Хамзин ПАУЕДЕН — Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау ауылы, жеңімпаз.

– Жылқы ұтып алдыңыз. Құтты болсын!

– Рақмет! Айналамыздағы көршілерден естіп, қатты қуанып жатырмыз.

– Сүйінші хабарды сізге бірінші болып естіртем бе десем, қайдан біліп алдыңыз?

– Кеше ауылдағы бір кісілер айтты. Журналдың сайтынан көрген екен. Өзім де қарасам, тізімдердің арасында атым тұр.

– Ендеше сол қуанышыңызды бізбен бөлісіп жіберсеңіз...

– Алғашқы болып үйдегі жеңгең «Жылқың құтты болсын!» деп сүйінші сұрады. Содан бері телефонға тыныштық жоқ. Жан-жақтан ағайын-туыстарымыз хабарласып, құттықтап жатыр.

– Тұрақты оқырманымыз боласыз ба?

– Әрине. Қос журналға біраз жылдан бері жазылып келемін. «АҢЫЗ АДАМ» журналы тек ұлы тұлғаларды жазады. Ішіндегі кейбір мақалаларды қыздарым сабақтарына пайдаланады. Әр нөмірін тігіп қойғанбыз. Кейін бұйырса, немерелерімізге дейін оқитын болады. Ал «Жұлдыздар отбасы» журналы танымал жандардың өмірінен сыр шертеді. Еңбектеріңіз жемісті болсын! Елге қызмет жасап, алғысқа бөленіп жүре беріңіздер!

– Енді олжаңызды қайда жұмсамақшысыз?

– Өз аяғымен келіп тұрған нәрсе артық болмайды ғой. Биыл қызым мектеп бітіргелі отыр. Соның сабағына жұмсаймын ба деген ойым бар.

– Өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

– 1962 жылы дүние есігін ашқанмын. Руым – Адай. «Жайық» мұнай-газ өндірісінің басқармасында отыз жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бес баланың әкесімін. Екі ұл, үш қызым бар.

Пікір қосу