Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов ісі бойынша соңғы фигурант бостандыққа шығатын болды. Сот алқасы «Метталургия-Металлөңдеу» компаниясының экс-директоры Болатбек Ысқақовтың мерзімнен бұрын шығу туралы өтінішін толықтай қанағаттандырды, — деп хабарлайды 31 арна.

Болатбек Ысқақовтың өтелмеген 1 ай 23 күні қалған. Қазір сотталушы АК 159/1 түзеу мекемесінде. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Бұрынғы премьер — министр Серік Ахметовпен бірге «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену» бабы бойынша бір жарым жылға сотталған болатын. Ал ақпан айында Болатбек Ысқақов рақымшылыққа ілігіп, жазасының 4-тен 1 мерзімі қысқарылған еді.

«Сотталушы Болатбек Ысқақов Жұмабекұлының мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы өтініші қанағаттандырылды. Енді сотталушы пробациялық бақылауда болады, оған тұрғылықты жерін ауыстыру мен түнгі сағат 11-ден кейін көпшілік орындарында болуға тыйым салынды», — дейді  Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Әлия Жошева.

Пікір қосу