Театр — нан табатын жер емес

2002 жылы Т. Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық Өнер Академиясының актер және әнші мамандығын бітіргем. Оқу бітірген соң шақыртумен Орал қаласында орталықта жаңадан ашылып жатқан театрға академиядан 7 студент бардық. Сол жақта 10 жылға жуық уақыт жұмыс жасадым. 2010 жылы Орта Азияның «Ең үздік ер адам бейнесін» жеңіп алдым.

«Қарашаңырақ», «Өмір сынағы», «Біздің ағай», «Ақылдың кілті – өмірдастан», «Аяулы арман» сияқты сериалдарда көріндім. Кастинг арқылы өттім көбіне. Арнайы шақырту алған рөлім – «Ақылдың кілті — өмірдастан» телехикаясындағы рөл.

Әр нәрсенің өзінің ләззаты бар емес пе. Театр деген – тірі ағза ғой. Ол қайталанбайды, тек сол сәтте болатын өмір. Онда сен көрерменмен тікелей қарым-қатынаста боласың. Және ең бастысы, театр – нан табатын жер емес. Мұнда тек рухани азық алу үшін ғана жұмыс жасауға болады. Ал кино, ол мүлде бөлек. Онда дубль бар, монтаж бар, яғни театрдан алыс өнер. Бірақ, оның өзін оңай деп айта алмаймын.

Болашақта кино саласына түбегейлі бет бұрып кетуім мүмкін. Бірақ, театрды тастамаймын. Екеуін бірге алып жүруге шамам жетеді.

d1
Бір-екі жылдай ұстаздық еттім. Оралда Құрманғазы атындағы саз колледжінде «Актер шеберлігі», «Театр тарихы», «Сахна тілі», «Сахна қозғалысы» пәндерінен сабақ бердім. Құдайға шүкір, ол шәкірттерім қазір Темірбек Жүргенов академиясының әртүрлі факультеттерін бітіріп, бірі актер, бірі режиссер боп жүрген жайы бар.

Театрда жаңалық көп болуы керек

Режиссер ретінде өзімді сынап көру ойымда бар. Ол үшін ең бастысы, «Желание» керек. Яғни, құлшыныс, талпыныс. Таза режиссер ретінде спектакль тудырғым келеді, яғни өзге актерге. Себебі, мен идеяның адамымын. Және айтқан нәрсеме жетпей тынбаймын. Мысалы, «Ол»-ды дәл осындай етіп қойғым келді, дегеніме жеттім. Құдайға шүкір, қазір көрерменнің де, менің де көңілімнен шықты. Әрбір көрерменге айтайын деген ойым жетті. Мақсат орындалды. Мен содан ләззат аламын.

d2

Театр саласында жүргеніме 15 жылдай боп қалды ғой. Осы жылдар арасында театр аудиториясының көрермені  айтарлықтай өзгерді деп айта алмаймын. Себебі, оларды өзгертетіндей спектакльдер өте аз. Барлығы біркелкі қойылым болғаннан кейін, көрермен де сол дәрежесінде қалады. Театрды дүр сілкіндіретін спектакльдер 5 жылда бір рет қана қойылады. Неге барлық спектакльдер жаңашылдыққа толы болмасқа? Неге? Өйткені, біздің өнерде бөгделер түсіне бермейтін саясат бар. Нағыз өнерді бағалайтын адамдар жоқтың қасы…

Мен жастарды кінәлай алмаймын

d3

Мен жастарды театрға қызықпайтындары үшін кінәлай алмаймын. Өйткені театр тың дүниелер қоятын болса, онда оқу орындары мен мектептерге барып зорлап билет алғызбас еді. Мысалы, «Қара шекпенге» саналы жастар өздері келеді деп ойлаймын, өйткені ол жерде тың идея бар, жаңалық бар. Сондай спектакльдер көптеп қойылса, қанеки? Жалпы, өнерге жаны ашитын жандар көбейсе театр да дами түсер еді. Театр деген нәрсе сол саланың айналасындағы адамдарға, соны аялай білетін адамдарға ғана керек боп тұр, өкінішке қарай.

Бәрі бірдей керек етуі үшін театрда жаңалық көп болу керек. Өзгерістер болу керек. Сапасын көтеру керек. Деңгейін өсіру керек. Өрісін кеңейту керек… деп сөз жүзінде айтуды бәріміз білеміз ғой. Тек іс жүзінде нақты жұмыстар атқарылу қажет.

Сұхбаттасқан Риза ШАЙҚАҚ

Пікір қосу