Жанар, жақында көзіңізге ота жасатыпсыз. Қазір жағдайыңыз қалай?

Мектеп жасымнан бері көзім нашар көретін. Сол себептен көзіме ота жасауыма тура келді. Негізі, аурухана, ине салдыру дегенді ұната бермейтін едім. Бастапқыда біраз жүрексініп жүрдім де, ақыры ота жасатуға шешім қабылдадым. Отадан кейін көзім қатты ауырып, айналасы қызарып кетті. Сол себепті екі күн үйде күтіндім.

Бес жасыңыздан бері сахнада жүрсіз. Өнерден шаршайтын кездеріңіз бола ма?

Әрине, шаршаймын. Бірақ ондай кездерде «бұл менің жолым емес» деп суынған жоқпын. Өйткені кішкене күнімнен өзімнің сахна үшін жаралған адам екенімді сезетінмін. Ішкі күйзелістер әркезде болады. Оған өмірдің өтпелі кезеңі ретінде қараған дұрыс. Мұндай жағдай шығармашылық адамдардың басында жиі кездеседі.

Ал мұндай сәтте өзіңізді қалай жұбатасыз?

Мен күйзеліске үйренген адаммын. Жабырқаған сәттерде өлең жазамын. Ішкі ойымды әндерім арқылы жеткіземін. Көңілдің кірбеңін уақыт емдеп, жазады. Бұрындары ұзақ уақыт жабырқап жүретінмін. Жасыңа жас қосылған сайын ақыл да кіре бастайды екен. Ал қазір бәрін басқаша қабылдаймын.

Бірнеше байқауларда бағыңызды сынап көрдіңіз. Тағы қандай додаларға қатысқыңыз келеді?

Егер кинематографиялық байқаулар мен фестивальдер болып жатса, қатысар едім. Ал әншілік өнерге қатысты байқауларға барғым келмейді. Шынымды айтсам, одан шаршадым. Осы уақытқа дейін елуден астам байқауға қатысыппын. Бір жағы жасым да келді. Негізі, өнерді бағамен таразылау қиын әрі дұрыс емес.

Қазақ эстрадасында кімдерді бәсекелес санайсыз?

Өнерде бәсеке болмайды. Өнер – спорт, математика немесе ғылым емес. Әр әнші өз тыңдарманы үшін жұмыс істейді. Мүмкін эстрадамызда бәсекелестік бар шығар, бірақ оны өзім байқамаппын.

Өміріңіздің басты мақсаты не? Тұрмыс құрып, ана болуды ойлайсыз ба?

Адамның жасына қарай арман-мақсаты, тіпті тілегі де өзгеріп отырады екен. Мысалы, бес-он жыл бұрын алдымен карьераны ойлайтынмын. Ал қазір ана болу бақытына бөленгім келеді. Әйел адамның басты парызы – бала сүйіп, ана атану. Бірақ менде сол үшін күйеуге шығып, бала табу керек деген қатып қалған мақсат жоқ. Бұйырған нәрсе болады. Менің өмір сүру ұстанымым осы.

Бір бағдарламада экстрасенс апайымыз осы жылы тұрмысқа шығатын әнші қыздардың тізімін айтып берді. Соның арасында сіз де барсыз. Бұған не айтар едіңіз?

Экстрасенс, құмалақ ашу дегендерге мүлде сенбеймін. Ол да адам ғой, қалай біреудің өмірін болжай алады? Мұндай істермен айналысуға болмайды, бұл дегеніңіз харам. Сонымен қатар кейбір ырым-тыйымдарға да сенбеймін. Отбасын құрамын десем, қазір-ақ күйеуге шығуыма болады. Осы уақытқа дейін маған екі-үш рет тұрмысқа шығуға ұсыныс түскен болатын. Бірақ шығармашылықтың адамы болғандықтан өз өмірімді махаббатсыз елестете алмаймын. Сүйген адамыммен ғана тағдыр қосқым келеді. Әйтпесе «уақыт өтіп бара жатыр екен» деп, кез келген адамға тұрмысқа шығудан аулақпын. Шынымды айтсам, дәл қазір тұрмысқа шығуға ниетім де жоқ. Жас кезімде тұрмысқа ерте шықпайтынымды білетінмін.

(…толық нұсқасы
Жұлдыздар отбасы журналының
№15 (225) тамыз 2016 санында)
Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

Пікір қосу