Қазақша ән-жинақ

22.06.2009 - Омыраудан үзілді түйме ғұмыр...

title Дүйсенбі күні таңғы жеті жарым шама­сында Қызылорда облысының Шиелі ауданы­нан Алматыға қарай әнсапардан қайтып келе жатқан жас әнші Нәби Аймұратов жол апаты­нан қайтыс болды.

Ұзынқұлақтың айтуынша, қайғылы оқи­ға жүргізушінің рульге ие бола алмау салдары­нан орын алған. Сол сәтте Нәбимен бірге жүрген Еркін Нұржанов аударылған «Мерсе­дес Бенц» көлігінің артқы салонында ұйықтап жатыпты. Нәби алдыңғы орында отырған екен. Ал руль Еркіннің бөлесінің басқаруында болған көрінеді. Оқыстан келген ажалдан бала күнінен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, Францияны әнімен әлдилеп қайтқан Сыр өңірінің тума­сы небәрі 23-ке қараған жасында жарық дүниемен қош айтысты. Бес қабырғасы сынған Еркін мен оның бөлесі Шиелі аудан­дық аурухана­сы­ның жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, жас әнші Нәби Аймұратовтың танылуына бірден-бір көме­гін тигізген өнердегі ағасы Ұлықпан Жолда­сов болатын. Нәби қайтыс болған күні Біш­кекте жүрген әнші бірден Қызылордаға тар­тады. Алайда кім ажалға араша тұра ал­сын?! «Ақыл-кеңесімді айтып, сәл ғана демеп жүр­ген ініше­гім еді. Әлі де не болғанын ұғып, біле алар емеспін» дейді ол.

Айта кетерлігі, «Гүлімсің» әнімен таны­мал болған Нәби өткен жылы қазан айында отау тігіп, шаңырақ көтерген еді. Қызыл­ор­даның қақ ортасындағы «Арбат» мейрамха­на­­сында өткен үйлену тойына ағайын-туысқандарымен қатар, өнердегі достары мен аға-апайлары Ұлықпан Жолдасов және «Каспий» тобы, Кенжебек Жанәбілов, «Жігіттер» тобы, Ақ­бота Керімбекова, Еркін Нұржанов, Талғат Жорабаевтар қатысып, екі жасқа бақыт тіле­ген. Кеше түсте олар алтындай жарқыра­ған аяулы әріптестерін жер қойнына тапсырды. Суыт хабар жеті­сі­мен, Нәбимен қоян-қолтық араласқан әнші­лер тайлы-таяғымен Жалағаш ауданы­на қа­расты Жаңаталап ауылына жина­лып, аяулы достарын ақтық сапарға шыға­рып салды. Кеше ғана күліп-ойнап, құлын-тайдай шапқылап жүрген арыс­тай азамат­тың қазасы талайдың жан-дүниесін алай-дүлей күйге түсіріп, жүректерін егілдіріп кетті.

– Омыраудан үзілді түйме ғұмыр,
Домалап кете барды, өмір құрғыр.
Қайда апарып соғады, білмейміз-ау,
Көрінбейді айнала... жол бұлыңғыр...

Бұл – белгілі композитор Естай Әлікеев­тің Нәби қазасын естігенде шығарған өлең жол­дары... Тіршілігінде тірі жанға қиянат жасамай, ақжарқын, бала көңілімен өмірден өткен арда ұлға әлі талай естеліктер айтылып, оның жар­қын бейнесінің жұрт жадында мәңгі ұмытыл­майтыны сөзсіз. «Орнында бар оңалар» де­гендей, Нәбидің артында сегіз жыл достасып, өзі құлай сүйген жары Жазира мен әлі өмірге келе қоймаған құр­сақ­тағы нәрестесі қалды. Өкініштісі, «Жа­зираны өмір бойы мәпелеп өтемін» деп ел алдында уәде берген күйеу жігіт былтыр шығар­машылық жұмыстарына байланысты қолы тимегендіктен, бал айын биылға жоспарлап жүріпті.

Жасындай жарқ етіп, ән әлемінен ағып түскен сахна жұлдызы көзі тірісінде «Гүлім­сің», «Ас­қақ арман», «Ең алғашқы махаб­бат», «Маралым» әндеріне және Ақбота Керімбе­ковамен бірге орындаған дуэтке клип түсі­ріп, жеке альбомын шығарып үлгерді...

Айқын
Сайтта жарияланған: http://juldyz.kz
Тікелей сілтеме: http://juldyz.kz/index.php?name=news&op=view&id=41