– Сұхбатымызды Тоқтар Серіков жайлы әңгімеңізбен өрбітсек  деймін. Кейінгі кездері Бейбіт те, өзіңіз де сахнадан көрінбей кеттіңіздер…

– Жүйрік атты қораға қамап, аяғын байлап, бәйгеге қоспай қойсаң, құсалықтан өліп кетуі мүмкін. Сол сияқты, Бейбіттің де жолын бөгеп, үйде отырғызып қоюды жөн санамадым. Бүгінге дейін Бейбіт екеуміз шығармашылығымызға қатысты біршама шаруалар тындырдық. Беколжасымыз дүниеге келгелі ел ішін аралап концерт бермеппіз. Баламыз жүк көтерісуге жарап қалған соң, қасымызға ертіп алып, еліміздің солтүстік өңірін аралап қайттық. Бұл үрдісті мамыр айынан бастап қайта жалғастырамыз. Тәуба, қайда барсақ та, көрермендер залында ине шаншар жер болмады. Келген жұрттың санында есеп жоқ. Бізді сағынғандары соншалықты, концерттен кейін көрермендер бір сағат бойы бізбен бірге суретке түсуден, бетпе-бет жүздесуден жалықпады. Құдай көптік етпесін, өзімді осыншалықты жоғары құрметке лайықтымын деп санамаймын. Ал туған жеріме барғанымызда, жерлестерім концерттен соң арнайы бір күн уақыттарын бөліп, Семей өңірінің көрікті жерлерін аралатып, ұлыма ат мінгізіп, өзіме шапан  жауып жатты. Мұнан артық  бақыт бар ма?! Содан Бейбіт өкпелеп қалмасын деп, қайынжұртқа, яғни Тараз өңіріне ат басын тіредік. Сахнадан көрінбей кетуіміздің тағы бір себебі, осы күнге дейін Бейбіт екеуміз елдің жүрегін ауыртып, “Қоштасайық екеуміз” деп келдік (күлді). Жақында ғана Шәмшә Ахметова қарындасымыздың “Асыл бағым” деген әдемі әніне бейнеклип түсірдік. Мамыр айынан бастап  көрермендер теледидардан тамашалай алады.

toktar

– Кейінгі кезде сіздің де шығармашылығыңызға дағдарыс келген сияқты. Орындауыңызда “Сыған серенадасы” секілді әдемі әндерді естімейтін болдық…

– Ондай әндерді естімейтіндей де жөндеріңіз бар. Жасыратыны жоқ, осыдан 5-6 жыл бұрын жаздырған әндерімнің әрлеуі ескіріп қалды. Қазір техника дамыды, әндердің әрленуі де өзгерді. Қарапайым тыңдарман жақсы көретін әншісінің орындауындағы әнді сүйсініп тыңдайды да, кемшін тұстарына назар аудармайды. Ал кәсіби музыканттар әннің әрленуінің сапасыз екендігін “ә” дегеннен-ақ аңғарып қояды. Сондықтан көрермен жүрегінен орын алған   “Cыған серенадасы”, “Көршінің қызы” сияқты әндеріме жаңаша өңдеу жасатпақпын.

– Беколжасыңыз атқа мініп көрді ме?

– Үстінен түстіңіз! “Ұқсамасаң тумағыр” дегендей, ат десе ішер асын жерге қояды. Үйдің іші толған аттың суреті мен ойыншығы. Әкесінің жылқысы – сыртта, баласының “жылқысы” – үйде. Сондай-ақ өзім сияқты итқұмар. Ит боп үріп, ат болып кісінейтін болды (күлді). Құдайға шүкір, ұлым нағыз қазақ болып туылған сияқты. Жылқыны қастерлеу, иттің қадіріне жету нағыз қазаққа тән қасиет қой. Соның ұшқыны қазірдің өзінде-ақ ұлымның бойында бар сияқты. Қазақтың салт-дәстүріне қанығып өсіп, “әке, ат жарысқа барайықшы, көкпар көрейікші, аңға шығайықшы” деп жүрсе, мен үшін одан артық қуаныш болмас еді.

0-32

– Бұрынғы шығармашылық концерттеріңіз бен бүгінгі өткізіп жүрген кештеріңіздің арасындағы айырмашылықтарды байқап жүрсіз бе?

– Айырмашылық өте көп. Қазақта  “Көш жүре түзеледі” деген керемет сөз бар. Менің бір түсінгенім, бұл көш түзеліп бітпейді екен. Мәселен, осыдан 7 жыл бұрынғы концертімнен 4 жыл бұрын өткізген концертім жақсырақ өтті деуші едім. Сөйтсем, бәрінен де кешегі берген концертім жоғары деңгейде өткен сияқты болып көрінді. Дегенмен уақыт өткен са­йын оның да кемшіліктері байқалып, “шикі” тұстары көзге көрініп жатыр. Осыған байланысты бір мысал айтып берейін. Баяғы заманда патша сарайының алдында жалғыз түп ағаш өсіпті. Тоқылдақ дейтін құстың ермегі күндіз-түні ағашты тоқылдату емес пе? Құдайдың құтты күні тоқ-тоқ етіп, патшаның миын ашытыпты. Мазасы кеткен патша  тоқылдақты ұстап алып: “Енді мазамды алатын болсаң, тұмсығыңнан түк қалдырмай кесіп тастаймын”, – депті. Зәре-құты қалмаған тоқылдақ: “О, патша, ғафу етіңіз! Бұл тірлігімді қайталамаймын. Сіздің есігіңіздің алдына ұя салмаймын”, – деп  жалыныпты. Сөзіне иланған патша тоқылдақты еркіне жібере салыпты. Екі сағат өтпей жатып уәдесін ұмытқан тоқылдақ ағашты қайта тоқылдатуға кіріскен екен. Қайтсін енді? Тоқылдақта онан өзге өнер де, тамақ табудың басқа жолы да жоқ. Сол сияқты, біздің де әншіліктен өзге айналысатын кәсібіміз жоқ.

– Көпшілік “Тоқтар – төрт құбыласы тең, бақуатты әнші” деп жатады…

– Құдай көп көрмесін, ата-анама, отбасыма жететін дәулетім бар. Байлығым – алтын да емес, зауыт та емес, доллар да емес. Азды-көпті төрт түлігім бар. Қазақ “Батыр – бір оқтық, мал – бір жұттық” деген. Құдай сақтасын, ертеңгі күні ел ішіне жұт келетін болса, сеніп жүрген малымның бір-ақ күнде қырылып қалары анық. Сондықтан байлықты қолдың кірі, жылтыраған мұз деп қана есептеймін. Ауылдағы малымды сойып жеу үшін ағайындарым менен рұқсат сұрамайды. Соғым керек пе, сойып жей береді. Өйткені біздің әулетте қалыптасқан тәртіп сондай. Аз дүниеме береке берген Аллаға шүкіршілік айтамын. Лайым, тапқан-таянғанымның қызығын ата-анам, бауырларым, бала-шағам көрсін! Бүгінде негізгі табыс көзіміз – той-томалақтан тапқан табыс болса да, кейде соның өзі ас-суымыздан артылмай жатады.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының 

№ 9 (50) Мамыр 2009 жылғы
 санында) 

Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

Пікір қосу