— Кастингке қалай келдің? Өз рөлің көңіліңнен шықты ма?

Мамыр айы. 11-сыныпты аяқтап, ҰБТ-ның алдындағы уайым, мектепке деген қимастық, әйтеуір, алмағайып күйде жүрген кез. Бір кеште Еркеш Хасен есімді досыммен студияда кездесіп қалдым. Ол сөз арасында: «Бизнес по-казахски» деген киноға кастинг жүріп жатыр. Сен барып, қатысып көр. Қанша айтқанмен комедия сенікі ғой», — деді. Тестілеудің алдында қайдағы кино!? Әйтседе аздап серпіліп, өнер адамдарының қолын ұстап қайтатын деген оймен кастингке келдім. Келсем Жеңісхан Төре жүр екен. Кастинг директорға мені нұсқап, текст беруін сұрады. Текстті бір қайталап, атүсті ойнап, шығып кеттім. Бір рөлге өтеді екенмін деп те дәмеленген жоқпын. Бірақ біраз күн өткен соң, сосын тағы үш-төрт рет  қайта шақырды. Ақыры бұл рөлдің негізгі рөл және шығармашлық жолындағы өнер адамдарымен жұмыс істейтініме сене бастадым. Сөйтіп мамыр айының соңында «бақытты қоңырау» хабарласып, «біз сізді қабылдадық» деді.

Жалпы, фильмдегі рөлім көңілімнен шықты немесе шықпады дегенге келер болсақ, мен өзіме қатты сын көзбен қарайтын адаммын. Мысалы, Әбунасыр Серіков ағағмыз өзінің түскен фильмдері мен қойылымдарын мүлде көрмейді екен. Түсірілім барысында фильмге түсуші барлық актерлер өз образдарын шыңдады. Сол образдан кылық, мінез іздеді. Оны ашуға тырысты. Осы тұста менің біраз қиналғаным бар. Себебі, көптен бері түсірілім алаңында төбе көрсетпей сәл қарайып қалғаным бар.  Оған қоса, мамыр айынан маусым айының соңына дейін созылған түсіріліммен қатар келген ҰБТ, маусымның 5-де Ақтөбеде орын алған терактіден қаза тапқан жездем Майлыбаев Даниел Ағарысұлының қазасы т.б осындай жайттардың барлығы түсірілім уақытына  тұспа-тұс келіп, ойымды жинақтауға кедергілерін жасады. Деседе ішкі толқыныстарды байқатпай, рөлімді алып шығуға барынша тырысып бақтым.

— Өзің фильмді көрдің бе? Фильмнен кейінгі әсер қандай болды?

Иә, әрине, көрдім. Бір емес, бес рет көрдім (күлді). Алғашқы көргенімде езуім жиылмай, күліп отырсам, кейінгілерінде қателерімді қарап, өзімді сынап отырдым.

 — Қалай ойлайсың «Бизнес по казахский» көрерменді таңғалдыра алды ма?

Ең бірінші, бұл фильм көрерменнің қазақ киносына деген көзқарасын өзгерткен секілді деп ойлаймын. Себебі, «Бизнес по-казахский» жарыққа шыққаннан кейін «қазақтар кино түсіріп үйреніпті», «жылдың жаңалығы», «үздік комедиялар қатарына кіруге лайық» деген жақсы пікірлерін айтып, «жалғасын күтеміз» деп ықыластарын білдіріп жатқандар аз емес. Осыған байланысты Ақан Сатаевтың өзі де: «Сендердің киноларың көрерменді қинамайды, сол үшін осындай дәрежеге көтерілді», — деп жылы лебізін білдірген болатын.

— Нұрлан Қоянбаевпен жұмыс істеу қандай әсер сыйлады? Білуімізше бұл сенің кино әлеміндегі алғашқы рөлің емес?

— Нұрлан аға тамаша кісі. Ол кісінің  асыл қасиеті – арқасындағы ауыр жүкті, сан түрлі проблемаларды өзінің жылы жымиысының ішіне жасырып қоятындығы. Өте қарапайым, бәріне юмормен, оптимисттік көзқараспен қарайды. Жаспен де, кәрімен де шебер тіл табысады. Түсірілім барысында сол кісінің өмір сүру стиліне қатты қызықтым. Сондықтан бұл жобаның қыл көпірден абыройлы, аман өтуіне сол кісінің кішілігі мен кісілігі, төзімділігі себепкер болды деп ойлаймын. Жалпы бұған дейін 10 шақты киноға түсіп, әртүрлі рөлде ойнадым. 2010-2011 жылдары шыққан «Айналайын» сериалында басты рөлде ойнайтын Арман есімді ауылдың сотқарын сомдап шықтым. Одан соң «Елбасы жолы», «16 қыз», «Тікелей эфир», «Өмір сүру хақында», «Вузеры» тағысын тағы фильмдердің эпизодтық рөлдеріне түстім. Негізі «Бизнес по-казахски» «Айналайыннан» кейінгі екінші басты рөлім болды.

— Фильмде нешетүрлі образға енесің. Жалпы әйел адамның образын алып шығу қаншалықты оңай, әлде қиын?

— Фильмге түсуге келісім берер кезде «әйел образын халық қалай қабылдар екен» деген қорқыныш болды. Алайда тәуекел ердің жолдасы демей ме?! Шындығында әйел адамның образын жасау оңайға соқпады. Әсіресе грим жасау барысы төзімділікті, шыдамды талап етеді екен.

— Түсірілім барысында орын алған қызықты оқиға?

— Фильм Алматы, Талғар қалалары мен Ынтымақ ауылында түсірілгендіктен актерлар құрамы болып Талғардағы қонақ үйге орналастық. Әбунасыр мен Қажет ағалармен бөлмелес болып, ағаларым «бұл съемка емес, армия» деп жақсылап жұмсады (күлді). Жан ағам да «біз бұрын Тілендиевтерге қызмет істегенбіз, енді сен бізге істе» деп қалжыңдап қойды. Шыны керек, мұндай өнер майталмандарымен әріптес болғаным үшін бақыттымын!

 

Сұхбаттасқан Ақбота Ерболқызы

 

Пікір қосу