– Жеке өміріңіздегі өзгерістер сізге қалай әсер етіп жатыр?
– 2014 жылдан бері өмірімде біраз қиындықтар болды. Жарымның қазасы жаныма қатты батты. Бірақ балаларым үшін ештеңеге мойымай еңсемді тік ұстауға тырыстым. Үш жыл бойы балалар Ақтауда, мен Алматыда жүрдім. Қазір басымыз қосылып, қуанып жатырмыз. Адамның шығармашылық дамуына жеке өмірі қатты әсер етеді екен. Жеке өміріңде қиындықтар болып жатқанда, шығармашылыққа ден қоя да алмайсың. Сол кездері маған өтірік болса да күліп, бақытты кейіпте ән айтудың өзі қатты қиын болды. Қазір Аллаға шүкір, өмірім оңалып келеді.
– Сіз үнемі бір істі жасамас бұрын ұзақ ойланатыныңызды айтып жүресіз. Үйлену туралы қашан шешім қабылдадыңыз?
– Үйлену жайлы үш жыл ойландым. Туыстарым басынан-ақ «Абай, жалғыз жүрмей үйлен» деп айтып жүретін. Мен жарым қайтыс бола салысымен бірден үйленгім келмеді. Үш жыл өткеннен кейін ғана үлкен кісілермен, ақсақалдармен, туыстарыммен ақылдастым. Олар менің шешімімді қолдады. Қайынжұртыма да өз ойымды айтып көрдім. Бірақ ол кісілер менің үйленуіме үзілді-кесілді қарсы болды.
Негізі, үйленуіме басты себеп болған кішкентай қыздарым. Ойлана келе қыздарым үшін үйленуге бел будым. Қыз баланың тәрбиесі өте жауапты дүние. Анасындай бола алмаса да, қамқор болып жүретін әйелдің болғанын қаладым. Мен жоқ кезде қыздарыма қарайласып, көмектесетін жақын адам болса дедім. Қыздарым өсіп келе жатыр, маған айта алмайтын дүниелері де болады. Қанша дегенмен ер азамат қыз баланың жанын әйелдей түсіне алмайды ғой. Сол ниетпен үйленуге бел будым.
– Жарыңызбен қалай таныстыңыз?
– Жарымның есімі – Фариза. Екеуміз Қостанайда бір досымның тойында таныстық. Досымның келіншегі Нұр Мүбәрәк университетін бітірген екен. Фариза сол қалыңдықтың курстасы әрі досы ретінде тойда қызжолдас болып келді. Біз сонда танысып, жақсы тіл табыстық. Өзі араб тілінен сабақ беретін ұстаз екен. Қазақы отбасыдан шыққан қазақтың қарапайым ибалы қызы. Осы таныстықтан соң көп ұзамай үйленемін деп шешім қабылдадым.
– Ол кісінің қандай қасиетін жоғары бағаладыңыз?
– Мен бәрінен бұрын екі қызымды ойладым. Мен концертке, тойға кеткенде оларға еш зәбір көрсетпей, қамқоршы болатын жақсы мінезді әйел заты болғанын қаладым. Бірақ адам реті болмады. Тұрмысқа шыққаны, шықпағаны болды. Көп қыз болды. Өзім де жас жігіт емеспін, балаларым бар. Сондықтан жар таңдауда маған үлкен жауапкершілік болды. Бұйырғаны сол болды. Әдейі жас қыз алайын деген ойым болған жоқ. Оның маған имандылығы, ибалылығы ұнады. Діни білімі, сауаттылығы ұнады. Иман жолында жүрген адам болғаны маған жақын болды. Болашақта қыздарыма да жақсы тәрбие бере алады деп ойладым. Осы қасиетін жоғары бағалап, үйленуге ұсыныс жасадым.
– Жарыңыздың қыздарыңызбен қарым-қатынасы жақсы ма? Тез тіл табысып кетті ме?
– Жарым мен үйдегі екі қызым танысқан кезден-ақ тез тіл табысып, жарасып кетті. Мен бірден үйленемін деп үйлене салған жоқпын, ең алдымен қыздарыммен сөйлестім, бәрін түсіндірдім. Қандай бала болсын анасының орнына басқа әйелді көргенін қаламайды ғой. Осы жайлы балаларыммен ұзақ уақыт сөйлестім. Соңында олар мені түсініп, келісімін берді. Үйленгеннен кейін туыстар арасында менімен қарым-қатынасын үзгендер де болды. Қайынжұртым қатты қарсылық танытты. Тіпті үлкен қызымды да маған қарсы қойған жақындарым болды. Несін жасырайын, қызымыз екеуіміздің арамызды алшақтатқысы келетін азғырушылар бар. Соның кесірінен қызыммен қарым-қатынасым бұзылды. Үлкен қызыма бәрін түсіндіріп ақыл айтатын адам табылмай тұр. Алайда мұның бәрі уақытша нәрсе деп ойлаймын. Мен өзім үшін емес, кішкентайларым үшін қайтадан отау құрғанымды олар түсінер емес. Мен осы уақытқа дейін не істесем де балаларым үшін істедім. Тырбанып еңбек етіп жатқаным да осы балалардың қамы. Ерте ме, кеш пе – бәрі оңалар деп үміттенемін. Үлкен қызым да мені түсінетін кез келер.
– Бұлай болғаны өкінішті, аға. Көп ұзамай мұның бәрі оңалар. Алматыға қоныс аударыпсыз. Жаңа қонысыңыз ұнап жатыр ма?
– Соңғы уақыттары Ақтауға қарағанда Алматыда көп болдым. Сондықтан ба қоныс аударғалы бері ешқандай өзгеріс болмады. Ақтаудағы үйімізде қазір туыстарым тұрады. Ол үйіміз сол қалпында қалды. Бар болғаны қыздарымды Алматыға алып келдім. Өзім екі қалада да жүремін.
– Қызыңыз Сымбат өнерге қадам басыпты. Оның ән айтуына қалай қарадыңыз?
– Қызымның дауысы ерекше, ішінде бір мұң бар. Әнді жүрегімен түсініп айтады. Мен Сымбатты вокальға беріп, не музыкалық мектепте оқытпадым. «Өнерге жақындама, қажет емес» деп бірнеше рет айттым. Ол көнбеген соң қанша рет дауыс көтеріп түсіндірдім. Бірақ оның талабын көріп, бетін қайтара алмадым. Ән жазуға барған кезде өзім таңғалдым. Айтып көрсін деп екі әнді беріп көріп едік, ойдағыдай орындап шықты. Дауысын естіп, сүйсініп қалдым. Енді оның жолын байлағым келмейді. Осы жылдан бастап вокалдан біраз сабақ алса, музыкадан сауатты болса деп ойлап отырмын. Кішкентай қызым Амина да Сымбат секілді ән айтамын деп қояды. Қыздарымды өнерден алыстатқан сайын керісінше жақын болып барады (күлді).
– Жаңа 2019 жылға қандай жоспарларыңыз бар?
– Бұл жылы екі кішкентай Нұрмұхамед пен Сымбаттың шығармашылығына көмектессем деймін. Жаңа жылда Алматы мен Астанада концерт бермек ойым бар. Шыны керек 2018 жылы шығармашылықпен тыңғылықты айналыса алмадым. Отбасылық үлкен өзгерістер, туыстар арасындағы түсініспеушіліктерді шешу маған қатты әсер етті. Алдағы уақытта шығармашылығымды қолға алмақпын.
– Осы жылы болған қандай қоғамдық-саяси оқиғалар сізге әсер етті?
– Осы жылы көңіл түсіретін жағдайлар көп болды. Біз де еліміздің азаматы ретінде болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамаймыз. Қытайдан келген қазақ қызы Сайрагүлдің ауыр тағдыры жайлы естіп алаңдадым. Денис Теннің қазасы жанымызды ауыртты. Ал өнерде әнші қыздарымыздың ашық-шашық киінуі мені қатты алаңдатады. Өнердегі қыздарымыз ең бірінші дауысына, өзін дамытуға мән берсе екен деймін. Өнер адамдарының арасында бір-біріне өтірік күліп, сыртынан жамандайтын екіжүзділік мінез бар. Экранда басқа, өмірде басқа болуды түсіне алмаймын.
Одан бөлек, айтылып жүрген әндердің тойдың әні және сахнаның әні деп бөлінуіне қарсымын. Қазақтың сал-серілерінің бәрі тойдан шықты емес пе? «Мен тойдың әншісі емеспін» дейтіндердің көпшілігі тойға барады, тойдан табыс табады. «Мен сахна әншісімін, ал Абай Бегейлер тойдың әншісі» деген сөздерді жиі естимін. Онда халықты да мынау концерттің халқы, мынау тойдың халқы деп бөлейік. Егер олар тойға мүлдем бармай, тек концерттерге қатысып жүрсе олай айтуы орынды болар еді. Мен бұл жерде ешкімді жамандағым келмейді. Бірақ той әншісі деген сөз көңілге тиеді екен. Өнердегі аға буындарымыз бізді сынай бергенше қолдау білдіріп ақылын айта білсе екен дейміз.
– Әңгімеңізге рақмет, аға!
Сұхбаттасқан
Айнұры ЕСЕНҒАЛИ
(«Жұлдыздар отбасы» журналы)