– Рахат, мәнерлеп сырғанаумен қанша жасыңнан айналысып келесің? Бұл спортқа қызығушылық қалай басталды?
– Мен үш жасымда ролик теуіп үйрендім. Әдетте мұндай дүниені бала алғаш тепкенде қорқып, кейбірі тіпті құлап қалып жатады ғой. Ал менде ондай қорқыныш болған жоқ. Керісінше, роликті бұрыннан теуіп жүрген адамдай, емін-еркін зырылдай жөнелдім. Сол жылы қыста отбасымызбен Астанадағы ЦУМ ғимаратының алдындағы мұз айдынына бардық. Конькиді алғаш рет сол кезде тептім. Шыны керек, бір қызығы ол кезде де менде ешқандай қорқыныш болмады. Конькиді бұрыннан теуіп жүрген балалардай бірден теуіп кеттім. Мұныма ата-анам таңғалды. Содан кейін-ақ біз мұз айдынына жиі баратын болдық.
– Ал мәнерлеп сырғанаумен кәсіби түрде қай кезден бастап айналыстың?
– Бірде анамның құрбысы Қарлығаш анама: «Балаңды мәнерлеп сырғанау секциясына берсеңші» – деп кеңес айтыпты. Менің коньки тебуге деген қызығушылығымды анамнан естісе керек. Сөйтіп, 2009 жылы ақпан айының соңында анам екеуміз ICE Club мәнерлеп сырғанау клубына бардық. Бұл клубтың жетекшісі әрі жаттықтырушысы Александра Белоусова екен. Ол кісі осы клубта шәкірттер тәрбиелеп, өзінің ұстаздық еңбегін енді бастап жатқан сәт екен. Сөйтіп, алғашқы жаттықтырушыммен жұмыс басталды да кетті. Алғашқы күннен-ақ маған мұндағы жаттығу жұмыстары өте ұнады. Жаттықтырушым екеуміз бір-бірімізге тез-ақ үйренісіп кеттік.
– Алғаш қандай жарысқа қатыстың?
– 2009 жылдың қараша айында Павлодарда өткен турнирге қатысып, 1-орын алдым. Бұл менің алғашқы жарысым және алғашқы жеңісім еді. Сондықтан болар сол кездегі толқынысым, қуанышым әлі күнге есімнен кетпейді. Одан кейін де республика көлемінде өткен көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Биылғы жылдың өзінде мен көптеген халықаралық турнирлерге қатыстым.
– Мысалы, биыл мақтанышпен айтатындай қандай жарыстарға қатыстың?
– 2018 жылы ақпан айында Ақтөбеде өткен кубокта 1-орын алдым. Мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері деген атақты да осы кезде иелендім. Одан кейін Канадада, Арменяда, Белоруссияда, Польшада жастар арасында өткен халықаралық турнирлерге қатысып, 5, 6, 9, 10 орындарға іліктім. Халықаралық турнирлерде алғашқы ондыққа ілігу де үлкен жетістік.
– Алғашқыда сабақпен бірге спортты қатар алып жүру қиын болмады ма? Сабағыңа қалай үлгересің?
– Мен Астанадағы №60 мектепте оқып жүргенімде сабаққа үлгеріп жүрдім. Алайда үнемі сабаққа кешігіп баратынмын. Өйткені жаттығу жұмыстары таңғы 7-де басталатын. Кейін мен №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне ауыстым. Ал 2014 жылы қаңтар айынан бастап Астанадағы Олимпиадалық резервтік оқу орталығына ауыстырылдым.
– Ал Мәскеуге қай кезде келдің? Жалпы, ол жаққа баруыңа не себеп болды?
– Мәскеуге мен 2012 жылы бардым. Ол жерге барғаннан кейін мен кәсіби түрде жаттыға бастадым. Өйткені бұл жақта бізге қарағанда жаттығу жұмыстары әлдеқайда күрделі өтеді екен. Ал мектепке бару тіптен қиын болды. Сондықтан бір уақыттарда тіпті қашықтықтан білім алуыма тура келді. Тіпті кейде басқа мектептің мұғалімдері бізге көмектесіп тұрды. Жаттығу жұмыстарынан кейін пәндерден емтихан тапсыру үшін сол мектепке қарай жүгіретінмін. Осы үшін бірнеше рет мектеп ауыстырған шығармын (жымиды).
– Мәнерлеп сырғанау – спорттың ең ауыр түрі. Кейде жаттығу барысында жарақат алып қалатын да сәттер болатын шығар? Ондай кезде спортпен біржола қоштасқың келуші ма еді?
– Этери Тутберидзе группасына ауысқан соң жаттығу жұмыстары тіптен күрделене түсті. Алғаш рет мен осы кезде қатты жарақат алдым. Жарақатымның ауыр болғаны сондай, бір жылға жаттығуымды тоқтатуыма тура келді. Бұл мен үшін өте көп уақыт еді. Жарақатқа ота жасап, аяққа құрылғы кигізгеннен кейін (ношение ортезов) жүрудің өзі маған сондай қиын болды… Осы жағдайдан кейін әке-шешем: «Мұның бәрі бізге не үшін керек еді?» – деп қатты уайымдады. Бірақ мен бұл қиындықтың барлығы уақытша екенін, болашақта барлығы жақсы болатынына іштей сендім. Қиындыққа мойымай, қайта тезірек жазылып, жаттығуға барғым келді. Сөйтіп, аяғым икемге келген соң мұз айдынына барып, сырғанауды ақырындап қайтадан үйрене бастадым. Бірақ бұл мен үшін морольдік тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да қиын еді. Өйткені тренер сенің қайтадан қалыпқа келгеніңді күткісі келмейді. Сондайда адам өзінің проблемасымен жалғыз өзі қалғандай күй кешеді екен. Ал әке-шешем бұл кезде керісінше маған сенім артып, алға сүйреді. Сөйтіп, менің қайтадан спортпен айналысуыма тағы бір мүмкіндік берді.
– Қазіргі жаттықтырушың өзіңе ұнай ма?
– Менің қазіргі жаттықтырушым – Евгения Плющенко. Ол – өте жақсы адам. Менің болашағыма сенеді. Және мені әрдайым қолдайды. Бұл мен үшін өте маңызды.
Пәтерімізді сатып Мәскеуге жаттығуға бардық
– Ал Мәскеу ше? Мәскеуде өмір сүру қиын емес пе?
– Мәскеу маған ұнайды. Бұл қала сенің жайбарақат жүруіңе жол бермейді. Керісінше өте қарбалас қала. Бұл қала мәнерлеп сырғанаудың «альмаматері» ғой (жымиды).
– Туған жеріңді сағынасың ба?
– Әрине, сағынамын. Өйткені ол жақта менің достарым, туыстарым тұрады. Жалпы, Мәскеуде тұрғаным болмаса, Қазақстанға жиі барып тұрамын. Алла қаласа, кейін де өз Отанымда өмір сүргім келеді.
– Мәскеуде жаттығу қомақты қаражатты талап етеді. Бұл мәселенің түйінін қалай шештіңдер?
– Алғашқыда менің шығындарымның барлығын әке-шешем көтеріп алды. Мәскеуге кетерде алдымен пәтерімізді саттық, одан кейін анам бизнесін сатты… Ал әкем Қазақстанда жұмыс істеуге ұзақ уақытқа қалды. Бірақ қазір әкем де жанымызға келді. 2018 жылы Канаданың Ванкувере қаласында өтетін жастар арасындағы халықаралық турнирге қатысарда Олимпиадаға дайындау орталығы (центр олимпийской поготовки) және Ұлттық олимпиада комитеті мені қабылдап, (национальный олимпиской комитет) біршама шығындарымды көтеретін болды. Бұл мен үшін өте маңызды.
– Енді бауырларың туралы айтып берші. Отбасында неше ағайындысыңдар?
– Үлкен ағамның есімі – Темірлан, 20 жаста. Ол РУДН-нің (Российский университет дружбы народов) экономика факультетінің студенті. Ал қарындасым Аружан 13 жаста, 7-сыныпта оқиды. Ал кіші қарындасым Аяулым 8-де, 2-сынып оқушысы. Ата-анам бизнеспен айналысады.
– Кумирің кім? Кімді үлгі тұтасың?
– Менің кумирім – Денис Тен. Ол мәнерлеп сырғанаудың нағыз хас шебері еді. Ол – мәнерлеп сырғанау спортында Қазақстанның туын көкке көтерген алғашқы спортшы. Қазақстанды дүниежүзіне танытқан талантты тұлға. Сондықтан мен оны үлгі тұтамын. Одан кейін өзімнің тренерім Е.Плющенконы үлгі тұтамын.
Денис Теннің өлімі туралы жаңалықты Болгарияда өткен халықаралық жарыста естідім. Маған бұл қайғылы хабарды тренерім Евгений Плющенко жеткізді. Шыны керек, Денис Тендей даңқты спортшының өмірден өткеніне әлі күнге сене алмаймын. Денис Тен спорттағы мансабын аяқтаған соң Қазақстанға оралып, жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Сол кезде мен де Қазақстанға келіп, Денис Тенге барамын деп армандайтынмын… Әттең… Денис Тен атындағы қор ашылып, өзі тұрған үйдің алдынан мемориалдық тақтайша орнатылған күні мен Ригада өткен халықаралық турнирде 1-орын алдым. Сол күні біздің еліміздің әнұраны шырқалды. Мен бұл жеңісімді Денис Тенге арнадым.
– Арманың туралы не айтасың?
– Болашақта елімнің намысын қорғайтын, өз еліне пайдасы тиетін үлкен спортшы болып қалыптасқым келеді. Және мәнерлеп сырғанаудан өз мектебімді ашып, болашақ спортшыларды тәрбиелесем деймін.
Сұхбаттасқан Сәуле АБЫЛАЙ