– «Азия» тобымен бірге орындаған «Опмай» әні нағыз хитке айналды. Бір айға жетер-жетпес уақытта 10 млн көрсетілім жинаған екен. Бұл ән қалай шықты?
– «Опмай» деген негізі «Ойпырмай» деген ән ғой. Бұл «Ойпырмай» деген сөздің қысқа түрі. Мен балаларымды «Опмай, опмай» деп еркелететін едім. Бұл әнге де, «ойпырмайдың» қысқа түрін пайдаландық.
Бұл ән аяқ астынан шықты. «Азия» тобының мүшесі Нұрсұлтан Батырқұлов екеуміз студияда отырып әзіл үстінде осы әнді шығарып көрдік. Әннің демо нұсқасы бәріне ұнап, екі топ болып осы әнді орындап шықсақ деген шешімге келдік. Өзіңіз айтқандай әннің жарыққа шыққанына бір айдан енді асса да, 10 млн қаралым жинап үлгерді. Халықтың бұл әнді қызығып тыңдап, біздің шығармашылығымызды бағалап жатқанына қуаныштымыз. Ең қызығы «Бақай» тобына да, «Азия» тобына да биыл 15 жыл толып жатыр екен. Енді, «Бізге 15 жыл» деп бірге концерт қоюды жоспарлап отырмыз. Көктем шықса, осы концертімізді өткізбекпіз.
– Әннің ішінде әріптестеріңіздің қаншама әндері аталып, сынға алынды. Сол әншілер арасында сізге ренішін білдіргендер болды ма?
– Жоқ, керісінше хабарласып, әнді мақтап, құттықтап жатқан әншілер көп. Ешкім бізге ренжіген жоқ. Біз біреудің көңіліне кірбің түсіретіндей, ренжітетіндей ән айтқан жоқпыз. «Әр әзілде бір шындық бар» демекші жеңіл әзілмен ащы шындықты айтқымыз келді. Осы әнімізде аталған әншілермен той-томалақта көрісіп жүрміз. Әзірге ешкім ренішін айтпады. Керісінше, оларға тегін жарнама емес пе?
Алдағы үш айдағы іс-шара, той-мерекелерге тізім жасап қойдық
–Бұл әнді шығарар кезде сіздерде қандай мақсат болды? «Хайп әндерді сынаймыз деп өздері хайп қуып отыр» деп пікір білдірушілерге не дейсіз?
– Негізі, әнді әзіл ретінде жаздық. Бір жағынан қазіргі сахнада белең алған жеңіл әндерді сынап жазғымыз келді. Біз мысалы осы уақытқа дейін, қаншама мәнді-мағыналы әндер жаздық. Алайда олардың біреуі де халыққа кең таралған жоқ. Мағынасы терең әндерді тыңдайтындар көп емес. Осы жанайқаймызды әнмен жеткізгіміз келді. Хайпқа келсек, бес саусақ бірдей емес, ән бәріне ұнауы міндетті емес. Мүмкін біздің әндерімізді ұнатпай, сынап жатқандар да бар шығар. Сынды көтере білу керек. Біз оған қарсы уәж айтпаймыз.
– Осы әннен кейін сұраныстарыңыз бірден артып кеткен болар?
– Әрине, «Гонорарларың, бағаларың енді қанша болды?» деп қызығушылық танытып жатқандар көбейді. Алдағы үш айдағы іс-шара, той-мерекелерге тізім жасап қойдық.
– «Опмай» сөзінің мағынасын түсіндік. Ән мәтінінде «79-дар қайда?» деген сөз бар. Оларды неге іздейсіз?
– Өзімізбен үзеңгілес, құрдас, кезінде 90 жылдардағы хит әндерге билеген 71-83 жылғыларды іздеген түріміз ғой (күлді).
– Төреғали, Мұқасан ағалардың бейнебаянға қатысуы кімнің идеясы?
– «Азия» тобы Мұқасан ағамен бұрыннан жұмыс істейді. Ол кісі біздің үлгі тұтар өнердегі ағамыз. «Шығып кетсін!» деген сөз осы кісіге жарасады. Бізге жас басымызбен бұлай айту әбестеу болар еді. Сондықтан, ол кісі біздің ұсынысымызды жерге тастамай бейнебаянға түсіп қолдау көрсетті. Студияда ән өңделіп жатқан кезде Төреғали әнді естіп, ұнатып «Жігіттер маған келетін жері бар екен. Осы сөзді мен айтсам қалай болады?» деп ұсыныс тастады. Шынымен де, Төреғалидің «Шығып кетсін бе, ағайын?» деген сөзі хайпқа айналып кетті. Сол сөзді өзі айтқаны жөн деп шештік. Төреш әнді айтқаннан кейін, бейнебаянға да түсетін болды. Бірақ сол күні шұғыл шаруасы шығып, бір жаққа ұшып кетті де, түсірілімге үлгермей қалды.
– Әннің мәтінін кім жазып еді?
– Мәтінді Нұрсұлтан екеуміз жаздық. Негізі біз ақындармен бірге отырып, дұрыс мәтін жазбақшы болғанбыз (күлді). Бірінші ақын Бақдәлет Арыстанға көрсетіп едік, «Бұл әнге сөз де керек жоқ» деп құтылды.Мәтінімізді Ринат Зайытов ағамызға көрсетіп едік. Ол кісі көрді де «Не мынау, дұрыс сөз жазбайсыңдар ма?» деп таңғалды. Содан студияға қайта барып, әнді әрі қарай дамытып, шумақтар қосып жаздық. Әннің мәтініне Төреғали да қол ұшын берді. Ол әнді тыңдап отырып, қайырмасының сөзін өзгертуге ұсыныс тастады.
«Әндерден мән кетті,
Сөздерден жан кетті,
Сахнадан сән кетті.
Жігіттер тұғырлы,
Арулар бұрымды,
Сыйлаңдар тіліңді!» деген соңғы қайырманы Төреш жазып берді. Төреғали «Барлық жеріне осы қайырманы қоссаңыздар» деген еді. Алайда, әлеуметтік желілерге ән өз қайырмамызбен кетіп қалды. Сол себепті екінші рет өзгерткеніміз дұрыс болмас деп ойладық. «Әнді осылай қалдырайық, алайда соңғы жағына осы шумақты қосайық» деп келістік. Төреғали бауырымызға рақмет, тек әнді орындап қана қоймай, мәтініне де көмектесті.
– Олай болса кейбір бағдарламалардың «Төреғали бейнебаянға түспей Бақай мен Азия тобын сан соқтырып кетті» деуі артық па?
– Бұл түймедейді түйедей қылып, әр нәрсені арандатып жіберетін журналистердің ісі. Біздің ешқандай да Төрешке ренішіміз жоқ. Әрі оның өзінен бөлек, өнерін де қатты сыйлаймыз.
– Тимур, жас болсаңыз да «Бақайдай» топқа мүше болып, Бек ағаның серігіне айналыпсыз. Топта жұмыс істеу қалай екен?
– «Аққайыңның қасында, жігіт пен қыз кездесті…» деп басталатын «Бақайдың» әнін тыңдап өскен балалардың бірімін, бірақ сол кезде 10 жылдан соң осы топ құрамында өнер көрсетем деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. 2013 жылы Өнер академиясын музыкалық актер мамандығы бойынша тамамдаған соң, «Балапан» телеарнасына мультфильмдерді дыбыстайтын дубляж актері болып жұмысқа келдім. Ол жерде Бек аға дыбыс режиссері болып еңбек етеді екен. Сол арада танысып, ағалы-бауыр ретінде жақсы араласып кеттік. Ағаның жеке студиясы бар екенін білген соң «Мені жеке әнші етіп шығарыңызшы» деп өтініш айтып жүрдім. Ол кісі де «Жеке жобам боласың» деп ыңғай танытып жүрді. Алайда 2015 жылы тамыз айында аяқ асты «Бақай» тобына қабылданып кеттім. Алғаш естігенде есеңгіреп қалғанмын, артынша төбем көкке жеткендей болып қуандым. Сол кезден бастап жұмысқа кірісіп кеттік. Жалпы, өзім өнерлі отбасыдан шыққанмын. Атам Зейнел Пиязов Өзбекстанның халық әртісі.
– Бұрынғы жастардың сүйікті тобы, бүгінгі жастардың да көңілінен шығып ұзақ ғұмыр кешетініне сенімдісіздер ме?
– Жаным, қалай жағдайың?
Жүректесің әрдайым,
Қайда жүрсең аман бол деп,
Әсем әнді арнайын, – деп бізге қосылып ән шырқап жүрген кешегі тыңдармандар бүгінде, иә бір-бір шаңырақтың тірегі, шырағы болып отыр. Бірақ сол тыңдармандарымыздың өзі бізді әлі күнге дейін іздеп, хабарласып жатады. Ал өнерде өзімізге тиеселі орнымыздың бар-жоқтығын тыңдармандар айтсын. Сахнаға қайта оралғаннан не ұтып, не ұтыларымыз, қандай биікке шығатынымыз да уақыттың еншісінде.
– Отбасыларыңыз жайлы айтып өтсеңіздер
– Бек: Үйленгенмін. Бес балам бар. Жақында баспаналы болдым. Бірақ «Опмайдың» арқасында емес (күлді). Ата-анам туған жерім Шымкентте тұрады.
– Тимур: Қыздардың құлағына алтын сырға, әлі отбасын құрған жоқпын. Жасым 30-дан асып бара жатыр. Бұйырса осы жылы үйленсем деп ниеттеніп отырмын.
Образдарыңызды дұрыс түсінбей жатқандар бар, бұған не айтасыздар?
– Ербол: Иә, біздің бейнебаяндағы образымызға сын айтып жатқандар бар екен. Осы уақытқа дейін көптеген актер ағаларымыз әйелдің рөлін сомдады. Олар өз кәсібилігін көрсетіп, берілген рөлді тамаша алып шықты. Мен де әртіспін. Мамандығым кәсіби актер. Актер ретінде 91 тобын ойнап шықтым. Ең қызығы 91 тобының жанкүйерлері «Сіздер топты мазақ қылдыңдар» деп жан-жақтан жазып, маған шабуыл жасап жатыр. Ал алдыңғы буын ағаларымыздың арасында да бейнебаянды аяғына дейін көрмей, образды дұрыс түсінбей жатқандар бар екен. Бұл ән қазақ өнері тарихында «стеб» түріндегі бірінші ән. Кезінде әнші Эминем Майкл Джексонды келеге етіп айтып шыққан. Ал Қазақстанда бұл бірінші рет болып тұр.
– Шыны керек, әнді шығарарда хайп үстінде хайп ұстау мақсат болмады ма? Себебі, «Азия» тобының да, «Бақай» тобының да сахнадан көрінбей кеткеніне көп болып еді.
– Біздің осы уақытқа дейінгі шығарған жақсы әндеріміз көп. Бірақ халық осы әнді көп тыңдады. «Қаншама әндеріміз неге естілмей жатыр? Халық неге тыңдамайды? Неге бәрі жеңіл әуенге әуестеніп кетті?» деген күйіктен шыққан ән. Жоқ дегенде «Азияның» студиясынан айына 2-3 ән шығады. Ғаламторға салсақ еш жерде жоқ. Сосын осындай бір ән шығарып көрейікші, тыңдай ма екен дедік. Шығардық, тыңдап жатқан сияқты.
Сұхбаттасқан Айнұры ЕСЕНҒАЛИ