Біздің билік өзінікі жөн екенін түсіндіруге, дәлелдеуге сөз таппаған кезде таяқтың күшіне жүгінеді, деп пайымдайды саясаттанушы Досым Сәтпаев, деп хабарлады zakon.kz

– «Қазақстанның түрлі қалаларында өткен кешегі митингтерде биліктің халыққа күш көрсетуі – бұл биліктің әлсіздігін көрсетеді. Билік өзінікі жөн екенін түсіндіруге сөз таппағанда, өзіне өзі сенімсіз болғанда бас көтерген халықты дубинкамен төмпештейді. Халықпен адамша сөйлесуді үйренетін уақыт жетті. Халықтың алдына полицейлер мен прокурор-бастықтар емес, қала мен облыс әкімдері шығуы керек.

Айтпақшы, КСРО құлауына аз қалғанда чехословакиялық «Азаматтық форумда» мынадай бір үндеу пайда болған. Меніңше, ол үндеу Қазақстан және басқа да посткеңестік елдер үшін әлі де маңызын жоғалтпаған. «Бізге не керек?» деген сұраққа жауап ретінде жазылған ол үндеу мынадай еді:

«Біздің еліміз өте терең моральді, рухани, экологиялық, әлеуметтік, экономикалық және саяси дағдарысқа түсті. Бұл дағдарыс қазіргі саяси және экономикалық жүйенің тиімсіздігін көрсетеді… Республика тәуелсіз және демократиялық мемлекет болуы керек.

Осыған орай жаңа конституция әзірленуі тиіс, ал бар құқықтық жүйені біртіндеп жаңа конституциямен үйлестіріп, заңның тек қарапайым азаматтарға ғана емес, мемлекеттік билікке де теңдей жүретініне кепілдік берілуі керек», – деп жазады саясаттанушы.

Пікір қосу