
Дүйсенбі күні таңғы жеті жарым шамасында Қызылорда облысының Шиелі ауданынан Алматыға қарай әнсапардан қайтып келе жатқан жас әнші Нәби Аймұратов жол апатынан қайтыс болды.
Ұзынқұлақтың айтуынша, қайғылы оқиға жүргізушінің рульге ие бола алмау салдарынан орын алған. Сол сәтте Нәбимен бірге жүрген Еркін Нұржанов аударылған «Мерседес Бенц» көлігінің артқы салонында ұйықтап жатыпты. Нәби алдыңғы орында отырған екен. Ал руль Еркіннің бөлесінің басқаруында болған көрінеді. Оқыстан келген ажалдан бала күнінен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, Францияны әнімен әлдилеп қайтқан Сыр өңірінің тумасы небәрі 23-ке қараған жасында жарық дүниемен қош айтысты. Бес қабырғасы сынған Еркін мен оның бөлесі Шиелі аудандық ауруханасының жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, жас әнші Нәби Аймұратовтың танылуына бірден-бір көмегін тигізген өнердегі ағасы Ұлықпан Жолдасов болатын. Нәби қайтыс болған күні Бішкекте жүрген әнші бірден Қызылордаға тартады. Алайда кім ажалға араша тұра алсын?! «Ақыл-кеңесімді айтып, сәл ғана демеп жүрген інішегім еді. Әлі де не болғанын ұғып, біле алар емеспін» дейді ол.
Айта кетерлігі, «Гүлімсің» әнімен танымал болған Нәби өткен жылы қазан айында отау тігіп, шаңырақ көтерген еді. Қызылорданың қақ ортасындағы «Арбат» мейрамханасында өткен үйлену тойына ағайын-туысқандарымен қатар, өнердегі достары мен аға-апайлары Ұлықпан Жолдасов және «Каспий» тобы, Кенжебек Жанәбілов, «Жігіттер» тобы, Ақбота Керімбекова, Еркін Нұржанов, Талғат Жорабаевтар қатысып, екі жасқа бақыт тілеген. Кеше түсте олар алтындай жарқыраған аяулы әріптестерін жер қойнына тапсырды. Суыт хабар жетісімен, Нәбимен қоян-қолтық араласқан әншілер тайлы-таяғымен Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылына жиналып, аяулы достарын ақтық сапарға шығарып салды. Кеше ғана күліп-ойнап, құлын-тайдай шапқылап жүрген арыстай азаматтың қазасы талайдың жан-дүниесін алай-дүлей күйге түсіріп, жүректерін егілдіріп кетті.
– Омыраудан үзілді түйме ғұмыр,
Домалап кете барды, өмір құрғыр.
Қайда апарып соғады, білмейміз-ау,
Көрінбейді айнала... жол бұлыңғыр...
Бұл – белгілі композитор Естай Әлікеевтің Нәби қазасын естігенде шығарған өлең жолдары... Тіршілігінде тірі жанға қиянат жасамай, ақжарқын, бала көңілімен өмірден өткен арда ұлға әлі талай естеліктер айтылып, оның жарқын бейнесінің жұрт жадында мәңгі ұмытылмайтыны сөзсіз. «Орнында бар оңалар» дегендей, Нәбидің артында сегіз жыл достасып, өзі құлай сүйген жары Жазира мен әлі өмірге келе қоймаған құрсақтағы нәрестесі қалды. Өкініштісі, «Жазираны өмір бойы мәпелеп өтемін» деп ел алдында уәде берген күйеу жігіт былтыр шығармашылық жұмыстарына байланысты қолы тимегендіктен, бал айын биылға жоспарлап жүріпті.
Жасындай жарқ етіп, ән әлемінен ағып түскен сахна жұлдызы көзі тірісінде «Гүлімсің», «Асқақ арман», «Ең алғашқы махаббат», «Маралым» әндеріне және Ақбота Керімбековамен бірге орындаған дуэтке клип түсіріп, жеке альбомын шығарып үлгерді...
Айқын