Астанада «Нұр Отан» партиясы съезі басталған күні Қазақстанның түрлі қалаларында азаматтар мен белсенділер полицияға шақырту алып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Алматыда полиция билік партиясы кеңсесі алдына талап айтып келген азаматтарды ұстады. Бұл туралы Азаттық хабарлады.

Азаттық тілшілерінің оқиға орнынан хабарлауынша, азаматтардың көбі биліктің ауысуын талап еткен. Кейбірі әлеуметтік жағдайының қиындығын айтып, биліктен көмек сұраған. Билік партиясы кеңсесінен шыққан адам өзін «жергілікті партия ұйымының жетекшісімін» деп таныстырып, талаптарын ғимаратқа кіріп айтуды ұсынды. Кеңсеге кіруден бас тартқан азаматтардың кейбірі «Назарбаев кетсін!» деп айғайлады.

Көп кешікпей полиция қызметкерлері мен беттерін жауып алған арнайы жасақ өкілдері кеңсе алдында тұрған азаматтарды ұстай бастады.

Тіпті олар ұстаған адамның біреуі тұншығуға аз қалған.

Орган өкілдері ұстаған тұрғындардың бірі тұншығуға аз қалды. Алматы, 27 ақпан 2019 жыл.

Арнайы жасақ сарбаздары «Нұр Отан» кеңсесі алдында тұрған жастарды, тұрғындарды ұстаған. Полиция кейбір азаматтарды көлікке күшпен жеткізді. «Азаматтарды не үшін ұстап жатсыздар?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына полиция өкілдері жауап бермеген.

Пікір қосу