Құралай, «Брат или брак» фильмінің екінші бөлімі жақында көгілдір экранға жол тартады. Тұсаукесер жақындаған сайын, қобалжып жүрген боларсыз?

– Әрине, қатты қобалжып жүрмін. «Брат или брак» фильмінің бірінші бөлімін көрермен ықыласпен қабылдады. Осыдан кейін ел менен одан да сапалы, қызықты фильм күтіп отыр. Жұрттың сенімін ақтағымыз келеді. Сол үшін түсірілім командасы үлкен еңбек етті. Халықты күлдіру оңай емес. Егер осы фильм арқылы халыққа сәл де болса жақсы көңіл күй сыйлай алсақ, онда командамыздың қаншама ай бойы еткен еңбегі, төккен тері ақталғаны деп ойлаймын.

Фильмнің екінші бөлімін түсіруге не себеп болды?

– Әу баста, фильмнің екінші бөлімін түсіру ойда болмаған. Комедия жанрындағы банкті тонау туралы фильм түсіреміз деп дайындалып жүр едік. Бірақ көпшілік екінші бөлімді сұрады. Содан соң халықтың тілегін ескеріп, осы бөлімді шығаруға кірістік. Тез арада сценарий жазып, бастап кеттік.

– Екінші бөлім бірінші бөлімнен несімен ерекшеленбек? Бұл фильмнен не күтеміз?

– Бірінші бөлімде 20 локация, яғни түсірілім алаңы болса, екінші бөлімде 50 түсірілім алаңы болды. Бұрынғы актерлеріміз өзгерген жоқ, бірақ фильм жаңа актерлермен толықты. Бірінші бөлімге қарағанда екі есе көп жұмыс жасалды. Фильмді жаңа технологияларды пайдалана отырып түсірдік.

– Екінші бөлімде кейіпкеріңіз Гаухар жүкті болады. Сізге жүкті әйелдің рөлін сомдау қаншалықты қызық әрі қиын болды?

– Жүкті болу қиын екен (күлді). Әрине, жүкті әйелдің рөлін сомдау қиынға соқты. Кейіпкерді жақсы ойнау үшін көп іздендім, жүкті әйелдермен жолығып, білмейтінімді сұрадым. Түсірілім кезінде арнайы жасанды ішті кигізіп, қайта шешу ұзақ уақытты алады екен. Сондықтан кейде уақыттан ұту үшін, осы ішпен жүре беретін болдым. Бастапқыда ішім шығып, жүкті әйелдер секілді жүруге қатты ұялдым. Алайда көшеде, қоғамдық орындарда жүкті әйелдерді қатты құрметтейді екен. «Жүктілігімнің» арқасында шаруаларым тез шешіліп жатты. Айналада бәрі көмектескісі келіп тұрады. Тіпті осы фильмге қатысты келіссөздерді оңай шештім. Мені көпшілігі шынымен де жүкті деп ойлады. Инстаграмға түсірілім сәтінен сурет салған кезде парақшам жарылып кете жаздады. Тіпті кейбір таныстарым хабарласып «Жүкті екеніңді бізге неге айтпадың?» деп ренішін білдіріп жатты.Похожее изображение

– Түсірілім кезінде қандай қызықты сәттер болды?

– Бір жолы үш сағаттай бос уақытымыз болды. Содан «Бекер уақыт кетірмей қызықты ойын жасайық, менің көшеде толғағым келіп қалсын, жұрт қандай реакция білдірер екен?» деген ой келді. Сонымен көшенің ортасында «толғағым» келіп қалды. Сонда көшеден өтіп жатқан адамдардың бәрі көмектескісі келді. Тіпті дәл көшенің ортасында маған массаж жасап, сабырға шақырып жатқандар болды. Халықтың риясыз мейірімін, бейтаныс адам деп қарамай бар жұмысын тастап көмектескеніне риза болдық.

Фильмде футбол ойынын көрестетін сахна бар. Сол футболды екі-үш күн бойы жаздың ыстық күнінде түсірдік. Актерлердің барлығы таңнан кешке дейін күннің астында жүріп, қап-қара болып шыға келді. Бұл да актерлер үшін біраз қолайсыздық туғызды. 17 күн бойы футболдың түсірілімінде жүрген актерлер әбден шаршады. Аяқтарын ауыртып алғандары да болды. Осы фильм үшін футбол стадионын құрастырдық. Күніне 200 адам массовкаға қатысты. Жалпы бұл фильмге көп жұмыс істедік.

– Ең қомақты гонорарды кім алды?

– Басты кейіпкеріміз Даурен ең көп қаламақы алды. Ол түсірілім алаңында ең көп болған актер. Сондықтан алған қаржысы еңбегіне лайық.Похожее изображение

– «Брат или брак» фильмінің бірінші бөлімі Қазақстандағы ең табысты фильмге айналды. 300 мың доллар салып, 1,5 млн доллар табыс таптыңыз. Бірінші фильмнен-ақ табысқа жетудің сыры неде деп ойлайсыз?

– Мұның ешқандай сыры жоқ. Ең әуелі фильмнің идеясы жақсы болуы керек. Бұл сценарийге байланысты. Сценаристіміз әрі режиссеріміз Алишер Утевке ризамын. Жас болса да ең танымал фильмдердің сценарийін жазып жүр. Өз кәсібін жетік білетін мамандармен жұмыс істеп идеяны жүзеге асыра білдік. Фильмнің бірінші бөлімінен түскен қаражаттың барлығын екінші бөлімге аудардық. Көпшілік «бұл қаражатты қайда жұмсайсыз?» деп сұрап қызығушылық танытып жатыр екен. Мен бұл қаражатты сапалы фильм түсіруге арнадым.

– Өткен жылы Кан фестивалінен кейін сізге шетелдік режиссерлерден ұсыныс түсті деп естіген едік. Бұл ұсынысты қабыл алдыңыз ба?

– Иә, өте көп ұсыныстар түсті. Мәскеуден шақырғандар болды. Алайда түсірілім уақыты «Брат или брак» фильмінің түсірілімімен тұспа-тұс келді. Сондықтан өз командамды, өз жобамды таңдауға мәжбүр болдым. Оның үстіне продюсерлік жұмысым бар. Шетелде жүрсем осы жердегі продюсерлік орталығым қараусыз қалатын болды. Сол себепті, шетелмен жұмыс істеуді әлі қолға алмадым.

– «Мен тек танымал, сұлу актриса ретінде емес елге өз пайдасын тигізетін тұлға болғым келеді» деген едіңіз бір сұхбатыңызда. Кино саласында қандай пайдалы істерді жүзеге асырғыңыз келеді?

– Мен отандық өнім деп мақтана алатындай сапалы фильмдер түсіргім келеді. Жаңа, жас актерлерге мүмкіндік берсем деймін. Алда көп жоспар бар, шетелдік нарыққа да шығуды армандаймын. Қазақстандағы кино саласы біз секілді жастардың ықпалымен дамыса, менің пайдам сол болар.Картинки по запросу брат или брак 2

– Сіздің продюсерлік орталығыңыз бар. Естуімше болашақта фестивальдік көркем фильмдер жарыққа шығармақшы екенсіз. Бұл рас па?

– Шыны керек, біздің орталықтың жоспары өте көп. Бірақ идеяларымызды, жоспарларымызды орындалмай тұрып, айтқан дұрыс болмас деген ойдамын.

– Құралай, көрермендеріңіз сізден тек кино саласында ғана емес, жеке өміріңізден де жақсы жаңалықтар күтеді. 2019 жылы басы бос арулардың қатарын азайтып, тұрмыс құру ойыңызда бар ма?

– Басқа актерлер секілді қатты ашылып, сырымды бөлісіп сүйікті адамым жайлы ештеңе айта алмаймын. Мен бұл туралы ешқашан айтпайтын едім. Тіпті тұрмысқа шыққан күнде де ешкім білмейтін болады. Жеке өмірімді шығармашылықпен араластырғым келмейді. Менен «Құралай тұрмыс құрды» деген жаңалықты естімейсіздер. Кім біледі, мүмкін мен тұрмыс та құрған шығармын? (жымиды).Картинки по запросу брат или брак 2

– Жалпы тұрмыс құрып, ана атану ойыңызда бар ма? Сіз үшін отбасылы болудың маңызы қандай?

– Өмірдегі әрбір әйелдің арманы – отбасын құру, ана болу. Ана атанатын менің де күнім келер, бұйырса. Бірақ бұл жөнінде бұқаралық ақпарат көздеріне жарияламаймын. «Тұрмыс құрдым, ана атандым» деп өз-өзімді жарнамалаудан аулақпын.

– Әйелдерге арналған форумға қатысып, сөз сөйлегеніңізде көзіңізге еріксіз жас алдыңыз. «Нәзік жандылар мықты қоғамды қалыптастыратын болады» деген сөзіңіз де көпшілікке ой салды. Сол кезде не себепті көзіңізге жас алдыңыз?

– Көз жасы – адамның адалдығын білдіреді дейді. Сәл нәрсеге жылай салатын көңілшектігім бар. Есіме бір жағдай түсіп отыр. Кезінде «Жаужүрек мың бала» фильмінде кейіпкерім Қорланның өлімінен кейін біраз уақыт көз жасымды тыя алмадым. Таймас Қорланның денесін тапқаннан кейін еңіреп тұрып жылайды . Ал мен қимылсыз, өлген адамның кейпінде жатуым керек. Бірақ менің көзімнен жас тоқтамай қойды. Сол үшін режисерден ескерту алдым. Неге екенін білмеймін, тез жылап қаламын. Ал форумда жылап қалуымның өз себебі бар. Мен сөз сөйлеп жатқанымда өткен өмірім есіме түсті. Ең алғаш Астанаға арман қуып келуім, актрисалық жолым көз алдымнан сырғып өтіп жатты, осының бәрін ойлап көз жасыма ерік бердім.

– Қазір Қазақстандағы ең танымал актрисалардың бірісіз. Актриса болуды армандайтын жас қыздар сізге қарап бой түзейді. Оларға қандай ақыл-кеңесіңізді бересіз?

– «Жаужүрек мың бала» фильмінен кейін мен бірден дүйім жұртқа танымал болып кеттім. Осы танымалдықпен актрисалық мансабымды жалғастырып, бірнеше телехикая, жарнамаға түсіп жүре беруіме де болатын еді. Алайда ертеңімді, өз болашағымды ойладым. Актрисалықтан бөлек шетелде білім алып, басқа саланы да меңгердім. Жасөспірім қыздарға «Уақытша танымалдыққа талпынбаңыздар. Әрқашан өздеріңізді дамытып білім алыңыздар» дегім келеді.

– Болашақта сізді тағы қандай жобаларда көретін боламыз?

– Болашаққа бағытталған жоспарларым өте көп. Ой жеткен жерге қол жеткізуге тырысамын. Қазір тау қопаратындай бәрін сөзбен айтып, кейін оны іспен көрсете алмасам, өзіме сын болар. Сондықтан әзірге ештеңе айтпай- ақ қояйын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ

 

 

Пікір қосу