– Әбдуәли аға, өзіңіз дүниеге келген өлке жөнінде айтып берсеңіз.
– Туған жерім Алматы облысы, Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауданы. Қаракемер ауылының қалың тал өскен бұлағының бойында, 1924 жылы анам мені дүниеге әкеліпті. Отбасымызбен бір жерде ұзақ тұрақтап тұра алмадық. Әкемнің қызметіне байланысты біраз ауданды араладық. Ұйғыр, Шелек, Еңбекшіқазақ аудандарында да, Алматыда да оқыдым. 1936 жылға дейін киіз үйде тұрдық. Әлі есімде, Есік өзенінің жоғары жағындағы жазық жерде біздің киіз үй тігулі тұратын. Өмірімнің ең бақытты шағы Есік қаласында өтті.
– Ата-анаңыз қандай жандар еді?
– Әкем Қайдар қақ-соқпен ісі жоқ момын адам болатын. Бар өмірі бала-шағасын асырап-бағумен өтті. Анам Жанбала соғыс жылдарында да, одан кейінгі уақытта да ұжымшарда қызмет етті. Анамның бір ерлігін айтып берейін. Мен соғысқа қатысқан адаммын. Біз Польша мен Германияның ортасындағы Штеттин деген қалаға жеткенде соғыс аяқталды. 9 мамырдан соң 9 күннен кейін ауылға қайттық. Өзіміздің тоқал тамға келсем, белгісіз біреулер жүр екен. Анама: «Мыналар танымайтын адамдар ғой. Бұлар кімдер?» – десем, – «Бұл адамдар – осында қоныс аударылған шешендер мен ингуштер. Радиодан жер аударылғандарды ауылдық кеңсеге әкелгенін естіп барып едім. Бір киіздің астында екі баласымен жастау екі адам бүрісіп жатыр екен. Жаным ашып, үйге әкелдім», – деп жауап берді. Сол отбасының кішкентайлары қазақша білім алып, Қарағандыдағы әскери мектепте оқыды. 1958 жылы жер аударылғандар өз елді мекендеріне қайтқанда олар да Шешенстанға кетті. Кейін мен іссапармен сонда барғанда жергілікті жұрттан «Ахмет Галогаев деген бар ма?» деп сұрастырып көріп едім, «Ойбай-ау қазір министрдің орынбасары» деген жауап естідім. Тауып алып, хабарластым. Мен отырған қонақүйге өзі іздеп келді.
Біз бір түтіннен соғысқа төрт адам аттандық. Әкеміз 1941 жылы соғыс бастала салысымен майданға кетті. 3 шілде күні радиодан сөйлеген Сталиннің сөзінен кейін кеше ғана көшеде асық ойнап жүрген біз бірден ересек болып шыға келдік. Әкемізбен қатар, Майлыбай, Сексен деген інілері де аттанды. Төртінші болып мен кеттім. 1941 жылы жазғы демалыс аяқталып мектепке барсам, сабақ беретін ер мұғалімдер жоқ. Барлығы соғысқа кетіп, тек әйел мұғалімдер қалыпты. Өзім қатарлас бір топ бала жиналдық та, Есік қаласынан шығатын «Үлгілі колхоз» деген газетке «Жасымыз кіші болса да, мылтық көтеруге шамамыз жетеді» деп арыз жазып, өз еркімізбен соғысқа сұрандық. Жастығымызды ескеріп, бізді бір жылдан кейін, яғни 1942 жылы мамырдың 3-і күні жаяу Есіктен Алматыға алып келді.
– Отбасында неше бала өстіңіздер?
– Анам –тоғыз құрсақ көтерген адам. Жасы 95-ке келіп, Алматыда менің қолымда қайтыс болды. Тұңғышы менмін. Әкеміз аңсап күткен сегізінші перзент қыз бала болыпты. Есімі – Роза. Қазір осында тұрады. Балалы-шағалы. Химия ғылымының кандидаты. Екеуміздің арамыздағы Молдағали, Мұхамәди, Болатқали деген інілерім ерте қайтыс болып кетті.
– Ал оқушы кезіңіз қалай өтіп еді?
– Бала болғаннан кейін өзімізше дос және қас болып екі топқа бөлінетінбіз. Бірде бір орыс бала мені ұрып кетті. Үйге келіп жылап отыр едім, әкем жаныма келіп: «Балам, неге жылап отырсың?», – деді. «Орыстың баласы ұрып кетті», – деп едім, – «Есіңде болсын! Шамаң келмесе, тиіспе. Шамаң келмей таяқ жеп алсаң, үйге жылап келме», – деді. Сол сөздері әлі күнге дейін жадымда. Мен Тұманбай Молдағалиевпен бір мектепте оқығанмын. Бір күні мені мерейтойына қонаққа шақырды. Мерейтой үстінде оқушы кезімде сабақ берген Янка деген неміс апайымды кездестірдім. Небары он сегіз жасар қыз болатын. Мектепке үш шақырым қашықтықтағы колхоздан келіп, оқитынмын. Жан-жақтан келіп оқитын әртүрлі балалармен араласатынмын. Өзімнен ересектеу бір жігіт бізге арақ ішуді, темекі тартуды үйреткісі келетін. Сондықтан көзіне түскіміз келмей, қашып жүретінбіз. Бір жағынан орыстың балалары ұйымдасып, колхоздан келе жатқан жолдағы көпірдің астынан шыға келіп, бізге тиісетін. Мектепке бірге келіп, бірге қайтатын Қали деген досым бар еді. Бір күні әдеттегіше екеуміз бірге келе жатқанымызда ол: «Бүгін тағы да орыстың балалары алдымыздан шығады. Сондықтан оларға қарсы қайрат көрсетейік. Мына сайда жыланның ордасы бар. Сол жерден бір-бір жылан ұстап алайық. Тісін қағып тастасаң, шақпайды», – деді. Сайға барсақ, расымен де жылан көп екен. Бір-бірден ұстап алып, тісін қағып, қалтамызға салып алдық. Көпірге жақындағанымызда төрт-бес бала шыға келді де, тиісе бастады. Біз де қарап қалған жоқпыз. Қолымыздағы жыланмен оларды қуып жүріп сабадық. Сабаздарыңа жан керек екен, енді бізге тиместей болып қашып кетті. Бір жыланымыз өліп қалды да, екінші жылан тірі күйінде менің қалтамда қалды. Мектепке келдік. Бірінші сабақ – неміс тілі пәнінен жаңағы Янка апайымыз беретін. Досым екеуміз бірінші партада отырамыз. Сабақ басталып кеткен. Бір кезде апайым «Ой, мама!» деп шыңғырған күйінде сынып бөлмесінен сыртқа атып шықты. Сөйтсем, қалтамдағы жылан жатқан жерінен ақырын жорғалап шығып, мойын тұсыма жақындап қалыпты. Мен оны сезбеппін. Апайым болған жайды директордың орынбасарына барып айтыпты. Ол да жыланнан қорқады екен. Сынып бөлмесіне кірмей, есіктің аузынан «шығыңдар» деп айқай салды. Осылайша Янка апайымызды бір қорқытқан едік. Ұстазым «мені бір қорқытып едіңдер, бәрі де есімде» деп өткенді күліп есіне алды. Кішкентай кезімде жайлауда мені жылан шаққан екен. Молдалар шаққан жыланды ұстап алып, сонымен емдепті. Ересек балалардың жыланның ордасына итеріп жіберген кездері де болды. Одан да аман қалыппын. Негізі, мен сурет салуды, музыканы жақсы көретін адаммын. Мандолинде ойнайтыным бар. Ұжымшардан келе жатқанда алыстағы баған басындағы радиодан скрипканың үні естілетін. Музыкалық шығарманы аяғына дейін тыңдамай мектепке бармайтынмын. Соның салдарынан сабаққа талай кешіккенмін. Жоғарыда отбасымызбен көшіп-қонып жүретінімізді айттым. 1- сыныпты – татар, 2-сыныпты – ұйғыр , 3 — сыныпты қазақ мектебінде оқыдым. Бұл тіл үйренуіме көмектесті. Орыс, татар, ұйғыр тілдерін жетік меңгердім. 9-сыныпты бітірген жылы соғыс басталды да, 10-сыныпқа бармай, соғысқа аттанып кеттім. Соғыстың алдында Ташкентте үш ай әскери курста оқуда рациямен жұмыс жасауды үйрендім. 1942 жылы қыркүйек айында бізді Мәскеу қаласына алып барды. Ол жақта бірнеше күн түнедік. Соғысқа бірге аттанған жиен ағайым бар еді. Екеуміз «Не болса да бірге болайық» деп қол ұстасып сапта тұрғанымызда, командирлер оны Кавказға, мені Калинин майданына бөлді. Бізді бір жарым жыл уақыт бойы Великие Луки қаласын жан-жағынан қоршауға алған жау әскерімен шайқасуға аттандырды. 1942 жылы желтоқсан айында бір шабуылда қолыма оқ тиіп, командир медпунктке жіберді. Барсам, жаралы жауынгерлер көп болғандықтан орын жоқ екен. Жанымда бір жауынгер бар еді. Дәрігерлер екеумізге: «Өздерің жүре алады екенсіңдер. Қаланы аралап, жататын үй тауып алыңдар», – деді. Сонымен бір әжейдің үйін тауып алдық. Жаралы қолымды әлсін-әлсін тазалап, таза дәкемен байлап тұру керек. Бізде ондай жағдай болған жоқ. Жылы үйде жата бердік. Бір аптадан соң қолымның жыбырлай бастағанын сездім. Әжейден «Қолым неге жыбырлайды?» – деп сұрап едім, – «Наверное, там что-то творится», – деді. Содан госпитальға бардық. Дәрігерлер шинелімнің жеңін қайшымен қиған кезде жерге тырс-тырс етіп аппақ құрттар түсе бастады. Сөйтсем, қолым құрттап кетіпті. Ем қабылдағаннан кейін сол түні тырп етпей ұйықтадым. Госпитальда екі ай жатып, жазылып шыққаннан кейін мені майдан даласына жібермей, «9 сыныпты бітірсең, әжептәуір білімің бар екен» деп, Джанов атындағы әскери-инженерлік училищеге оқуға қалдырды. Алты ай оқып, әскери техниканың тілін үйреніп, кіші лейтенант атанып шықтым. Бір аптадан соң ұшаққа отырғызып, қайтадан майданға жіберді. Алдыңғы шепте жүріп шайқасып, взвод командирі болдым. Штеттин қаласына жеткенде жеңіс те келіп жетті. Немістердің өздері «Гитлер капут!» деп айғай салып, ұзақ күттірген жеңісті бізбен бірге қарсы алған еді.
– Соғыстан кейінгі өміріңіз қалай өрбіді?
– Соғыстан кейін бір жылдай Есік қаласындағы әскери комиссариатта жұмыс істедім. Ел қатарлы білім алу үшін үстімдегі әскери киімдеріммен мектепке барып, бітірмей кеткен 10 сыныбымды өзімнен кіші балалармен оқып шықтым. Оқуды аяқтаған соң, Алматыға келдім. Физик те, математик те болғым келді. Сурет училищесіне де құмарлығым ауды. Ақырында КазГу-дың тарих-филология факультетіне оқуға түстім. 1951 жылы Қаныш Сәтбаев өзі ашқан академияға аспиранттарды қабылдай бастады. Ұйғыр тілінің маманы ретінде аспирантураға оқуға түстім. Бірақ 25 жылдан кейін қазақ тілі бөліміне ауыстым. Ұйғыр тілінде де, қазақ тілінде де жазған еңбектерім бар. Сондықтан болар, көпшілік мені түркология ғылымының маманы деп есептейді. Монографиялық еңбек те жаздым. Оқулықтарым жоғары оқу орындарында оқытылады. Мектеп оқушыларына арналған оқулықтарым, сөздіктерім бар. Аспирантураға түскеннен кейін маған Малов деген кісіні жетекші етіп тағайындады. Ол кісі кітап жазып жатқандықтан уақыты болмай, өзінің досы – Константин Ирдахин деген түрколог ғалымға жіберді. Кандидаттық, докторлық диссертациямды Бакуда қорғадым. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында бөлім бастығы қызметінен көтеріліп, 14 жыл директордың орынбасары, 18 жыл директор болдым. Ғылыммен айналысқан жылдарымның жемісі – осы уақытқа дейін 54 кітап жазыппын, 80 кандидант дайындаппын, оның 15-і доктор. Сексен шәкіртті дайындау дегеніңіз – сексен баланың әкесі атанғандай сезім.
– Сізді ғылымға жетелеген, бағыт берген ұстаздарыңыз кімдер?
– Менің ұлағатты ұстаздарым Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ғайнетдин Мұсабаевтар еді. Үшеуі де бұл күнде о дүниелік болып кетті.
– Қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына сіздің тигізген ықпалыңыз мол болған деседі…
– Мемлекеттік тіл деген әншейін атақ емес. Мемлекеттік тіл – заңдық құқық беретін категория. Ол мемлекеттің қорғауындағы тіл болуы керек. Оны өзгертуге, басқа тілмен ауыстыруға болмайды. «Мемлекеттік тіл орыс тілі болсын, ол – достықтың зертханасы» дегендер де болды. Ортақ тіл, екінші тіл деген болмайды. Г.Колбин мырза «Екінші тіл» дегенді айтып еді, қазақ интеллигенциясы екіге бөлінді. Сол кездері мен Колбиннің алдында бірнеше рет сөз сөйлеп, бізге мемлекеттік тілдің қажеттігін айтып, дәлелдеп шыққан болатынмын. Өзіміздің қазақтардың арасында «Екі тілді қатар алып жүре берейік» дегендер де болды. Марқұм Қалтай Мұхамеджанов ол уақытта жиырма алты адамнан тұратын комиссияның мүшесі еді. Мемлекеттік тіл айтысын талай көрді. Неге екенін білмеймін, Ісмет Кеңесбаев «Екінші тіл» мәселесін қолдады. Сол кезде тілі ащы Қалтай Мұхамеджанов: «Мен бір анекдот айтайын. Баяғыда бір бай бір түйесін жоғалтып, «Түйемді базарға сатамын дейтіндер болса, мен сол түйені алып кеткен адамның өзіне бір сомға сатамын» деген екен. Бірнеше күннен кейін түйесін базардан көріп, «Ойбай, мынау менің түйем ғой!» деп жабыса кетіпті. «Қанша тұрады?» десе, сатушы «Бір мың бір сом» дейтін көрінеді. Ол түйені әкелген адамның «Бай бір сомға сатамын, деп еді. Сол уәдесінде тұрсын» деген оймен айтқаны ғой. Сонда бай «Түйенің құны – бір сом, бірақ түйенің мойнындағы мысықты көрдің бе? Сол мысық екеуі бір күнде туған. Сондықтан мысықпен қоса сатамын. Екеуін бөлуге болмайды. Мысық – мың сом, ал түйе – бір сом» деген екен. Сол сияқты орыс тілі – мың сом, қазақ тілі – бір сом болып тұр ғой», – деп Кеңесбаевты сынапты. Кейін Кеңесбаев «Красная звезда» деген газетке «Біз орыс тілінсіз ешқайда бара алмаймыз» деп мақала да жазды. Ал мен жиындарда: «Кеңесбаев ол сөзді саяси астармен айтқан шығар. Негізі, ол кісі қазақ тіліне қарсы жан емес еді», – деп айтып жүрдім.
– Жоғарыда музыканы жақсы көретініңізді айттыңыз. Ән айтатын өнеріңіз бар ма?
– Ән айта алмаймын, бірақ жүрегіммен тыңдаймын. Саз аспаптарында ойнаймын. Көркем сурет училищесінде де оқығанмын. Кішкентайымнан суретке жақын болдым.
– Жарыңызбен қалай таныстыңыз?
– Университетті бітіріп, аспирантурада оқып жүргенмін. Бірде бір жолдасымның үйіне барғанымда, болашақ жарым да сол үйге қонақ болып келіпті. Таныстық, білістік. Сөзіміз жарасып, 1961 жылы шаңырақ көтердік. Үш қызымыз бар. Тұңғышымыз Жанна Америкада тұрады. Екінші қызымыз Әсел – тарих институтының қызметкері. Кенжеміз Баян бизнеспен айналысады. Аллаға шүкір, немерелерім, Едіге деген шөберем бар. Кемпірім Шекер – медицина ғылымының кандидаты. Одан бұрынғы жұбайым ұйғырдың қызы болатын. Ерте қайтыс болып кетті.
– Қазақ ұлтының перзенті ретінде сізді қандай мәселелер толғандырады?
– Біздің заманымызда ғалым болу қиын еді. Қазір кейбіреулер академияға лаборант болып жұмысқа тұрады да, екі жылдан кейін ғалым болып шыға келеді. Қазірде жұртқа «академикпін» деп айтсаң, тосырқай қарайды. Бұрын академик деген лауазымды қызметпен тең еді. Академик болу үшін ғылымға еңбектері сіңген академиктердің дауысына ие болу керек-тұғын. Өзім сегіз академиктің даусын алып, мойындатқанмын. Мен – Башқұртстан академиясының да мүшесімін. Ал қазіргілердің ғалым болуы да, академик болуы да тез. Бір кездердегі беделді қызметтің құнының төмендеп кеткені жанымды ауыртады.
– Қандай арманыңыз бар?
– Алла амандық берсе, жастарға үлгі-өнеге ретінде өмірден көрген-түйгенімді кітап бетіне түсіріп кеткім келеді.
Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН, «Жұлдыздар отбасы» журналы,
№12, 2009 жыл