Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Қазақстан үкіметі арнайы қаулы шығарып, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігіне «төтенше жағдай кезінде» интернетті бұғаттау құқығын берді, сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?
Бұл қабылданған қаулы шикі дайындалған, бұлыңғыр дүние. Пайдасынан зияны әлдеқайда көп. Қабылданған қаулыда «төтенше жағдай кезінде интернетті бұғаттауға құқылымыз» дейді. Алайда мұнда нақты төтенше жағдайдың сипаттамасы, қандай төтенше жағдай кезінде интернет, әлеуметтік желілердің бұғатталатыны нақтыланбаған. Ал нақтылық жоқ жерде, өзінше түсінуге, өзінше пайдалануға, әлімжіттікке жол ашылады. Тіпті, осы қаулы туралы репортаждарды көрген болсаңыздар, қаулының мақсатын, төтенше жағдайдың не екенін дұрыстап түсіндіріп, ешкім тұшымды жауап бере алмады. Барлығы бір-біріне сілтей салды. Осыдан-ақ бұл қаулының сапасын байқауға болады. Естеріңізде болса, осыған дейін интернетті бұғаттады. Тіпті Европадағы бір адам жазба жариялағаны немесе сұхбат бергені үшін 18 миллион халқы бар Қазақстанда бүкіл жерде интернет желісін бұғаттаған жағдайды көрдік. Ал, енді бүгінде осы әрекетті заңдастырып отыр. Бұл дұрыс емес.
Қаулыда «техногендік- төтенше жағдай, апат кездерінде ғаламтор шектеліп, байланыс үзіледі» делінген. Олардың көлденең тартып отырған сылтауы да осы. Меніңше, керісінше осындай төтенше жағдай кезінде интернеттің жылдам жұмыс атқарып, адамдардың тез ақпараттанғаны дұрыс.
Бұған дейін әлеуметтік желілерді тежеп, ғаламторды жауып тастауға жекелеген мемлекеттер тырысып көрген еді. Олардың қатарында Реджеп Тайып Ердоғанның бұйрығымен Туркия елі және Араб мемлекеттері жүзеге асыруға тырысып бақты. Бірақ одан нәтиже шыққан жоқ.Тек бүкіл әлемнің алдында күлкіге қалды. Қазіргі таңда технологияларды мүлдем жауып тастау мүмкін емес. Оны тежеп, жапқанның өзінде, оның басқа да балама түрлері пайда болатыны анық. Сондықтан бұл қаулы бос әлек секілді.
Сіздің ойыңызша интернетті бұғаттаудың «төтенше жағдайдан» басқа саяси астары жоқ па?
Меніңше, биліктегілер осы қаулы арқылы төтенше жағдайларды сылтау ете отырып, сөз бостандығын өз алақанында ұстағысы келеді. Қазір біздегі баспасөздердің басым көпшілігі биліктің құзыреттілігінде. Ал, қарамайтын, жалғыз ақпарат таратушы көз ─ ғаламтор. Міне, оның өзін бұғаттап, шектеуге ыңғайластырып отыр. Былтырдан бері блогерлерді қудалау, ақпаратпен бөліскендігі үшін соттау, жауапқа тарту көбейді. Осының барлығы өз құзыреттілігінде ұстаудың бір көрінісі.
Билік егер «төтенше жағдайды» желеу етіп, интернетті бұғаттай беретін болса, ел ішінде көптеген наразылық туындайды. Себебі Қазақстан азаматтары интернетті, әлеуметтік желіні жиі пайдаланады. Бүгінгі жастардың өмірі, оқуы, көңіл көтеруі, жеке кәсібі осы әлеуметтік желімен тікелей байланысты. Интернет арқылы кәсібін жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге бұл бұғаттау қаншама ыңғайсыздық тудырады, қаншама шығын алып келеді. Тіпті, осындай жағдайлардың кесірінен көптеген адамдар банкроттыққа ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан бұл бір өкініш туғызатын жағдай.
(ЕСКЕРТУ: Материалды көшіріп басуға тыйым салынады)
(«Жұлдыздар отбасы» журналы )