Светқали Нұржан, ақын:
Біз ешқандай саяси-әлеуметтік мәселеден тыс қалмаймыз. Ал мені ең қатты толғандырған мәселе – кешегі комсомолдың 100 жылдығының тойлануы. Комсомол тойының тойлануы маған тым ауыр тиді. Ал сол комсомол тойының басы-қасында халық қалаулысы саналатын депутатардың жүруі маған тәуелсіз елдің арына басылған таңба болып көрінді. Тіпті бұл тойды Астанада, өзгеде облыстарда тойлаймыз деп даурықтық. Бізден өзге бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған бірде-бір ел мұндай масқаралық жасаған жоқ. Тіпті Қазақстанан Мәскеуге комсомол тойын тойлауға бір қауым ел барған. Бұл сонда ұлттық рух дегеннен жұрдай, біздің тәуелсіз елімізге қызмет етпеген адамдар үлкен билікте отыр деген сөз. Бұл – менің ұйқымды бұзған ең ауыр мәселенің бірі. Екінші, Қытайда қор болып жатқан қазақтың ұрпағы мені күні-түні ұйықтатпайды. Осыған араша түсетін мемлекетіміздің жоқтығы менің жаныма тыныштық бермейді. Біз неге осы мәселеге үнсіз қарап отырмыз. Тіпті «бұтаны паналаған торғайдың да жаны қалады» – деуші еді. Біз неге шырылдаған қандастарымызға қорған бола алмай отырмыз?! Кейде мені 27 жылда бар жеткен жетістігіміз осы ма деген ой мазалайды.