Жанболат Мамай: Барлықтарыңызға алғысым шексіз. Қазақстандағы талай саяси соттарға куә болып жүрмін ғой. Өз басым босап шығамын деп ойламадым. Бұл азаматтық қоғамның және халықаралық ұйымдардың жеңісі деп білемін. Денсаулығым жақсы. Еш нәрсеге шағымым жоқ. Апеляциялық шағымға қатысты адвокаттарымен ақылдасып, алдағы уақытта шеше жатармын. Тағы да мені қолдаған барша қазақстандықтарға рахметімді айтамын. 

Алматы қаласының Медеу аудандық 2-сотының судьясы Дәурен Мәукеевтің үкіміне сәйкес «Трибуна. Саяси қалам» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайдың бас бостандығы үш жылға шектеліп, дүние-мүлкі тәркіленетін болды. Және үш жыл журналистикамен айналысуға тиым салынды. ҚР ҚК-нің 193 бабы 3-тармағы бойынша кінәлі деп табыған Ж. Мамай сот залында босатылды.

ӨМІРДЕРЕК

Мамай Жанболат Мамайұлы 1988 жылы 15 маусымда Алматы қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келген.  Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін ағылшын филологиясы бөлімін аяқтаған. 2007 жылы Грецияда Каподистрии атындағы Афина ұлттық университетінде іс-тәжірбиеден өткен. Сол жылы М. Шаханов атындағы «Рух пен тіл» клубын құрды. Қоғамдық саяси өмірге студент кезінен бастап араласты. Журналисттік жолын «Жас Алаш» газетінен бастаған. Өткір мақалаларымен танылып, публицист ретінде сол басылымда қалыптасты. Саяси мақалалары үшін А. Сәрсенбайұлы атындағы сыйлықтың иегері атанды. 2009 жылы Азат ЖСДП-ның төралқа мүшесі болып сайланды.

2011 жылы Маңғыстау мұнайшыларын қолдау мақсатында құрылған «Халық майданы» қозғалысының қатарыда болды.

2012 жылы маусымда Жаңаөзеннің ереуілдеген мұнайшыларына оқ атылған қанды оқиғадан кейін, Жаңаөзенге ереуіл кезінде бірнеше рет барғаны үшін, «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыптаумен тұтқындалды. 2012 жылы 13 шілдеде босатылды.

 2012 жылғы қыркүйектен «Трибуна» газетіне басшылық жасады, басылым қазіргі билікке және бірқатар шенеуніктерге қатысты өткір сыни материалдар жариялады. Басылым басынан жарияланған материалдардың кейіпкерлерінің арызы бойынша сотқа тартылу жағдайлары өтті. Газет бірнеше рет сот талабы бойынша айып төлеуге мүмкіндігі болмағандықтан жабылып қалып, басқа атаулармен шыға берді, бастапқы бағытын өзгертпеді.

Соңғы рет сот газетті «Алматыжарнама» муниципалдық жарнама компаниясының директоры Сұлтанбек Сыздықовқа 5 миллион теңге моралдық залалды өтеуге міндеттеді, газеттің тағы да шықпай қалу қаупін туғызды.  

Осы 2017 жылдың 10 ақпанынан  бері тергеу абақтысына қамалып, 07.09.2017 ж. босап шықты.  Журналистке  «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы  БТА банктегі ақшаны жымқыруға қатысы деп айып тағылған.

 

 

 

Пікір қосу