Халық алдында есеп беріп жатқан Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қаланың және оның тұрғындарының кез келген мәселесін шешуге уәде берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«Астана — бұл ерекше қала және біз өз энергиямызды оны кешегіден де жақсы жасау үшін жұмсауымыз қажет. Бұрынғы қаржы министрі ретінде есеп беруімізді әдеттегідей, құрғақ цифрлардан бастау үйреншікті болар еді. Дегенмен, қала және оның экономикасы — бұл, ең алдымен, адамдар. Сондықтан біз екі маңызды құжатты әзірлеуге кірістік. Біріншісі — 2050 жылға дейін Астананы дамыту стратегиясы. Екіншісі — қаланы дамытудың ыңғайлы жоспары. Біріншісі — бұл біздің қалай қарай жылжитынымыздың көрінісі, ал екіншісі — оған қалай жетудің тыңғылықты жоспары», — деді Б.Сұлтанов.
Осы ретте әкім ҚР Президенті халықпен кері байланыс орнатуға айрықша басымдық беріп отырғанын атап өтті. Аталған үдде аясында шығу үшін осы жылдың басынан-ақ аудан әкімдері мен қала әкімінің орынбасарлары 33 есептік кездесу өткізді.
«Әрине, жеке кездесулер ең тиімді формат емес. Сондықтан біз «iKomek» қызметін іске қостық. Кез келген қала тұрғыны «109» нөмірін теріп, өз проблемасын хабарлай алады. Өткен жылғы цифр таңғаларлық. 1 млн өтініш түсіп, олар 100 пайыз орындалды», — деді қала басшысы.
Сонымен қатар Бақыт Сұлтанов қала тұрғындарын әкімдіктің жұмысына қатысты өз пікірлерін ашық білдіруге шақырды.
«Шешілмейтін мәселе жоқ, ағайын. Әр мәселені жерге тастамай, түбіне дейін жетеміз, уәде беремін. Әр мәселені қарап, жолын табатын боламыз», — деді ол.