздіңіз?

– Халықтың көпшілігі біледі. Евгений Ожогин деген футбол жүргізушісі – менің досым. Ақылдасып, келісіп, бәрін дайындап, ұйымдастырып та қойғанбыз. Орталық стадионда Қайрат пен Тараз ойынының үзілісінде сөз салдым. Бибігүл аң-таң, өйткені  айтпағандықтан ол үшін бәрі тосын-сый болды.

– Қыз бен жігіт болып жүру мен жұбайлар болып жүрудің айырмашылығы көп шығар, иә? Қандай сезімдесіздер?

– Шынымды айтатын болсам, ондай бір айырмашылық жоқ. Бар өзгешелік: оны үйіме әкеліп алдым (күлді). Енді екеуміз – ерлі-зайыптылармыз. Көпшілік «қыз кезінде бәрі жақсы…» деп айтып, айыптап жатады. Мен үшін олай емес және болмайтын да шығар. Себебі, бізде сезім бар, сыйластық бар. Біз бір-бірімізді таңдадық. Аллаға шүкір, тойымыздың бәрін атқарып, демалысымызға барып қайттық. Қазір жұмыстарымызға кірісіп те кеттік. Бәрі ойдағыдай. Мың тәуба! Керемет сезімдемін.

– Бірге жаққан махаббаттарыңыздың алауы сөнбесін!

Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл

Көшіріп басуға, тақырыпты бұрмалап салуға, материал ішінен сөз немесе сөйлемдерді алуға қатаң тыйым салынады!

Пікір қосу