– «Қара шаңырақ» фильміндегі Алтынай рөлін сіз нанымды алып шықтыңыз. Сізді, тіпті тұрмыстағы келіншек пе деп қалдық…
– Алтынай – маған аздап ұқсас кейіпкер. Кейбір қылықтары менің бойымда да кездеседі. Мен қазіргі таңда келін де, ана да емеспін. Бірақ ошақ қасында анамнан көргенім, алдымдағы әпкелерімнен үйренгендерім осы түсірілім барысында маған үлкен көмегін тигізді. Бұл кейіпкер мен үшін кішігірім мектеп болды.
– Кино әлемінде басқа қырыңыздан көрінген қандай рөлдеріңіз бар?
– «Шал» фильмінде Қасымның анасын, «Ұлжан» телехикаясында Динараның, «Ұзақ жол» сериалында Мәдинаның, «Қара шаңырақта» Алтынайдың, «Таңдау» фильмінде Айгүлдің рөлінде, «Көк тарландары» фильмінде майор Шәріповтің жары секілді жағымды-жағымсыз кейіпкерлерді сомдадым. Алтынайдан кейін режиссер Айгүл Ахсамбиеваның басшылығымен «Айжан» телесериалына түстім. Бұл жерде қазіргі замандағы қыздардың тағдыры, таңдауы жайында көрсетіледі. Ертедегі атастыру салтын қолдамайтын, жар таңдауда өз еркіндігін алға тартатын жастардың өмірі суреттеледі. Қазіргі заманғы жастар мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, жоғары тап пен орта таптағы адамдар арасындағы теңсіздік, жас отбасылардың түсінісе алмай ажырасуы жайында, отбасындағы тәрбие, қызмет бабы секілді күнделікті өмірден алынған картиналар көрерменге ұсынылды. Бұл сериалға түсу де мен үшін аса бір қиындық туғызған жоқ, бірақ мен қарсы болған бір тұсы болды. Түсірілім кезінде сценарий бойынша сүйісуім керек екен, соған қарсылық білдірдім.

gulbahr
– Сонымен сіз…
– Иә, сүйістім. (ұялып) Ол актер тарапынан орындалуға тиісті әрекет болғандықтан орындалды. Режиссердің талабына қарсы келуге менің қақым жоқ еді. Жолы үлкен актерлермен, әріптестермен ақылдаса келе сүйісуге келісімімді бердім. Актриса болғандықтан, «фильмге түсем» деп келісім бергеннен кейін режиссер айтқан қандай әрекетті болсын орындауға міндеттімін. Егер орындамасам, актерлік шеберлігіме сын. Әрине енді, ең қиыны сол болып қалсын. Одан әргі жаман әрекеттерге бармаймын. Оны өзім де қаламаймын.
– Сол арқылы көрерменге жаман көрініп қаламын деп ойлайсыз ба?
– Осы рөлге түскеннен кейін инстаграм желісіндегі парақшамда оқырмандар әртүрлі пікірлер қалдыруда. Бірі мақтап жатса, бірі «біздің менталитетке сай келмейді» деп қарсылық білдірді. Шынында да қазаққа тән қасиет емес. Маған көрермендерімнің пікірі де маңызды. Бірақ көрермендер бізді кейіпкер ретінде емес, актер ретінде қабылдаса екен деймін.
– Театр мен киноның қайсысын таңдар едіңіз?
– Студент шағымда театр актрисасы болам деп еш ойлаған емеспін. Кино саласында қызмет етіп, тележүргізуші болуды армандаған едім. Академияда оқып жүрген кезімде «Қазақстан» телеарнасында «Дала – думан» бағдарламасында өзімді сынап көрдім. Одан кейін «Хит-ТВ» арнасында «Қалайсың?» бағдарламасын, «Ел арнадағы» «Жарайсың» бағдарламаларын жүргіздім. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қазір де жаңа бағдарламалар болса жүргізуге қарсы емеспін. Театрға алғаш жұмысқа қабылданғанда бір-екі жылдай жұмыс істеп, біржола телевизия саласына ден қоямын деп ойлағанмын. Бірақ қазір ойласам, театрсыз болашағымды елес­тету мүмкін емес. Театр менің жан қалауым екенін ұқтым. «Сахнаның киесі бар» демекші, мен театрдан оңайлықпен кете алмаймын. Сахна мені өзіне байлап қойды. Негізі, әртіс болғаннан кейін кино, театр деп бөлуге болмайтын сияқты. Киноны да қосымша алып жүремін. Ал театрдан мүлдем қол үзгім келмейді.

gulb
– Болашақта жарыңыз тарапынан қарсылық болса ше? Келін атанып, ана боласыз дегендей…
– Бұл сұраққа қазір жауап беру өте қиын. Бастапқыда «жарым қаламаса, бас тартам» деп ойлағанмын. Қазір ойласам, «қалай бас тартамын» деп терең ойға батып кетемін. Бұл мәселе мені көптен бері ойландырып жүр. Осыны ойлап, өзімді басқа салаларда да байқап көрдім. Менің қолымнан келді. Бірақ ол қызметтер менікі емес, шын рахаттанып істей алмадым. Мен театрды, киноны тастап кете алмаймын. Өнер менің жүрегімде тұнып жатыр. Мен оны сыртқа шығармасам, ауырамын. Мүмкін, болашақта отбасым үшін өнерден қол үзермін. Бірақ мені болашақ жарым түсінеді деген ойдамын. Өнеріме қарсы келмей, менің ойым­мен санасып, бұған жай ғана жұмыс деп қарайды деп ойлаймын.
– Сүйіктіңіз бар ма?
– Сүйіктім бар, бірақ есімі – құпия. Жеке өмірімді жариялағанды ұнатпаймын. Бәріміз де маңдайымызға не жазылады, соны көреміз. Егер тұрмыс құрмақшы болсам, оны жасырмай, барлығыңызға жеткізуге тырысамын.

ad               — Мектеп  қабырғасындағы алғашқы махаббатыңыз есіңізде ме?
– Оны ұмыту мүмкін емес. Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде бір жігіт сөз салған. Біздің махаббатымыз үйден мектепке дейін шығарып салу болатын. Сөмкемізді көтеріп апарады, ауладан күтіп алады, үйге дейін шығарып салады. Сол – махаббат. Одан артық ештеңе керек емес. Соның өзіне ырзамыз. Біздің арамызды «менімен кездесесің бе? Үшінші сабақтан кейін дәлізде сені күтемін. Маған жауабыңды айт, сені күтіп жүрмін» деген сияқты кәдімгі қағазға жазылып, бүктелген хаттар жалғайтын. Мектеп қабырғасынан ерекше естелік болған мөлдір, таза сезім болатын. Оқуға түскеннен кейін арамыз суып кетті. Енді бала махаббаттың аты – бала махаббат. Қазір ол жігіт отбасылы болды. Мен оған тек бақыт тілеймін. Бұрынғы балғын сезім өшкен. Қайтеміз? Біз емес, өмір сондай қатал.

(…толық нұсқасы
«Жұлдыздар отбасы» журналының 

№4 (214)  2016 жылғы санында)

Сұхбаттасқан  Қаламқас Аманқосова

Пікір қосу